Біздің облысымызда жетпістен астам елді мекен әлі күнге дейін тоталитарлық сипаттағы атауларға ие екенін “Солтүстік Қазақстан” газетінен оқыған едім. Одан бөлек, бір Лениннің атында – 79, Совет атауын иеленген – 74, Комсомол құрметіне қойылған – 68, Октябрь деп аталатын 52 ауыл мен көше бар екенін естігенде жағамды ұстадым. Тәуелсіз мемлекеттің ұстанған бағытына сай келмейтін кеңестік дәуірдің сарқыншағы іспетті бұл атауларды өзгерту мәселесі ұзақ жылдардан бері шешімін таппай келеді.
Әрине, тәуелсіздіктің ширек ғасырында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында ономастика саласында да қыруар істер атқарылғанын жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, тіл төңірегінде түйткілді мәселелер әлі де болса бар. Алысқа бармай-ақ, өзім тұрып жатқан Петерфельд ауылын мысалға алар болсам, әлі күнге дейін ономастика мәселесі ақсап тұр. Жақында ауылдық округте өткен жиналыста күн тәртібіне ескірген көше атауларын өзгерту мәселесі қойылған болатын. Біздің ауылдағы Молодежная, Торговая, Школьная, Восточная, Октябрьская, Коминтерна сынды көшелердің соңғы екеуінің атауын ауыстыру туралы шешім қабылданды. Ал бұған дейін жергілікті билік тұрғындардың енжарлығын алға тартатын. Менің ойымша, көше аттарын өзгертуге жергілікті тұрғындар қарсы емес, тек құжат ауыстыру жұмыстары қаражат мәселесіне тіреліп, қолбайлау болып тұр.
Өз басым, осындай өзгерістер заман талабы екенін түсінетін кез жетті деп ойлаймын. Өсіп келе жатқан жастарымыздың келешегі үшін көшелерді қайта атағанда егемендік жолында жазықсыз құрбан болған арыстарымызды ұмытпағанымыз жөн. Мысалы, мен тұратын Октябрьская көшесі қазақтың ұлы ақыны, кемеңгер ағартушы, жерлесіміз Мағжан Жұмабаевтың есімімен аталса деген ұсынысым бар.
Петерфельд ауылының атауын өзгертуді де қолға алған жөн болар еді. Көз көргендердің айтуынша, 1908 жылы осы аумақтан жер сатып алған немістер көпестің атын мәңгі есте қалдыру үшін бұл аумақты Петерфельд (Петрово поле) деп атап кеткен дейді. Осы Петерфельдтің маңайында бұрын ауыл болғанына менің шүбәм жоқ, мұнда ескі қазақ зираттарының орны кездеседі. Жоғарыда аталған мәселелерді назарға алып, оң шешімін ұсыну міндеті аудан басшыларының құзырында.
Мұхтар Әуезовтің “Ел боламын десең, бесігіңді түзе!” деген ғибратты сөзі осындайда тағы бір мәрте ойға оралады. Кеңес дәуірін еске салатын көше атауларын өзгертуге билік те, тұрғындар да ықылас танытса, бұл мәселе толық шешіліп қалмағанмен, сең сөгілер еді.
Р.S: Бұл шағын мақаланы мен негізінде өзіміздің ауданда шығып тұратын “Қызылжар” газетіне жолдаған едім. Неге екенін түсінбедім, газетке беттеліп, шығып бара жатқан мақаланы аудандық ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы А. М. Криворотько алдырып тастапты. Осыдан мен аудандық ішкі саясат бөлімінің еліміздің Ата Заңы кепілдік берген азаматтардың сөз, шығармашылық бостандығын шектеп отырғанын, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” Заңын белден басып, аудандық газетке цензура жасап отырғанын аңғардым. Бұл қалай?
Сағат ҚУАНДЫҚОВ,
еңбек ардагері, ауылдық округ жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі.
Қызылжар ауданы,
Петерфельд ауылы.