Ақан сері атындағы облыстық филармонияда «Сағындырған әндер-ай» атты концерт өтті. Мәдени шарада өткен ғасырдың 60-80 жылдары қазақ әнінің көкжиегін кеңейтіп, өресін биіктеткен өнер саңлақтары Әбілахат Есбаев, Бақытжан Байқадамов, Әсет Бейсеуов, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Сейдолла Бәйтереков, Ескендір Хасанғалиев, Кеңес Дүйсекеев сынды сазгерлердің туындылары орындалды.
– Ардақты тұлғалардың ғажап әндері жабырқаған жанның жүрегіне үміт отын жағып, көңілге асқақ арман, мөлдір сезім сыйлады. Халқымыздың музыкалық өнері жаңа биіктерді бағындырып, сазгерлер есімі қазақ халқының жанымен үндесіп жатты. Біз бұл ән кешін ерекше форматта өткізуге тырыстық. Кеш барысында караоке қосылып, көрермендердің өздеріне ән айтқыздық, – деді шара жүргізушісі Еркебұлан Қарып.
Дәстүрлі әнші Жанат Айтбаев орындаған «Ауылым» әні кештің шырайын кіргізе түсті. Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен Ғалымжан Нұрпейіс, Ерасыл Алпысбай, Нариман Жолдасбеков, Медет Ибадуллаев, «MiAMi» тобы, Асхат пен Динара Таушевтардың орындаған әндері көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
– Ескірмейтін ескі әндер тек сезім қылын шертіп қана қоймайды. Кең көңіл, ұлттық дүниетаным, өмірлік ұстанымнан хабар беретін үлкен күш. Ән – толқыныс, ән – арпалыс, ән – парасат биігінің жемісі. Солтүстікқазақстандықтарға көңілді кеш сыйлаған өнерпаздарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».