«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСКІ ТАКСИ… МЕЙІРІМСІЗ МЕЙІРБИКЕ

Ескі “Волга” “сай-сүйегі” сырқырап келіп тоқтады. Рөлде отырған қария көзілдірігінің үстінен көз тастап: “Отыр, отыр, көлік ескі деп қорықпа. Шашылып қалмайды”, – деді.

Жер-көкке сыйғызбай мақтаған көлігі Пушкин көшесімен қиралаңдап келеді. Әлсін-әлсін спидометріне көз тастап қоямын: жылдамдықты 20 шақырымнан асырар емес. Тағатым таусыла бастады. Мына өгіз аяңмен жұмысқа кешігерім сөзсіз. Оны ойлап жатқан жүргізуші жоқ, көлігін сатып алған уақыттан бастап, “сенімді серігімен” бастан кешкен оқиғаларын баяндап келеді.
“Кеше анау жер үйге бардым, – деп жанар-жағармай құю станциясының ту сыртындағы үйді көрсетті. – Ерлі-зайыптылар болуы керек, орта жастағы әйел мен ер адам күтіп тұр екен. Көлікке отыра бергендері сол еді, әйел шыңғырып жіберді. Жалт қарасам, сіз отырған тұсқа жайғасқан ер адамның көзі шарасынан шығып, құлап бара жатыр екен…”.
“Сіз отырған тұс” деген сөзден денем тітіркеніп кетті. Жүргізуші самбырлап сөйлеп отыр.
“Ес-түссіз жатқан күйеуін жұлқылаған әйелден қайыр болмасын түсінген соң, “Жедел жәрдемге” хабарласып, шұғыл көмек керектігін айтып жатсам, телефонның арғы жағындағы дауыс науқастың аты-жөнін, туған жылын, ауру белгілерін сұрап есімді шығарды. Сол сұрақтарды күйеуін құшақтап еңіреп отырған әйелге қайта қойып, станция маманына жеткізгенше 10 минуттай уақыт өте шықты.
“Жедел жәрдем” жуыр маңда төбе көрсете қоймады. Қара терге малынып, жүгіре басып айналма жолға шығып, алысқа көз тігемін. “Ұмытып кеткеннен сау ма өздері?! Әлде мекенжайды дұрыс айтпадым ба? Көлік болмай қалды ма екен? Туу, өліп кетсе не болмақ?!”… Осы ойларға шырмалып әрі-бері жүгірдім.
Ұзақ тостырып, “Жедел жәрдем” де жетті-ау, әйтеуір. Көп күттірген көліктен жап-жас фельдшер қыз шықты. Қимылсыз жатқан науқастың жанына асықпай келіп, білегін ұстап көрді де, қасын керіп: “Все, умер”, – деді. Сол кездегі әйелдің жайын білмеймін, өзімді біреу таспен ұрғандай есеңгіреп қалдым”, – деп терең күрсінді жүргізуші.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp