«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСКІ ЖАРА

Кезекті еңбек демалысын алысымен жұбайым екеуіміз қызмет бабымен шетте жүрген баламызға барып, немеремізді иіскеп қайтайық деп пойызбен жолға шықтық. Түні бойы ұйықтап, Астанаға таңертең ерте жеткенімізбен, Өскеменге баратын пойыз келіп оған біз отырған вагонды тіркегенше бір тұйықта қаңтарылған аттай біраз бөгеліп қалдық. Әйтеуір, жүретін уақыт келіп жеткенде қасымыздағы босаған орынға жетпістерден асқан қарт адам жайғасты. Қарияның мінезі ашық екен, бірден әңгімеге үйіріп әкетті. Осылай ескі таныстардай шүйіркелесіп отырғанымызда көрші купеден шаң-шұң айғай естілді. Шешесі болуы керек, баласына ұрсып жатыр. Айғай үдеп барады. Өйткені, айылын жиятын бала жоқ. Сол-ақ екен, көршіміздің көңілі нілдей бұзылып сала берді. Сөйтіп, әңгімеміз сап тыйылды.

Астананы артқа тастаған пойыз біраз жерді еңсергенімен, көршіміз енді әңгімеге ниет таныта қоймады. Байқаймын, қабағында кірбің бар.  

– Ренжіп қалған сияқтысыз ғой, – дедім.

– Жалындаған жастық шақта адамдар бір-бірінің мінез-құлқына, іс-әрекетіне, сөйлеген сөзіне онша назар аудара бермейді ғой. Көрші купедегі ана мен баланың бірін-бірі түсіне алмай, сөз жарыстырып жатқаны ескі бір жараны сыздатып жібергені рас, – деген ол әңгімесін қайта жалғастырды.

Бізбен бірге келе жатқан қарт отбасындағы үш қыздан кейін туған, әке-шешесінің Құдайдан тілеп алған жалғыз ұлы екен. “Шаңырақтың иесі, әулетіміздің жалғасы” деген әке-шеше жалғыз ұлды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, “сенің табаныңа кірген шөгір біздің маңдайымызға қадалсын” деп өсіреді.

– Оқуым да жаман болмады, әсіресе, есепке жүйрік болдым. Жоғары оқу орнына түсіп, қызыл дипломмен елге оралдым. Жұмысқа орналасып, жап-жақсы қызмет атқардым. Тасым өрге домалап, басшылар тарапынан мадақтаулар алып, көзге түстім. Қызмет бабымен талай жерлерде болып, таққа да отырдым, – деді ол.

“Ары таза нар жүгін көтереді” дегендей, оның бурыл тартқан шаштары түнде ұйқы, күндіз күлкі көрмей, елім деп елегізіп, халқы үшін қызмет қылғанының белгісіндей көрінді маған. Бетіндегі әжім іздері көзінен төгілген мейірім нұры мен жүрегінен ескен имандылық шуағының көлеңкесінде білінбей кетеді екен. “Адамның жасы егде тартқан сайын мейірімі арта береді. Мейірімділік – адам бойындағы ең ұлы қасиет” дегенді оқығаным бар еді. Омар ақсақалдың сабырлы, салиқалы, ойлы келбетіне қарап, әр пенде сияқты оның да басынан талай өкінішті сәттерді өткергеніне сену қиын. Дегенмен, ол жүрегіне батпандай салмағын салған өкініштердің бірін бізге жайып салды.

– Тізбелей берсек, бұл жалғанда өкінішті сәттер кімнің болсын басында болады. Біреулер мамандығын дұрыс таңдамағанына, екіншілері болып тұрған мүмкіндіктерге қарамай, қате қадам жасағандарына өкінеді. Ойнап жүріп от басқандар, “қолда барда алтынның қадірін біліп бағалай алмағандар”, түкке тұрғысыз себептермен шаңырағын шайқалтқандар, жастықтың буымен бауыр еті баласына дұрыс тәрбие бере алмағандар… Бұл тізім осылай жалғаса береді. Бірақ қанша түзетем десек те, өткенді қайтарып ала алмай, соның бәрін тым кеш ұғатынымыз өкінішті, – деп әңгімесін сабақтады. – Зайыбым Жібек екеуіміз институтта оқып жүргенде таныстық. Оған бір көргеннен-ақ ғашық болдым. Ақыры арманымның ақ құсын алақаныма қондырдым, – деді ол.

Жас жұбайлар тұла бойы тұңғыштары Айсәулені үш жыл тосады. Омардың анасы Иіс көпті көрген, жол-жоралғы, ырым-тыйымның бәрін білетін сұңғыла жан екен. “Балам – балым, баламның баласы – жаным” дегендей, бұған дейін жиі сырқаттанып жатып қалатын ана сауығып, жасарып кеткендей, өзін өте сергек сезініп, жалғыз ұлдан зарығып көрген немересіне жанын садаға етіп, құрақ ұшады. Қазақтың барлық салт-дәстүрін бұлжытпай орындайды. Келінін де бала қырқынан шыққанша желге-күнге тигізбей күтіп, бар шаруаны өзі жайғастырып, арасында немересін емірене иіскеуге де уақыт табады.

– Сәбиді қырқынан шығару рәсіміне шешемнің он саусағынан өнер тамған абысыны, басқа да көңілі жақын әйелдер, көрші-көлем жиналды. Олар Айсәулені орталарына алып, қарын шашын қырқып, тырнақтарын алып жатыр. Тірі жан иесі емес пе, “мазамды алмаңдаршы” дегендей, ол да кіп-кішкентай саусақтарын түйіп алып, қолдарын бауырына тартып, тырмысып бағуда. Мен де осының бәрін қызық көріп, үстерінен төніп тұрмын. Енді оны шомылдырып, қырық қасық сумен шайындыруға кезек келді. Абыр-сабырмен жүріп баланы шайындыратын су құйылмай қалыпты. Жібек жүгіріп барып шкафтан үлкен кесені ала бергені сол еді, анамның: “Оған тиме!” – деген жан дауысы шықты. Келіншегім не істерін білмей, орнында қаққан қазықтай тұрды да қалды. Жібектің мүсәпір кейпін көрген мені бір ашу қысты. Көз ілеспес шапшаңдықпен, бір-ақ аттап оның қолындағы кесені жұлып алдым да, жерге бір соқтым. Сосын анама: “Немене, зарығып көрген немереңнен аяғаның осы ма?” – дедім де, есікті қатты серпіп, далаға шығып кеттім …

Ашудың екпінімен үйден біраз жерге ұзап кеткенімді енді байқадым. Манағыдай емес, ашуым да тарқап қалыпты. “Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос” дегендей, енді манағы оқиғаны есіме алып, өкіне бастадым. Үйге келсем, бағанадағы көтеріңкі көңіл-күйдің ізі де қалмаған, жым-жылас. Қонақтар тарқап, анам жатып қалыпты. Кешірім сұрайын деген оймен қасына жақындап, “Апа” дедім, бірақ ол қозғалмады.

Осы оқиғадан кейін анам күрт өзгерді, менімен мүлде ашылып сөйлеспейді, қабағы қатулы. Өмірдің бар қуанышын өзім күлпаршасын шығарып қоқысқа лақтырып тастаған кесемен бірге жоғалтып алғандай, өзімен-өзі томаға-тұйық болып отырады да қояды. Жиі-жиі төсек тартып жатып қалатын болды… Қазір ойлап отырсам, жастықпен істеген сол қылығыммен анамның өзгелер алдындағы беделін айрандай төккенімді білмеппін. Тіпті, оның денсаулығының күрт төмендеп, өмірден өтуіне де менің осы қылығым себепші болды ма деймін. Анамның бір кесеге бола шыр-пыр болған себебін кейін білсем, оны кезінде әкем сыйлаған екен. Кесе анамның әкемнің көзіндей көріп жүрген құнды жәдігері іспетті болыпты.

Дана халқымыздың: “Оң қолың ашу шақырса, сол қолың арашаға түссін”, “Сабыр түбі – сары алтын” деген нақыл сөздері осындайдан шыққан-ау, сірә? Мұны сендерге айтып отырған себебім, менің қателігімді кейінгілер қайталамасын, жарасы жазылмайтын өкінішке қалмасын деген ой.

Өмірдің талай қиындығы мен қызығын көріп, өз қателігін өзгеге сабақ қылған қария кезекті станцияда бізбен қоштасып, түсіп қалды.

Терезеден сыртқа көз салдым. Жүрдек пойыз тауды жарып жүйткіп келеді. Омар қарттың әңгімесінің әсерінен арыла алмай тұрған маған дестелеп, әдейілеп қолмен үйіп қойғандай тау жотасындағы жақпар тастар да ішіне бір сыр бүккендей болып көрінді. Манағы шайдай ашық аспанды қайдан келгені белгісіз қара қошқыл бұлт торлап, аяқастынан нөсерлетіп жаңбыр жауды.

Менің де ішкі жан дүнием табиғаттың тылсым күшімен үйлесім тапқандай алас-күлес. Бейтаныс жолаушының әңгімесі ойымды сан-саққа жүгіртті. “Қайран ана! Мен де жастықпен сенің бетіңді талай қайтарыппын-ау. Сол қылығымды өмірден өтеріңде кеше алдың ба екен? Ақтық демің шығарда, қасыңда болып, бақұлдаса да алмап едім. Кеш, жан анам, кеше гөр!” – деп күбірлеген өз даусымнан өзім шошып, селк еттім…

“Жәннат ананың аяғының астында” деген нақылды білмейтін мұсылман жоқ. Бірақ осы ұлағаттың мағынасына көпшілігіміз үңіле бермейміз. Қасиетті Құранда ата-ананы сыйламау Хақ Тағалаға қарсы келумен бірдей күнә екендігі айтылған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): “Алла Тағаланың разылығы – ата-ананың разылығында, Алла Тағаланың ашуы – ата-ананың ашуында”, – деп әке-шешесін ренжітіп, көңіліне қаяу салғандарға ақирет күні жер мен көк көтермейтін қатты азаптар болатынын және бұ дүниеде де күнәсіне лайық жазасын алатынын ескерткен.

Иә, бес күндік мына жалғанда бәріміз бір күніміздің аман өткеніне мәз болып жүрміз. Бірақ сол өткен күндер бізді өкінішке қарай жетелеп бара жатқан жоқ па? Ата-ананы ренжітіп, Алланың разылығы мен мейірімінен, жұмағынан мақұрым қалғаннан артық өкініш жоқ.

Ендеше “әттеген-айы” көп бұл жалғанның уытты өкініші жүректі тілгілемесін десек, қамшының сабындай қысқа ғұмырымызда ата-анамыз бен балаларымыздың, туған-туыс, бауырларымыздың, жора-жолдас, әріптестеріміздің, жалпы бір-біріміздің қадір-қасиетімізді тірімізде білейік! Әке-шешені ренжіту дінде – күнә, қоғамда – қылмыс, өмірде ұят екенін естен шығармайық.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp