Солтүстікқазақстандық диқандар алдағы көктемгі егіс науқанында 4,3 млн. гектар жерге дәнді дақыл сіңірмек. Бұл былтырғы көрсеткіштен 36 мың гектарға көп. Осы мәселе облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен өткен ауыл шаруашылығы, ветеринария, жер инспекциясы басқармаларының кеңейтілген алқа отырысында айтылды. Сонымен қатар жиында өңірдегі ветеринарлық ахуал, жер мен табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.
Солтүстік Қазақстан – аграрлы өңір. Топырағы құнарлы, шөбі шүйгін біздің облысымыз егін егіп, мал да өсіруге қолайлы. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ерболат Бекшеновтің айтуынша, былтыр агроқұрылымдар ауа райының қолайсыздығына қарамастан, қамбаға 5 млн. тонна астық құйды.
– Былтыр саланы дамытуға 107,6 млрд. теңге инвестиция құйылса, 633,8 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Тауар көлемі бойынша көршілес Ақмола, Қостанай облыстарынан алда келеміз. Сөйтіп, ел бойынша екінші орынға табан тіредік. Бұдан бөлек 97,2 мың тонна мал мен құс еті, 567,7 мың тонна сүт және 802,9 млн. дана тауық жұмыртқасы өндірілді. Бірақ мұнда да түйткілді мәселелер бар. Бүгіндері ауыл шаруашылығы техникаларының 80 пайызы ескіріп, тозған. Өткен жылы техникалық парк тек 3,6 пайызға жаңарды. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың тапсырмасына сәйкес биыл бұл көрсеткішті 6 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз, – деді басқарма басшысы.
Жиын барысында мал импорты да сөз болды. Былтыр “Сыбаға” бағдарламасы аясында облысымызға Еуропадан және Ресейден бес мыңға жуық ірі қара мал жеткізілді. Дегенмен, Есіл және Тимирязев аудандарының шаруалары бірде-бір бас асылтұқымды қара мал сатып алмаған. Сондай-ақ, кейбір кәсіпкерлер жайылымдарының болғанына қарамастан, мал шаруашылығымен айналысуға құлықсыз.
Соңғы ақпарат бойынша өңірдегі 5496 агроқұрылымның тек 19 пайызы ғана мал шаруашылығымен айналысады.
Облыс әкімі алдағы уақытта демеуқаржы тек мал ұстап, көкөніс өсірумен айналысатын шаруашылықтарға ғана берілетінін айтты.
– Агроөнеркәсіптік кешен өкілдері өз қалтасын ғана ойламай, бір уақыт тұрғындардың тұрмысына да көңіл бөлуі тиіс. Яғни, ауылдардың инфрақұрылымдарын жақсарту мәселесін назардан тыс қалдырмағандары жөн. Бірақ бұл іс әр елді мекенде сәтті жүзеге асып жатыр деп айту әлі де ерте. Бүгінде облыстағы 5 мыңнан астам шаруашылықтың тек 544-і ғана қарамағындағы ауылдарды қамқорлығына алған екен. Әлеуметтік жауапкершілігі жоғары серіктестіктердің басым бөлігі Есіл ауданында орналасқан. Олар ауылдарды дамытуға ауқымды үлес қосуда. Ал Уәлиханов және Шал ақын аудандарындағы шаруашылықтар бұл мәселеде енжар. Мысалы, Уәлиханов ауданындағы 312 агроқұрылымның 8-і ғана ауылдың өміріне белсенді араласады, – деді облыс әкімі Құмар Іргебайұлы.
Облыстық жер инспекциясы басқармасының басшысы Бейбітбек Жайлыбаев мақсатты пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Өткен жылы мамандар 626,7 мың гектар жерге 256 тексеріс жүргізген. Нәтижесінде 153 бұзушылық анықталған. Сөйтіп, соттың шешімімен 7528 гектар жер мемлекетке қайтарылған. Мұндай жұмыс облыс орталығында да жүргізілді. Алайда, атқарылған жұмыстың нәтижесіне Құмар Ақсақаловтың көңілі толмады.
– Былтыр Петропавл қаласында мақсатты пайдаланылмай жатқан 165,5 гектар жерге 186 тексеріс жүргізілген. Дегенмен, оның тек 23 гектары ғана мемлекет меншігіне қайтарылған. Ал қалған жерлерді қайтаруға не кедергі болып отыр. Аудандарда да бұл жұмыс сылбыр жүргізілуде, – деді облыс әкімі.
Алқалы жиын барысында облыстық ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжановтың өңірдегі ветеринарлық ахуал, ал облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Ескендіровтің де жыл бойы атқарылған жұмыстары туралы есептері тыңдалды. Былтыр ветеринарлық қызмет мамандары жүргізген 3179 тексерістің нәтижесінде 374 ветеринарлық заң бұзушылық тіркеліп, 4,2 млн. теңгенің айыппұлы салынған. Анықталған заң бұзушылықтардың басым бөлігі ветеринарлық-санитарлық ережелерді сақтамау, сойылған мал жөнінде ақпараттың толық берілмеуіне қатысты болды. Ветеринарлық заңнаманы бұзғаны үшін 189 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ағашты заңсыз кесуге жол бермеу үшін ғарыш арқылы мониторинг жүргізіледі. Алайда, табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 390 дерегі тіркелген. Сөйтіп, 1052 текше метр ағаш заңсыз кесіліп, табиғатқа 4 млн. теңгенің шығыны келген.
Жиынды қорытындылаған өңір басшысы сала өкілдеріне көктемгі егіс науқанында қажетті аграрлық технологияларды пайдаланып, күзде әр гектардан 150-200 мың теңгенің өнімін алу қажет деген міндет қойды. Сондай-ақ, жауапты басшыларға облыста балық шаруашылығын дамыту, ағаш өңдеу кәсіпорындарын құру, сабанды көмірдің орнына пайдалану секілді мәселелерді шешу жүктелді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.