«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСХАН БАҒЫНДЫРҒАН БИІКТЕР

Қызылжар ауданына қарасты Новокаменка орта мектебінің оқушысы Есхан Әбілқасым Өзбекстан Республикасы Жизах ауданына қарасты Тимирязево ауылында дүниеге келген. Ата-әжесінің қанаттыға қақтырмай еркелетіп өсірген екінші немересі.

Еліміз өз тәуелсіздігін алып, әлемнің шартарабына тарыдай шашылған қандастарын қанатының астына жинап жатқандығын естіген Есханның ата-анасы балаларының болашағы үшін 2002 жылы тарихи Отаны – Қазақстанға көшіп келеді. Қысы ұзақ, жазы қысқа, шөбі шүйгін, малға жайлы Солтүстік Қазақстан облысының Новокаменка ауылына қоныстанады. Мұндағы жергілікті тұрғындарды жатсынбай, ауыл өмірімен, адамдардың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасып кетеді. Ата-анасы Новокаменка орта мектебіне жұмысқа орналасып, ол кезде небәрі бес жастағы Есханды аталмыш мектеп жанынан ашылған еркін күрес үйірмесіне береді. Дене бітімі ірілеу, салмағы жөнінен де қатарластарынан өзгешеленіп тұратын Есхан жаттықтырушысы Смағұл Амановтың үйретуімен әртүрлі байрақты бәсекеде бағын сынап, табандылық танытып, жеңіс тұғырын бағындырды. Бүгінде ол 11-сыныпта оқиды. Осы уақыт аралығында жеткен жетістіктері мектебіміздің мәртебесін өсіріп қана қоймай, оның намысты спортшы болып қалыптасуына оң әсерін тигізді.  

2013 жылы Көкшетау қаласында өткен КСРО-ның Құрметті спорт шебері Ахметжан Қазымбетовті еске алуға арналған республикалық турнирде жүлделі II орынды бағындыруы Есханның шыңдалуына, қарсыласын қапы қалдыруға машықтануына жол ашты. Дәл сол жылы Петропавл қаласында өткен ҚР Құрметті спорт қайраткері Жамбыл Тасеменовтің жүлдесіне арналған облыстық ашық күрес фестивалінде II орынға табан тірейді. “Батыр майданда шыңдалады” дегендей, оның дүбірлі додаларға қатысып, балуан жігіттермен пікір алысып, ой бөлісуі спорттың жолдан қосыла кетуге келмейтін күрес саласының құпия тұстарына қанығуына, кілемдегі керемет өнердің әдістеріне дұрыс бағыт сілтейді.

– Тараз, Шымкент қалаларында өткізілген турнирлерде, өзге де додаларда қарсыласымнан қаймықпай, олжалы болуым ұстазым Смағұл ағайдың ерен еңбегі деп білемін. Ол еркін күрестің қыр-сырын үйретті. Әсіресе, қарама-қарсы келген балуанның осал тұсын аңғару үшін қырандай қырағылықтың қажет екенін айтып, қанаттандырды, – деп Есхан ұстазының ұлағатты істерін үлгі тұтатынын мақтанышпен жеткізді.

Есхан бүгінде ҰБТ-ға қызу дайындық үстінде. Тәжірибе жүзінде өткізіліп жүрген байқау-сынақтарда жоғары нәтижеге қол жеткізіп, жақсы ұпайлар жинап жүргені қуантады.

“Кісі болу деген – күрескер болу” деп, адамдықтың айнымас қағидасын айтқан ғұламалардың сөзін санасына сіңіріп, білекті балуан, білімді маман болуды көздеп жүрген оның алар асулары әлі алда.

Гауһар ТАНАБАЕВА,

Новокаменка орта мектебі директорының

оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp