М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің “Журналистика” кафедрасының ұйымдастыруымен жерлес жазушы, публицист Бақыт Мұстафинді еске алуға арналған әдеби кеш өтті. Жиында жерлесіміздің жақында қайта басылып шыққан “Досыңды шақыр” атты балаларға арналған кітабы таныстырылды.
Әдеби кешке Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Жақсылық Ысқақов, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Кемел Оспанов, Бақыт Мұстафиннің жары Дәмелі Бүркенқызы және университет ұстаздары мен студенттері қатысты.
Бақыт Мұстафиннің туындылары қазақ балалар әдебиетінің алтын қорына қосылған. Облыстық әкімдіктің қолдауымен басылып шыққан “Досыңды шақыр” кітабының да өз оқырмандарын табары сөзсіз. Басылым редакторы тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Мәлікова әңгімелер жинағының мектеп мұғалімдері мен бастауыш сынып оқушыларына үлкен сый болғанын айтты. Кітап бүлдіршіндердің жас және психологиялық ерекшеліктеріне сәйкестендіріліп, қанық бояумен әсем безендірілген.
Жазира КӨКБАСҚЫЗЫ,
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің аға оқытушысы.