Қазақстанда ескі көлік өте көп. Ұлттық статистика бюросы көрсеткендей, елдегі барлық көліктің жартысына жуығының шыққанына 20 жылдан асқан. Ал он жылдан асқан көліктердің үлесі тіпті 68 пайызға жеткен.
Осының салдарынан елдегі жеңіл автокөліктердің «орташа жасы» – 22 жыл. Көрші Ресейде бұл көрсеткіш – 13,9 жыл, Еуроодақта – 11,8 жыл, АҚШ-та – 11,9 жыл, Германияда – 9,8 жыл, ал Қытайда небәрі 5,3 жыл. Яғни қазақтардың басым көпшілігі әлемнің дамыған елдері әлдеқашан жарамсыз деп таныған ескі-құсқы көлікпен жүр. Бұдан экологияға келер зиян артып, жол апаты көбейетіні белгілі. Елімізде ескі көліктерді азайту мақсатында түрлі бағдарлама қабылданғанымен, түбегейлі шешімін әлі күнге дейін тапқан жоқ.
Қазақстанда көлік салығы саясаты әлеуметтік бағытқа көбірек бейімделген. Оған жыл басынан күшіне енген Салық кодексіне енгізілген өзгерістер дәлел. Соңғы өзгерістерге сәйкес, елімізде ескі автокөліктерге салынатын салық мөлшері төмендетілді. Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Наталья Некрасованың айтуынша, биылдан бастап пайдалану мерзімі 10 жылдан асатын жеңіл автокөліктерге салық 30 пайызға, ал пайдалану мерзімі 20 жылдан асатын көліктерге 50 пайызға төмендетіледі.
Бұл, ең алдымен, табысы шектеулі азаматтарға қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған шешім. Яғни көлігі ескірген сайын оның салығы да азая береді. Ал шетелдік тәжірибе мүлде басқа ұстанымға негізделген. Көптеген дамыған елдерде көлік салығы автокөліктің шығарылған жылына емес, экологияға тигізетін әсеріне қарай есептеледі. Көлік неғұрлым ескі әрі зиянды шығарындылары көп болса, салық соғұрлым жоғары болады. Бұл тәсіл автопаркті жаңартуға, экологиялық таза көліктерді таңдауға және қоршаған ортаны қорғауға ынталандырады. Мәселен, көрші Өзбекстанда ескі автокөліктерді пайдалануға шектеу қою жоспарланып отыр. Үкімет қаулысының жобасына сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл елде 50 жыл бұрын және одан да ертерек шығарылған автокөлік құралдарын пайдалануға және қайта тіркеуге тыйым салынбақ. Ескі көліктер мемлекеттік есептен шығарылатын болады.
Ал АҚШ-та көлік салығы жеке алым ретінде алынбайды, ол жанармайдың құнына енгізілген. Салық мөлшері жанармай бағасының шамамен 15 пайызын құрайды және ел бойынша орта есеппен 45 центке тең. Мұндай жүйе салық жүктемесін әділ бөлуге мүмкіндік береді. Автокөлік неғұрлым көп жанармай тұтынып, жолға жиі шығып, атмосфераға зиянды заттарды көбірек шығарса, оның иесі де соғұрлым көп салық төлейді. Керісінше, көлік сирек пайдаланылса, төленетін салық та азаяды. Сонымен қатар АҚШ-та автокөлік сатып алу кезінде бір реттік салық төленеді, оның мөлшері штатқа байланысты 1 пайыздан 7 пайызға дейін өзгереді. Ал көлікті тіркеу үшін 50 доллардан 500 долларға дейін төлем жасалады.
Жапонияға тоқталар болсақ, бұл елде көлік салығы үш түрге бөлінеді. Біріншіден, жаңа автокөлік сатып алу кезінде – көлік құнының 5 пайызы. Екіншіден, көлікті тіркеуге қою кезінде салық мөлшері қозғалтқыштың қуаты мен көлеміне қарай есептеледі. Бұл ретте тіркелген раритеттік автокөліктерге ешқандай жеңілдік қарастырылмайды. Үшіншіден, жыл сайынғы төлемдер қозғалтқыштың қуаты мен көлеміне негізделеді және шамамен 50-500 АҚШ доллары аралығында болады. Көптеген елдерден ерекшелігі, Жапонияда көлік салығынан түскен қаражат жол салуға немесе экологиялық бағдарламаларға емес, автомобиль өнеркәсібіндегі болашаққа бағытталған жаңа технологияларды дамытуға жұмсалады. Бұдан Қазақстан мен өзге елдердегі көлік салығы жүйесінің айырмашылығы айқын көрінеді. Бізде әлеуметтік жеңілдіктер басым болса, дамыған мемлекеттер экологиялық жауапкершілікке мән береді.
Бүгінгі таңда өңірде 204190 көлік құралы тіркелген. Облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әдемау Меңдібаеваның айтуынша, бұл көліктердің 45,7 пайызының тозығы жеткен.
Ескі көлік экологияға ең көп зиян келтіреді. Қозғалтқышы тозған, техникалық талаптарға толық сай емес автокөліктер ауаға зиянды қалдықтарды бірнеше есе көп бөледі. Салықтың төмендеуі мұндай көліктерді пайдалануды тежемей, керісінше, олардың жолда ұзақ уақыт жүруіне мүмкіндік бермек. Табиғатқа келтірілген залалдың жеңілдігі жоқ екені белгілі. Осы мәселеге қатысты экология мамандарының пікірін де сұрастырдық.
«Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Рустам Жүсіпбековтің айтуынша, ескі автокөліктер – бұл ластанған ауа, өскелең ұрпақтың денсаулығына төнетін қауіп және денсаулық сақтау саласына жұмсалатын шығынның артуына әкеледі.
Аталған мәселені шешу үшін салмақты әрі әлеуметтік әділетті ұстаным қажет. Азаматтарға үнемді, гибридті және электрлі автокөліктерді сатып алуда қолдау көрсету, сондай-ақ жолаушылар тасымалы, логистика, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларындағы кәсіпорындардың автопарктерін кезең-кезеңімен жаңарту маңызды.
Бұл проблема тыйым салу шаралары арқылы емес, мемлекет, қоғамдық институттар мен бақылаушы органдар тарапынан көрсетілетін жүйелі қолдау негізінде шешілуі тиіс. Сонымен қатар отын сапасын жүйелі түрде арттыру, биоотынды дамыту және экологиялық тұрғыдан анағұрлым таза энергия көздерін кеңінен енгізу қажет.
– Алайда бізде ескі автокөліктер тозғанға дейін пайдаланылады. Қоршаған ортаға түсетін негізгі экологиялық салмақты да дәл солар қалыптастырады, – дейді Рустам Маратұлы.
Әлемде ескі көлікті азайту үшін экологиялық таза көліктерді (электромобильдер) пайдалануды ынталандырады, қоғамдық көлікті, каршерингті дамытады. Сонымен қатар ескі көліктерді қайта өңдеуге және жоюға арналған арнайы бағдарламалар мен утилизация алымдарын енгізу сияқты әдістер қолданылады. Өйткені бұл әдістер көліктің жалпы санын азайтып, қоршаған ортаға зиянын кемітуге бағытталған.
Мәселен, электромобильдерді сатып алуға субсидиялар беріп, қуаттандыру стансаларының желісін кеңейту арқылы бензин және дизельді көліктерді ығыстырады. Қоғамдық көлік пен каршерингті дамыту арқылы адамдарды жеке «темір тұлпардан» бас тартуға ынталандырады. Ескі және жарамсыз көліктерді арнайы пункттерге тапсырғаны үшін ақшалай сыйақы немесе жаңа көлік сатып алуға жеңілдіктер ұсынылады.
Жаяу және велосипедпен жүруге ыңғайлы инфрақұрылым құру арқылы қысқа қашықтықтарға көлікті қолдануды азайту әдісі қолданылады. Ескі және көп зиян келтіретін көліктерге қосымша салықтар немесе айыппұлдар енгізіледі. Бұл шаралар әлемдегі ескі көліктер санын азайтып, экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған.
Біздің елде бір жылдары ескі көліктерді жоюға арналған арнайы бағдарламалар қолға алынғанымен, атқарған жұмысынан гөрі дауы басым болды. Электромобильмен жүруге жағдай жасалмаған. Қазақтың кең даласында қуаттандыру стансалары түгіл жанармай бекеттері де кездеспейтін жерлер жетерлік. Еліміздегі автосалондарда көлік бағасы шарықтап тұр, шетелден әкелуге утилизация алымына көліктің жарты құнын төлеу керек. Осының салдарынан Қазақстанда ескі көліктер өте көп. Ал ескі көліктің салығы азайғаны тұрғындарға жасалған жеңілдік болса да, экологиялық ахуал ушығып, жолда қауіп артуы мүмкін.
Алдағы уақытта экологияны қорғау мен автопаркті жаңарту мәселесі күн тәртібіне шыққан жағдайда көлік салығы саясаты қайта қаралуы мүмкін. Қазіргі жүйе халықты қорғауға бағытталғанымен, экологиялық талаптарды ескеруді қажет етеді.
Анар ЗИЯДИНА,
«Soltüstık Qazaqstan».