Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалы өткізген кезекті баспасөз мәслихаты барысында облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің өкілдері мереке күндері өңір аумағында орын алуы мүмкін төтенше оқиғалардың алдын алу бойынша атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндады.
Департаменттің мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Игорь Балеев өңіріміздегі барлық өрттің шамамен 60 пайыздан астамы тұрғын үй секторында орын алатынын айтты. Бұл көрсеткіш мереке күндері тіпті арта түседі. Осыдан-ақ мерекелік думанның қаупін бағамдай беріңіз.
– Департаменттің инспекторлары жыл бойы үй-үйді, адамдардың көп шоғырланатын жерлерін аралап, ақпараттық-түсіндіру шараларын жүргізеді. Мәселен, жыл басынан бері облысымызда 652 өрт оқиғасы тіркелсе, оның 411-і тұрғын үй секторының үлесінде. Келтірілген материалдық шығын 91 миллион теңгені құрады. Өкінішке қарай, биыл өрттен 31 адам қаза тапса, олардың жетеуі – бала. Жалпы 18 тұрғын түрлі дәрежедегі дене жарақатын алды, – деді Игорь Балеев.
Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда өрт салдарынан мерт болғандардың саны – 11 пайызға, дене жарақатын алғандар 18 пайызға азайған. Келеңсіз оқиғалар отты абайсыз қолданудың салдарынан болады. Қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында жылыту маусымы басталғалы рейд ұйымдастырылып, 46 мың адамға өрт қауіпсіздігі жөнінде жадынамалар таратылған.
Пиротехникалық заттар да әртүрлі қиындықтар тудырады. Бұл заттар мейлінше бақылауға алынған. Себебі, былтыр облыс орталығында пиротехниканың жарықшағы көпқабатты үйдің балконына түсіп, пәтер отқа оранған болатын. Құтқарушылар жүргізген 41 тексерістің барысында сатушылардан сапасын дәлелдейтін құжаттары жоқ 3482 пиротехникалық зат тәркіленді. Ал сату ережелерін бұзғандар әкімшілік жазаға тартылады.
Бүгінде бұқаралық шаралар өтетін орындар алдын ала тексеріліп, шыршалар, оған ілінген шамдардың жарамдылығы бақылауға алынды. Жаңа жыл түні облыс аумағында 700-ден астам өртсөндіруші кезекшілікке шығады.
Төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғау басқармасының бастығы Асхат Ержанов өз кезегінде ескертуге қарамастан, боранды күндері жолға шығатындар да бар екенін айтты.
– Құтқарушылар қыс түскеннен бері облыстың тасжолдарында автокөліктердің жүруіне 9 рет шектеу, “sмs” хабарлама арқылы 18 ескерту жариялады. Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында облыс аумағындағы су айдындарында 15 автокөлік өткелі және 12 жаяу жүргінші жолы жасалып, 153 ескерту белгісі, 2500 арнайы қалқан орнатылды. Әуесқой балықшыларға мұз үстінде балық аулаудың, көлікпен жүрудің аса қауіпті екенін ескертудеміз. Өкінішке қарай, соңғы бес жылдың ішінде облысымызда 6 төтенше жағдай тіркеліп, 7 адам қаза тапты, – деді Асхат Ержанов.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.