Ерке Есіл арнасынан асып, айналасындағы елді мекен тұрғындарын әбігерге салуы мүмкін. Қазір су деңгейі көтерілуде. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшылығы Петропавл су қоймасының басында ұйымдастырылған көшпелі баспасөз мәслихатында айтты.
Департаменттің азаматтық қорғау саласындағы апаттар тәуекелін төмендету және бақылау басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Серік Наурызбаев көктемгі су тасқынына қатысты соңғы ақпараттармен бөлісті.
– Есіл өзенінің су деңгейі көтеріліп, қауіпті белгіге жақындады. “Қазгидромет” республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының соңғы мәліметтеріне қарасақ, Петропавл су қоймасындағы су деңгейі 971 сантиметрге жетті. Жайылған су халықаралық маңызға ие “Челябі – Новосібір” тасжолының кей бөлігін шайып кетті. Бірақ көлік қатынасы әзірге тоқтаған жоқ. Жүргіншілер енді айналма жолмен қатынауда. Қауіпті аймақ облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мамандарының бақылауында, – деді Серік Наурызбаев.
Гидротораптағы су деңгейін 1004 сантиметрден асырмау маңызды. Егер осы көрсеткішке жеткен жағдайда жайылған қызыл су Заречный мен Тепличное елді мекендеріне, сол маңайдағы саяжайларға кірмек. Қазір бұл аумақтарда құтқарушылар мен тәртіп сақшылары тәулік бойы кезекшілік етуде. Мамандар саяжай қоғамдарын аралап, жағдайды бақылауда. Сергеевка су торабы да лық толып тұр. Су гидротораптың жотасынан 156 сантиметрге асқан.
Қызылжар ауданындағы Новоникольск елді мекені жанында да өзен деңгейі көтерілуде. Қазір өзен арнасынан шығып, су елді мекеннің жанына таяп қалды. Алдағы уақытта оның деңгейі 1500 сантиметрге жетуі мүмкін деген болжам бар. Сондай-ақ, департамент пен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері Есіл өзенінің бойында орналасқан Бәйтерек, Тепличное, Соколовка, Долматово ауылдарының, Петропавл қаласындағы Былғары зауыты шағынауданының маңында бақылауды күшейтті. Жарды ұрып ағып келе жатқан Есілдің асау суы Петропавл қаласына 20-21 сәуір күндері жетеді деген болжам бар.
Евгений ЖУРАВЛЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің ішкі және сыртқы коммуникациялар тобының бас маманы.