
Облыс әкімі Самат Ескендіров жұмыс сапарымен Есіл ауданында болып, егіс науқанының барысымен танысты. Сондай-ақ, аудандағы астық сақтау мен шикізатты өңдеу кәсіпорындарының жағдайын көрді.
“Егін” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің диірмен, макарон кешені Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған. 2012 жылы тікелей телекөпір байланысында Елбасы тұсауын кескен жобаның жұмысымен облыс әкімі Самат Ескендіров танысты.
Жобаны іске асыруға қажетті 200 миллион теңге қаражатты “ҚазАгроҚаржы” акционерлік қоғамы лизингке берген. Кәсіпорын цехтары толықтай италиялық қондырғылармен жарақтандырылыпты. Бүгінде серіктестік күніне 7 тонна макарон өнімдерінің 12 түрін өндіреді. 200 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтамасыз етіп отырған кешен үш ауысымда жұмыс істейді.
Серіктестік өнімдеріне жергілікті және республикалық нарықтан бөлек, шетелден де сұраныс бар. Өнімдер негізінен Түрікменстанға, Қырғызстанға және Өзбекстанға экспортталады.
Өндіріс іргесін кеңейтуді жоспарлап отырғандарын айтқан кешен директоры Владимир Чубыкин:
– Сағатына 1 тонна өнім шығаратын жаңа желі орнатпақпыз. Оған қажетті құрылғыларды таңдап қойдық. Жер өңдеп, бидай егеміз. Бірақ тұтынушыға шикізаттан гөрі дайын тауар қажеттірек. Сондықтан астық өңдеу ісін дамытқымыз келеді. Макарон түрлерін де көбейтпекпіз, – деді.
Диірменде бидайдан күніне 100 тонна ұн үгіледі. Шаруашылықта бұған қажетті шикізат қоры жеткілікті. Биылғы егістік науқанында иелігіндегі 7 мың гектар егістіктің 5 мыңына бидай тұқымын сіңірмекші. Өзгесі майлы дақылдардың үлесінде. Кәсіпорынның жоғары сапалы макарон өндіруге астық сақтайтын модулі де бар.
Ауданға жұмыс сапары барысында Самат Ескендіров танап басында “Заградовское” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің диқандарымен жүздесті. Серіктестік 16 мың гектар аумақта көктемгі дала жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оның 10 мыңында ғана ырыс дәні егілуде. Маңызды шаруаға 7 кешен, 65 трактор мен 74 дәнсепкіш тартылған. Шаруашылық егіншілікпен қатар асылтұқымды мал шаруашылығын қат-қабат өрістетуде. Бүгінде қарамағындағы қазақтың ақбас сиырларының саны 1500 бастан астам. Жылына 27 мың тонна астық жинайтын шаруашылықтың биылғы өнімі сужаңа элеваторға құйылмақ. Оның негізгі құрылысы аяқталған.
373 миллион теңгенің озық үлгідегі құрылғылары “ҚазАгроҚаржы” акционерлік қоғамы арқылы лизингке алынған. Ал құрылыс жұмыстарын серіктестік өз есебінен жүргізуде.
Жалпы өңір агроқұрылымдары дәнді дақылдарды бар аумақтың 30 пайызына сеуіп үлгерген. Майлы дақылдар аяқталуға тамам. Өңір басшысы Самат Ескендіров облыста 2010 жылдан егістік алқаптарын әртараптандыру ісі қолға алынғанын айтты. Бүгінде бидай аумағы 500 мың гектарға азайтылған. Есесіне майлы дақылдар мен мал азығының көлемі ұлғайтылыпты. Жалпы биыл өсімдік шаруашылығын жетілдіруге 3,3 миллиард теңге субсидия бөлінген.
– Бидай алқабының 1 гектарына 400 мың теңге субсидия қарастырылды. Майлы дақылдардың ішінде рапстың гектарына ғана Үкімет 12 мың теңгенің қолдауын жасап отыр. Қатты сұрыпты дәнді дақылдар мен арпаға 2,5 мың теңгеден бөлінді. Диқандар майлы дақылдарды арттыру өнімнің экспорттық әлеуетін жақсартатынын түсінулері керек. Мал шаруашылығын жақсарту қамында мал азығының 1 гектарына 10 мың теңгенің демеуі жасалады. Мұның барлығы шаруаларды әртараптандыру жұмыстарын қолға алуға ынталандырады, – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Былтыр техникалық парк 6 миллиард теңгеге жаңартылса, биыл танап басына 600 миллион теңгеге алынған заманауи кешендер шықты.
Жеңіс ЕРМҰҚАНОВ,
журналист.
Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.