«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Естен кетпес сыңғыры қоңыраудың

Облыс мектептерінде де дәстүрлі соңғы қоңырау соғылды. Петропавл қаласындағы Ғабит Мүсірепов атындағы №43 орта мектептің 18 түлегін соңғы қоңырау салтанатымен облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан орынбасары Анархан Дүйсенова құттықтады

Салтанатты сәтке мектеп ұжымы мұқият дайындалыпты. Үстіміздегі оқу жылында №43 орта мектеп оқушылары жоғары білім сапасына қол жеткізген. Оқу жылын 68 оқушы үздік бағамен тамамдаса, 305-і екпінді болған. 200-ден астам оқушы халықаралық, республикалық, облыстық олимпиадалардың, конкурстар мен спорттық жарыстардың жүлдегерлері атанған.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында адами капитал сапасын арттыруға баса назар аударады. Білім жүйесіндегі барлық қайта құрулар жоғары білімді, зияткерлік жағынан дамыған, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруға бағытталған. Мемлекет басшысының бастамасымен тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасы ауқымды түрде жүзеге асырыла бастады, – деген облыс әкімінің орынбасары Мемлекет басшысы жастарға патриоттық тәрбие беруге негіз болатын “Туған жер” бағдарламасын ұсынып отырғанын айтты.

Мектеп бітірушілерді алда мемлекеттік емтихандар мен Ұлттық бірыңғай тест тапсыратын жауапты кезең күтіп тұрғанына тоқталған Анархан Дүйсенова түлектер ұстаздар берген білімнің арқасында ол сынақтардан абыроймен өтетініне сенім білдірді. “Ол үшін, ең бастысы, алдарыңызға қойған мақсаттарыңызға қол жеткізуге бар күш-жігерлеріңізді салып, өздеріңізге деген сенімді жоғалтпауларыңыз керек”, – деп түлектерге ақ жол тіледі.

– Бүгінгі мектеп түлегі – ертең биік белестерді бағындыратын өз таңдаған мамандығының білікті маманы. Мектепте сіздер ұстаздар мен ата-аналарыңыздың көмегімен өздеріңізді, қабілеттеріңізді танып білдіңіздер. Сіздер тәуелсіз Қазақстанның іргесін нығайта түсетін болашақтың құрылысшыларысыздар. Ұстаздар қауымы сіздерге сәттілік тілеп, болашақта зор үміт күтеміз, – деді мектеп директоры Роза Сәркен.

Мектептің би және вокалдық ұжымдары түлектерге әсем ән мен биден шашу шашса, 1-сынып оқушылары аға-әпкелеріне қызыға қарап, біз қашан сіздердей боламыз деген армандарын тақпақпен жеткізді.

Тебіреністі сәтті 18 түлектің алдарына қойған арман-мақсаттарын биікке қалықтатып, көз ұшында кетіп бара жатқан түрлі-түсті шарлар толықтыра түсті. Мектеп бітірушілер “Түлектер вальсінің” ырғағымен тербелді.

Соңғы қоңырауды соғу құрметіне “Наследие” балалар қоғамдық бірлестігінің төрағасы, мектеп түлегі Ұларбек Нұрматұлы мен 1-сыныптың оқу озаты Алина Бейсембаева ие болды.

Мерекелік бағдарламаның соңында Анархан Дүйсенова мектептің үздік спортшыларымен әңгімелесті. Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары спортшы Зарина Рывкинаға Петропавлдың “Қуаныш” волейбол клубының құрамында ойнауға кеңес берді. “Маған бұрын да команда құрамында ойнауға ұсыныс жасалған болатын. Бірақ ол кезде мен өз командамды тастап кеткім келмегендіктен, бұл ұсыныстан бас тартқан едім. Бүгін Анархан Қалиқызы маған екінші мүмкіндік беріп отыр. Ол үшін алғысым шексіз”, – деп ол өзінің қуанышымен бөлісті.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp