Облыстық ішкі істер департаменті ғимаратының жанында майданда от кешіп, бейбіт өмірдің тыныштығы жолында тер төккен Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің құрметіне мемориалдық тақта орнатылды. Ескерткіш тақтаға 700-ден астам майдангерлердің есімдері жазылған.
Іс-шараға департаменттің басшылығы мен жеке құрамы, сала ардагерлері қатысты. Олар елдің бақытты болашағы үшін аянбай күресіп, елге жеңіспен оралған, кейінгі өмірлерін ел тыныштығы үшін күреске – заңды қорғауға арнаған ардагерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Салтанатты рәсім Қазақстан Конституциясы көшесіндегі орталық алаңда жалғасын тапты. Онда мамандандырылған күзет қызметі басқармасына жаңадан қабылданған 18 полицей Отанына және қызметтік борышына адал болуға ант берді.
Бұл күні күзет қызметі басқармасының бір топ қызметкері мен ардагері Ішкі істер министрлігінің және облыстық ішкі істер департаментінің марапаттарына ие болды. Отставкадағы милиция капитаны Шауали Рахмалиновке “Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері” медалі салтанатты түрде табыс етілді.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.