«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Есләмбек БЕКМҰРЗИН: “ЖЕҢІС ЖІГЕРЛІГЕ БҰЙЫРАДЫ”

Енді бірер аптадан соң қазақ күресінің жанкүйерлері биылғы “Қазақстан барысын” білетін болады. 5 шілде күні Астанадағы “Сарыарқа” велокешенінде сайдың тасындай іріктелген 33 жігіт жеңімпаз атану үшін кілемге шығады. Барлығы да қазақтың күрес өнерін бүге-шігесіне дейін меңгерген нағыз балуандар.

Өткен жылдарға көз жүгіртсек, бүкілқазақстандық сипат алған жарыстың тұсауы 2011 жылы Астанадағы “Дәулет” спорт кешенінде кесілген болатын. Бәсі биік додада тұңғыш рет еліміздің әр аймағынан жиналған 64 балуан сынға түсті. Тоғыз сағатқа созылған белдесулер нәтижесінде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған қызылордалық Ұлан Рысқұлдың есімі турнирдің тұңғыш жеңімпазы ретінде қазақ күресінің тарихына алтын әріптермен жазылды.  

Ал “Сарыарқа” велокешенінде дүркіреп өткен кезекті турнирде балуандар саны екі есе қысқартылса, Лондон Олимпиадасының қатысушысы, дзюдошы Ержан Шынкеев ақтық сынға 34-ші балуан болып қосылды. Тартысты өткен кездесулер нәтижесінде “Тараз арланы” атымен белгілі Бейбіт Ыстыбаев жеңіске жетті. Ал 2013 және 2014 жылдары Шығыс Қазақстан облысының өкілдері Айбек Нұғымаров пен Мұхит Тұрсынов қазақ күресінің бағын ашқан жобада жеңіске жетті.

Әнеміне дегенше, айналдырған төрт-бес жылдың ішінде бұл бәсеке барша жанкүйерлердің көңілінен шыққан үлкен спорттық мерекеге айналды. Кезекті маусымның ақтық кезеңі бастау алғалы отыр. Сайыста облысымыздың намысын қорғайтын Рүстем Жұмаев турнирдің финалына осымен үшінші рет қатысады. Екі мәрте облыстық кезеңде жеңіліп көрмеген ол – өңірімізге танымал бапкер Есләмбек Бекмұрзиннің шәкірті. Бүгінде қалалық ішкі істер басқармасында қызмет ететін, самбо күресінен әлем біріншілігінің күміс және Азия біріншілігінің қола жүлдегерінің бапкері Есләмбек Бекмұрзинмен хабарласып, алдағы сайыс туралы өз ойымен бөлісуді сұраған едік.

– Есләмбек аға, кілең мықтылар сынға түсетін байрақты додада кімнің бағы мен бабы қатар шауып, бас жүлдені қанжығасына байлайтынын ешкімнің дөп басып айта алмасы анық. Дегенмен, жорамалыңызбен бөліссеңіз.

– Байыптап қарасақ, үстіміздегі жылғы бәсекеге жолдама алғандардың тең жартысына жуығы – “Қазақстан барысы” додасына алғаш рет қатысқалы отырғандар. Әрине, кілең үздіктер жиналған жарыста олардың топ жаруы екіталай. Өйткені, көптеген додаларда сынға түсіп, ысылған көкжалдар жеңісті оңайлықпен бермесі анық. Десе де, спорттағы сияқты қазақ күресінде де күтпеген жағдайлар болуы мүмкін екені сөзсіз. Кейбір жарыстарда қарсыласына қарағанда салмағы ауыр, бойы биік балуандардың өзінен кішкентайлардан жеңіліп қалып жатқанын көргенбіз. Сондықтан да алдын ала тон пішіп, кімнің жеңіске жететіндігін жорамалдамай-ақ қояйық. Кімнің мықты, ал кімнің осал екенін боз кілемдегі бәсеке барысында байқаймыз.

– Облыстық кезеңде жеңімпаз атанған сіздің шәкіртіңіз Рүстем Жұмаевтың біраз ысылып, жаңа айла-әдістер үйренгенін байқадық. Дегенмен, жасы жиырмадан енді асқан жас балуанның сайысқа дайындығын қалай бағалар едіңіз?

– Рүстемнің Астанадағы соңғы кездесуде алтыншы орыннан көрінуі жаман нәтиже емес. Бүгіндері салмағы 124 килограмға жеткен Рүстемді әр балуан үшін жауапты да маңызды жарысқа даярлау үстіндемін. Жаттығу барысында өзімнің спорттың аталмыш түрінде көпжылғы жаттықтырушылық тәжірибемді қолдана отырып, баулудамын. Республикалық жарыстарға жиі қатыспайды демесек, оның нәтижелері жаман емес. Бір атап өтерлігі, өзге балуандарға қарағанда түйе балуандарды жаттықтырудың өзіндік ерекшеліктері бар екендігін естен шығармаған жөн. Себебі, аса ауыр салмақты балуандардың қимылқозғалысы қатарластарына қарағанда ширақ және жылдам болмайды. Олар жиырма бес жастан асқан соң екінші тынысы ашылып, боз кілемде бар өнерін көрсете алады. Өз басым Рүстемнің алар асуы әлі алда деп ойлаймын. Былтырғы турнирде үздік алтылыққа енуге аз-ақ қалған Рүстем бұл жолы жүлдегерлер қатарынан көрінеді деген үмітім бар.

– “Қазақстан барысында” салмақтың ескерілмейтінін білеміз. Өзі сияқты аса ауыр салмақтағылармен белдесу жерлесімізге қиын соқпай ма?

– “Күш атасын танымайды” дейді халық даналығы. Байқасаңыз, додаға қатысушылардың негізі – ауыр салмақтағылар. Мәселен, биылғы жылғы балуандардың ішінде Оңтүстік Қазақстан облысының өкілі Жұманазар Ерсұлтанов – салмағы ең ауыр балуан. Оның салмағы – 160 килограмм. Бұл қарсыласты шалып құлатып, одан басым түсу кімге болсын оңайға түспесі анық. Дегенмен, салмағы 80-90 килограмм шамасындағы балуандарды да ұмытпауымыз керек. Себебі, барлығы тек салмаққа келіп тірелмейді. Бұған дейін өзінен салмағы ғана емес, атақ-дәрежесі де үлкен қарсыластарын жеңіп жүрген спортшыларды талай көрдік. Сондықтан балуанның шеберлігі де қажет. Барлығын да боз кілемдегі белдесулер көрсетеді. Жеңіс жігерліге бұйырады.

– Әңгімеңізге рақмет!

PS. Жерлесіміз Рүстем Жұмаев “Қазақстан барысы” басталмас бұрын Аягөз қаласында ересектер арасында қазақ күресінен өтіп жатқан ел біріншілігінде сынға түсуде. Әзірше 250-ден астам спортшы қатысып отырған сайыста боз кілемде екі мәрте белдескен ол екеуінде де жеңіске жетті.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp