«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСТЕН КЕТПЕС КЕЗДЕСУ

1972 жылдың тамылжыған мамыр айы жадымда өшпестей жатталып қалыпты. Табиғат ерекше сұлулыққа малынып, жер-дүние масатыдай құлпырып кеткен. Ағаштар жапырақ жайып, хош иісі мұрын жарады. Мектеп оқушысымыз. Ақтас пен Қарағайдың балалары кеңшар орталығындағы интернатта жатып оқимыз. 

Сыңғырлай соғылатын соңғы қоңырау үнін тағатсыздана тосып жүргенде “Бұлаққа Сәбит Мұқанов келе жатыр. Сайлаушылармен кездесу өткізеді екен” деген хабар желдей есіп, жұртшылық лезде құлақтанды. Әне-міне келіп қаладымен жол жақты қарауылдаймыз. Шіркін, тезірек жүздессек екен деген асқақ арман алабұртқан көңілімізге қанат бітіріп, асқақтатып жібереді. Қуанышымыз ерекше, тілмен айтып жеткізу қиын. Мектеп іші абыр-сабыр, алашапқын дерсің. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері ұлы жазушының өмірбаянын, өлеңдерін жаттатып, бір тыным табар емес. Мерекелік концертке тас-түйін дайындық та қызып сала берген. Бала болсақ та, “Кәдімгі Сәбит Мұқановтың” есіміне жақсы қанықпыз. Бастауышта оқып жүргенде “Өмір мектебі”, “Мөлдір махаббат”, “Ботагөз” романдарын тауысып тастағанбыз. Қайталап оқудан жалықпайтынбыз. Ақбас Алатаудың баурайынан түкпірдегі елеусіз елді мекенге арнайы ат басын бұрады деген жазушы кешіккен сайын келмей қалса ше деген күдік пайда бола бастаған.
Интернат тәрбиешісі Ғалымжанова Сара тәтейдің жұмсақ даусы тәтті ұйқымызды шайдай ашты. Жайшылықта қатал, қабағы қату апайымыздың жүзінен мейірім төгіліп, көзге оттай басылатын қып-қызыл көйлегі тал бойына жарасып тұр. Осы сәтте менен бір сынып төмен оқитын Боранбайдың “ақ көйлек-дамбал киген ана шалды қараңдар” деген даусы бәрімізді селк еткізді. Жапа-тармағай терезеге қарай ұмтылдық. Шынында да, интернаттан таяқ тастам жердегі кеңшар директоры Айбасов Кәлкен ағайдың үйінің алдында маңдайын күнге қыздырып бейтаныс мосқал бір кісі отыр. “Мынау Сәбит ата ғой. Суретінен айнымайды. Көргенмін” деді арамыздағы бізден “бір-екі көйлек бұрын тоздырған” естиярлауымыз. Сенер-сенбесімізді білмей аңтарыла Сара тәтейге қарап едік, “иә” дегендей басын күлімсірей изеді. Елден ерек әдемі киініп алғанын сонда ғана ұққандай болдық.
Ескі мектеп үйіне үш ауылдың тұрғындары тайлы-тұяғы қалмай жиналды десе де болады. Облыстан, ауданнан келген ығай-сығайлар мойындарына томардай етіп галстук байлап алған. Олардың арасынан лауазымы жоғарылау біреуі Сәбеңнің Бұлақ өңірінен Қазақ ССР Жоғарғы Советіне депутат болып сайланғанын жария еткенде ескі әрі тар ғимарат ішін ду қол шапалақ көміп кетті. “Қаламы әсте мұқалып” көрмеген қаламгердің сөзін жиналғандар қыбыр етпей тыңдап, әлсін-әлсін қол соғып отырды. Сөзінің соңын “маған айтатын қандай өтініш-бұйымтайларың бар?” деп аяқтауы сол екен, залдағылар “жаңа мектеп керек” шулап қоя берді. “Жақсы” деген ақырын сөйлейтін тарғылдау даусы анық естіліп тұрды.
Ауылға жақындау жерде жайқала өскен ақ қайыңдар баурайына киіз үйлер тігіліп, мәртебелі мейманның құрметіне ас берілді. Балуандар белдесуін, ауыздығымен алысқан сәйгүліктердің аламан бәйгесін, оқушылардың концертін қызыға тамашалады. Маңайын жылы шуаққа, той-думанға бөлеп жүретін “халықшыл жазушы” осы сапарында есімдері елге мәлім бірқатар ақын-жазушыларды өзімен бірге ерте келіпті. “Күнде келіп жатқан жоқпыз. Бәріміз суретке түсейік” дегенде оқушылар мен мұғалімдер Сәбеңді ортаға алған. Мына суретте Сәбеңнің сол жағында белгілі халық ақыны Игібай Әлібаев тұр. Оң жақтан санағанда бірінші тұрған шалақындық суырыпсалма шайыр Ахметжан Нұртазин екенін аға буын бірден таныры сөзсіз. Ал Ақаңмен иық түйістіре бейнеленген ақсақал белгілі жазушы Ермек Қонарбаевтың әкесі Ләмәли екенін туыстары бірден ажыратты.
Сәбең сайлаушылардың өзіне жүктеген аманатын адал атқарды. Жаңа мектеп ғимаратының іргетасы 1974 жылы қаланып, 1976 жылы пайдалануға берілді. Оның қабырғасынан мыңдаған түлек қанат қағып, өмірдегі өз орындарын тапты. Қай-қайсысының болсын сөз зергеріне деген ыстық ықыласы бөлек. Ұмытылмас, естен кетпес кездесуден тәбәрік ретінде сақталып қалған тарихи суреттің жалғыз данасы Бұлақ орта мектебінің мұражайында сақтаулы.


Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan” .

  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp