Жуырда Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл ауылында осы жердің тумасы, әйгілі балуан Ахметжан Қазымбетовтың 80 жылдығына орай қазақ күресінен жасөспірімдер арасында республикалық ашық турнир өтті. Бұл айтулы додаға 11 командадан 96 балуан қатысып, боз кілемде өз бақтарын сынады. Күрес атақты балуанның атымен аталатын стадионда ұйымдастырылды. Уәлихановтықтар атақты жерлесін ешқашан ұмытқан емес. 1990 жылдың көктемінде алғаш рет әйгілі жерлес балуанның құрметіне қазақ күресінен облыстық жарыс өткен болатын. Сол шарада Ахметжанды жақсы таныған көптеген адамдардың басы қосылып, ол туралы жылы лебіздер айтылған еді. Араға 25 жыл салып, балуанның жұбайы Мәраш Сұлтанғазықызының, замандастары Мереке Қызыкенов пен Қабден Байдасовтың естеліктерін “Солтүстік Қазақстан” газетінің оқырмандарына ұсынып отырмын.
Мәраш Сұлтанғазықызы:
– Ахметжанның есімін қастерлеп, оның атын мәңгілік ету үшін туған топырағында ізгілікті істер, түрлі шаралар жасалып жатқанын естіген сайын оның өзі жасаған мың жақсылығының бірі алдынан шыққанына қуанамын. Ақыжанымның үлкен спорттық жолдары туралы аудандық, облыстық, республикалық газеттердің беттерінде көп жазылып, көп айтылды. Өздеріңіз білетіндей, Ахметжан кезінде жерлесіміз, Социалистік Еңбек Ері Қажым Мүсіпов атындағы жүлдені республиканың спорт федерациясында бекітіп, жүлде иесінің көзі тірісінде екі рет Бүкілқазақстандық жарыс өткізді. Сөйтіп, Қызылтудың атын республикаға әйгілі етті. Ақыжан кең ауқымда ойлайтын адам еді. Мәселен, Шымкент облысының Бөген ауданындағы Темірлан ауылында күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасовқа мұражай ашылып, сонда Ахметжанның қосқан үлесі жоғары бағаланған болатын.
Мереке Қызыкенов:
– Ахметжан Қалижанұлы – еркін күрестен КСРО-ның құрметті спорт шебері, классикалық күрестен спорт шебері, КСРО-ға еңбек сіңірген жаттықтырушы.
Ауылдағы қыстың ұзақ кештерінде Ахметжан анасынан арғы аталары Жүніс пен Ілияс туралы көп естіген және солар туралы көп әңгімелеуді өтінеді екен. Шынтуайтында, нағашылары кең иықты, шалт қимылды, өте батыл адамдар болса керек. Ауылдағы ойын-тойлардағы күресте оларға ешқандай балуан шыдамаған. Осыны жадына берік тоқыған бала Ақыжан (ауылдастары, біз де Ахметжанды осылай атадық) аталары сияқты балуан болуды алдына асыл мұрат етіп қойды. Оның бұл құштарлығы әкесімен бірге Омбыға барып, цирк балуандарының өнерін тамашалағаннан кейін тіпті өрши түскен. Ол өзінің циркте көрген әдістерін елге келіп, өзі сияқты жеткіншектерге көрсетіп, қара терге түскенін де айтып отыратын. Ахметжан Қазымбетов, әсіресе, ауылдық жерлерде дене тәрбиесі мен спортты дамытуға бар күш-жігерін салды.
Ахметжан онжылдықты бітіргеннен кейін ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, бірінші күннен білім ошағындағы күрес үйірмесіне жазылады. Үйірмені Қазақстанға әйгілі балуан Александр Самсонов жүргізеді. Жаттықтырушы жаңадан келген балаға күдікпен қарап: “Мүлде кішкентайсың, әлсізсің, күресе алмассың”, – деп талай рет шығарып салған екен. Ал Ахметжан айтқан бетінен қайтпай, қайтып орала беріпті. Сөйтіп жүргенде, жігерлі жастың өмірінде өзгерістер басталып кетеді.
1955 жылы Алматы қаласында Қазақстан тарихында алғашқы рет еркін күрестен республика біріншілігі өтеді. Ақыжан осы жарыста 57 килограмм салмақта күресіп, Л.Өтешов және Б.Бузановтан кейін үшінші орынға көтеріледі. Араға жыл салып, екінші чемпионатта осы салмақта Қазақстанның чемпионы атанады. Өзін көрсете білген жігіт Қазақстанның құрама командасына мүше болып, КСРО халықтарының бірінші спартакиадасында еркін күрестен қазақтың намысын қорғайды. Ол осы жарысқа еркін күрестің тарландары Қабден Байдасов, Жорес Ысқақовтармен бірге бас жарысқа қатысып, оныншы орынды иеленеді. Ол кезде бұл үлкен жеңіс болатын…
Әлі есімде, 1961 жылдың қазан айында Алматыда Қазақстанның еркін күрестен ашық біріншілігі өтті. Оған көрші қырғыз елінің жауырыны жерге тимеген балуандары келді. Сол жолы Ахметжан 18 балуанмен белдесті. Еркін күрестің айла-тәсілдерін кәсіпқойлық деңгейде меңгерген Ақыжан боз кілемнің шаңын қақты. Оның тегеурініне 18 балуанның ешқайсысы шыдай алмады.
Қабден Байдасов:
– Ахметжанның туған жеріне, еліне сіңірген еңбегі зор. Ол спортты, әсіресе, қазақ күресін дамытуға бар күш-жігерін салды. Мен көп жыл Ахметжанмен қызметтес болдым. Жігіттік дер шағымызда бір кілемде, бір салмақта күрестік. Он жыл отбасымызбен көрші тұрдық. Үй ішімізбен туыстай араластық. Талай үлкен жарыстарға бірге қатыстық.
Кей кездері жеңілістің ащы дәмін татқанда қасыңда жанашырың болған жақсы. Әсіресе, шетелдерге шығып сайысқанда. Ахметжан ондай кезде таптырмас дос бола білді. Мен өз басым оның ашуланған, қызбалыққа салынған кезін көрмеппін. Керісінше, мен біреумен бет жыртысып, керісіп қалғанда басу айтып, оқиғаны басқа жаққа бұрып жіберетін. Құрама командада мінез-құлқы сан алуан адамдар болады. Солардың бәрі жас та болса, Ақыжанды аға тұтып, керемет сыйлаушы еді. Салмақты, ұстамды, биязы, ең бастысы, қарапайым мінезімен Ақыжан ортасына сыйлы болды. Біртуарлығы аңғарылатын.
Сұхбатты жазып алған Сағидолла ИКЕНОВ.
Уәлиханов ауданы.