Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылы кезекті бір жұмыс сапарымен біздің облысқа келді. Қуанышымызға орай Мемлекет басшысы біздің ұжымға да соқты. Ал бұл – менің өмірімдегі ерекше есте қалатын жарқын сәттердің бірі.
Серіктестік 1998 жылы шаруа қожалығы ретінде құрылған болатын. Кейін 2004 жылы “Базис-Қызылжар” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып өзгертілді. Жаңа мыңжылдыққа аяқ басқан тұста қазығы қағылған серіктестік, міне, 17 жыл бойы өсіп, өркендеу кезеңдерінің әр сатысынан сәтті өтуде. Әрине, өзіндік қиындық та болып тұрады.
Негізінен астық өсірумен айналысамыз. Соңғы үш жыл көлемінде жаңбырлатып суару әдісімен сәбіз, қызылша өсірудеміз. Қазіргі таңда 15 адам жұмыспен қамтылған. Жұрт қатарлы еңбек етіп отырған ауыл шаруашылығы құрылымының біріміз.
Президентпен өткен кездесуден кейін біз алға қарыштап қадам бастық десем, сізге – өтірік, маған – шын. Мемлекет басшысымен кездескенімізге де 5 жылдың жүзі өтті. Тоқтамай өткен зымыраған уақыт. Бірақ сол күн, сол сәттер менің жадымда мәңгілік жатталып қалғандай.
Бұл менің Президентпен алғаш кездесуім болатын. Бұрындары Елбасымыз қандай адам деп ойлаушы едім. Президентіміздің жұмыс уақыты тығыз екенін де жақсы білемін. Сондықтан біз сияқты қарапайым шаруа адамдарымен кездесудің қолайлы сәті көп туа бермейтіндігін санамен салмақтасам да, ең болмағанда, бие сауым уақыт онымен пікірлессе ғой деп іштей ойлайтынмын. Менің ішкі ойым жүзеге асқандай. Шыны керек, бұл жай ой болса да, соның бір күні жүзеге асатынын ойламаппын. Егістік алқабын аралағанымызда ол менен жұмыстың жайын сұрады. Сонда ол кісінің маған:
– Сапарбек, бәрі де жақсы болады. Үкімет әрқашан қолынан іс келетін адамдарды қолдайды. Жақсы өнім алуларыңа тілектеспін, – деді.
Дәл осы тұста оның көреген басшы, сарабдал саясаткер, тәжірибесі мол адам екеніне анық көз жеткіздім.
Нұрсұлтан Назарбаевтың адамгершілік биік тұлғасы да бөлек әңгіме. Ол менен таныс адамдарша отбасы жағдайымды, балаларымның аман-саулығын сұрастырып білді. Құдды бір жанымда әкем отырғандай сезіндім. Әкелік ақылын айтып, ұрпағымыздың игілігі мен еліміздің жарқын болашағы үшін адал еңбек ету қажет деп түсіндірді. Өмір туралы ойларымен бөліскен Елбасымыздың сөз саптаған шешендігі мен топ бастаған көсемдігіне таңғалмасқа болмас. Аз уақыт ішінде дидарласып, жүздескен сәтте өзімді сергек сезіндім. Оның рухты, серпінді азамат екенін де ерекше айтып өткім келеді. Күш-қайрат, ақыл-оймен алға қарай жылжып, әрбір істе қарышты қадам жасау керек екенін түсінгендеймін. Өйткені, оның жылы сөздері маған қанат бітірді.
Бүгінде “Базис-Қызылжар” ЖШС агролизинг арқылы жаңа техникамен және жабдықтармен қамтамасыз етілді. Алдағы уақытта өзге де көкөніс түрлерін өсіруді жоспарлап отырмыз. Мемлекеттің осындай қолдауының арқасында ауылшаруашылық құрылымдары тың серпінмен жұмыс істеуде. Бұл орайда, әсіресе, Елбасымыздың ерекше қамқорлығын сезінудеміз. Жыл сайын берілетін демеуқаржының арқасында жағдайымыз түзелді. Бұл – Президент саясатының жетістігі. Әлем елдерімен тереземізді теңестірген Нұрсұлтан Назарбаевтың сәтті қадамына әрқашан тілеулеспін. Елдің жеңісі Елбасының жемісті еңбегі деп білемін.
Сапарбек ШЕРНИЯЗОВ,
“Базис-Қызылжар” ЖШС-нің директоры.
Қызылжар ауданы.