«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСКІ АТАУЛАРДАН ҚАШАН АРЫЛАМЫЗ?

“Түркістан”, “Сарайшық”, “Орынбор”, “Сығанақ”, “Қабанбай батыр” көше атауларын осылайша дауыстап оқып келе жатқан үлкен қызым: “Анашым, Астана қаласының көшелеріне тарихи атаулар беріліпті ғой”, – деді. Бала аңғарымпаз келеді ғой. Еліміздің елордасында ұлттық болмысымызға тән атаулардың көп екенін түсініп, соны мақтан тұтқанына мен де іштей марқайып қалдым. Осыдан кейін біздің Петропавл қаласының меймандары көшедегі ескі атаулар туралы не ойлайды екен деген ой келді.

Тәуелсіздік алғаннан бері талай тілшінің мақаласына арқау болған тақырыптың бірі – ономастика мәселесі. Айта-айта жауыр болды, дегенімізбен айтпаса сөздің атасы өлетінін де ұмытпауымыз керек. Елді мекен, көше атауларын қазақшалау қажеттігін айтып, талай мәрте даурықтық, бірақ “баяғы жартас сол жартас” күйінде қалғанына облыстық тілдерді дамыту басқармасының ономастика мәселелері жөніндегі бөлімінің деректері арқылы көз жеткізуге болады. Бөлім басшысы Ернияз Сұлтанов атап өткендей, облыс орталығында 320 көше бар екен, соның 1992 жылдан 2015 жылға дейін, яғни 23 жылда бар болғаны 57-сі ғана өзгертілген. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұрынғы Ленин көшесі – Қазақстан Конституциясы, Киров – Жамбыл, Университет – Абай болып қайта аталды. Бұлар бүгінгі күні қаламыздағы орталық көшелер, түрлі әкімшілік ғимараттар мен мәдени, демалыс орындары, сауда орталықтары орналасқандықтан осы жерлерден адам аяғы сиремейді. Сондықтан көрнекті жерлерге дұрыс атау берілгені өз абырой-беделімізді арттырары даусыз.

Облыс орталығында әлі күнге дейін кеңестік дәуірді әспеттейтін Партизан, Коммунист, Чапаев, Фрунзе секілді көшелер де бар. Әрине, ономастика комиссиясын жөнсіз кінәлауға болмайды. “Тұрғындар тілдер басқармасына хат жазып, ұсыныс білдірсе, неге ескі атауларды жаңартпасқа?!” – дейді Ернияз Сұлтанов. Мәселе халықтың енжарлығында екен. Өзіміз көріп жүргендей, соңғы жылдары елді мекен, көше, мәдени-рухани орындарға ат беруде жайбасарлық байқалады. Әрі көше атауларын өзгертуге мораторий жарияланғанын ескерсек, бұл да қолбайлау көрінеді. “Облыстық тілдерді дамыту басқармасының мамандары бүгінгі күні елді мекен, көше атауларына өзгерту енгізу уақытша тоқтағанымен, өңіріміздегі мағынасыз жер-су аттарын түгендеп, сараптау, талдау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ондай елді мекендер мен көшелер жетіп артылады”, – дейді ономастика бөлімінің бас маманы Фарида Тұяқова.

Петропавл қаласындағы классикалық гимназияға жерлес жазушы Сафуан Шаймерденовтің, ал №20 мектепке қазақтың біртуар ұлдарының бірі, көрнекті мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеневтің есімдері берілгені белгілі. Бүгінде бұл оқу орындарында мыңға тарта шәкірт оқып жүр. Олар өздері білім алатын мектептің белгілі тұлғалардың есімімен аталатынын мақтан тұтатындары сөзсіз.

– Мектебіміз солтүстікқазақстандықтардың ғана емес, еліміздің мақтанышына айналған Сафуан Шаймерденовтің атымен аталғандықтан, оқу орнында жазушыға арналған мұражай бар. Қаламгер жайлы шәкірттерге сынып сағаттары мен қосымша сабақтарда тереңірек білім беріледі, бұл тәрбие жұмысының ертеңгі ұрпақ үшін тәлімдік, өнегелік мәні зор. Өткен оқу жылынан бастап Сафуантану факультативтік сабағы енгізілді, әрі білімді, дарынды шәкірттерге Сафуан Шаймерденовтің арнайы шәкіртақысы тағайындалды, – дейді мектеп директоры Күлтәй Мұқанова. Шынымен де, ұстаз сөзінің жаны бар, өскелең ұрпақ өзі тұратын көшені, қаланы, мектепті мақтан тұтып өсуі керек. “Бұл да бала бойына отаншылдық сезімді қалыптастырудың тиімді жолы” деген ұстаздар пікірімен келісуге болады.

– Халқымызда өскелең ұрпаққа еңбегімен үлгі боларлық тұлғалар аз емес. Сол кісілердің есімі ескеріліп жатса, барымыз бүтінделіп, жоғымыз түгенделер еді, – дейді облысымыздағы ардагер ұстаздардың бірі Қарақат Шалабаев. Қарт ұстаз Қожаберген жырау, Сегіз сері, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шаймерденов сынды әдебиет алыптарының шоғыры дүниеге келген Жамбыл ауданында да ономастика мәселесінің шешімін таппай келе жатқанына қынжылыс білдірді. Шынымен де, Жамбыл ауданының орталығы – Пресновка ауылына жету үшін жол бойындағы Кладбинка, Дубровное, Новорыбинка, тағы да басқа орысша атауларды иеленген ауылдарды басып өтесің. Кладбинка ауылының бұлай аталуы сырттан келген адамдарға таңданыс туғызғанына талай рет куә болдық.

“Биыл – еліміз үшін мерейлі жыл, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алғанына ширек ғасыр толады. Айтулы оқиғаларды ұлықтап, елді мекен, көше атауларын бір жаңартып тастаудың реті келіп тұрған жоқ па”, – дейді Қарақат Шалабаев.

Ардагер бүгінгі күні Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл ауылында тұрады. “Петропавл қаласына жақын орналасқан елді мекен де ономастика жағынан ақсап тұр”, – дейді байырғы ұстаз. Соңғы жылдары ауылға сырттан көшіп келіп жатқандар көп. Әсіресе, іргесі сөгілген қазақ ауылдарының тұрғындары ескі Бескөл аталып кеткен шағынауданнан үй салып алып, тұрып жатыр. Ленин, Дзержинский, Калинин, Степан Разин, Комсомол, Ульянов көшелерінің тұрғындары өз араларында көше атауларына көңілтолмаушылық білдіріп, “Калининді мекендедім, өз-өзіме бөтен бе едім” деп әндетіп те қояды.

Бұл мәселе жайында Қызылжар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Орал Жанатовқа жолыққан едік. “Тұрғындар тарапынан ұсыныс болмағандықтан, Бескөл ауылының бірде-бір көшесінің атауы жиырма жылдан астам уақыт бойы өзгертілген жоқ”, – дейді Орал Сәбитұлы.

Ал Калинин көшесінің тұрғыны Зағипа Махметқызы “Тәуелсіздік алғаннан кейін туған елді аңсап Өзбекстаннан көшіп келген қандастарымыздың бірі. “Мені қойшы, көршілерімнің мектеп жасындағы балалары да Калининнің кім екенінен хабарсыз”, – дейді ол. Ал кеңес дәуірі тұсында:

“Үйімізде, төрімізде

Портретте тұрған кім?

Ол Ленин атамыз,

Ол Ленин бабамыз!” – деп дәріптеген Ленин атамыздың атындағы көше ескі Бескөлде де бар. “Байырғы тұрғындардың ескі атауларды өзгертуге қарсылығы жоқ. Ең бастысы, әрқайсымыз енжарлықтан арылып, қоғамға, жас ұрпаққа жанашырлық білдіруіміз керек”, – дейді Зағипа Ахметова.

Бескөл ауылында бүгінгі күні 120-ға жуық көше бар. Соның бертін бой көтерген “Жаңа Бескөл”, “Оңтүстік”, “Оңтүстік-Шығыс”, “Жастар тұрғын үй кешені” секілді шағынаудандарында көрнекті көшелер аз емес. Ал байырғылары бәз баяғыша, бұл атаулардың қашан өзгертілетіні беймәлім. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Мұхтар Әуезовтің “Ел боламын десең, бесігіңді түзе”, – деген ғибратты сөзі осындайда тағы бір мәрте ойға оралады. Кеңес дәуірін еске салатын көше есімдерін өзгертуге билік емес, тұрғындар ықылас танытса, бұл мәселе толық шешіліп қалмағанмен, сең сөгілер еді.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp