
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов өткен демалыс күндерінде жұмыс сапарымен Есіл ауданында болды. Өңір басшысы жергілікті агроқұрылымдарды аралап, күзгі орақ науқанының барысымен танысты.
Биыл жергілікті егіншілер 186 мың гектар алқапқа ырыс дәнін сіңірген, соның 20 мың гектары аудандағы “Атамекен-Агро-Есіл” серіктестігіне тиесілі. Бүгінгі күнге дейін іргелі шаруашылық – алтын дәннің тең жартысын қамбаға құйып үлгеріпті. Облыс әкіміне шаруашылық директоры Еркін Рахметов жұмыстың ойдағыдай жүруіне мұндағы заманауи комбайндардың пайдасы зор екенін айтты. “Дала төсінде 13 комбайн жүр, өнімді ысырапсыз жинап алу үшін бар күшімізді салып жатырмыз”, – дейді диқандар. Ал астықтың шығымдылығы 16,7 центнерден айналуда, жаздың жаңбырлы болуына орай ылғалдылығы 15-16 пайызды құрап отыр. Сондықтан астық қабылдау пункті тәулік бойы бидайды тазалап, сұрыптаумен айналысады. Серіктестік өнімді кептіру үшін сыйымдылығы 200 тонналық арнайы орамаларды пайдалануда, осылайша астықты сақтаудың жаңа әдісін қолдануда.
Аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Меделбай Әбдірахманов өңір басшысына орақ науқанының бүгінгі жағдайын баяндады. Оның айтуынша, жиын-терінді аяқтауға ауа райының қолайсыздығы бөгет болуда. “Күн ашылса, уақытты шығындамай, жұмысты аяқтаймыз”, – деді ол. Ал диқандар жанар-жағармайдан тапшылық көріп отырған жоқ. Бөлім басшысы аудандағы “Прометей-Агро”, “Атамекен-Агро-Есіл”, “Атамекен-Агро-Корнеевка”, “Пушкинское” секілді серіктестіктерде астық шығымдылығы жақсы екенін, гектар басы 24 центнерден өнім алып жатқанын жеткізді. Есіл ауданы бойынша биыл 146 мың гектарға бидай егілсе, 40 мың гектарға майлы дақылдар орналастырылған. Бүгінгі күні жергілікті диқандар астықтың 60 пайызын жинап үлгеріпті, өнімнің орташа берекелігі гектарына 15,2 центнерден айналуда.
Ерік Сұлтанов аудан диқандарына: “Биыл көрші Ресей Федерациясы 100 миллион тонна бидай сатып алуды көздеп отыр. Мұндай мүмкіндікті пайдаланып, тез арада “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” ҰҚ” акционерлік қоғамының жергілікті филиалымен келісімге отыру қажет”, – деді
Бұдан кейін облыс әкімі алтын өндірумен айналысатын “Әулие-ГолдМайнинг” кәсіпорнына атбасын тіреді. Өз жұмысын былтыр бастаған серіктестік осы күнге дейін 25 килограмм таза алтын өндіріпті. Кәсіпорын директоры Павел Джулай облыс әкіміне кен орнында 300-ге тарта жұмысшы еңбектеніп жатқанын айтты. Олар жыл соңына дейін 50 килограмм алтын өндіруді жоспарлап отырған көрінеді.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.
Суретті түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.