«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Есімнің сәнінен мәні маңызды

Шыр етіп өмір есігін ашқан сәбиге ата-анасы дұрыс есім беру керек. Балаға мағыналы, көркем есім беру – әке-шешенің парызы. Жақсы есім баланың болмысына, оның толыққанды тұлға болып қалыптасуына әсер етеді.

 

Бұрын келін босанғанда ата-енесі тұңғыш немересінің есімін өздері, я болмаса көңілі ауған беделді, танымал адамдарға қойғызып, оның батасын алған. Ал қазір заман өзгерді. Қариялардың қолынан биліктің тізгіні сусып барады.

Кейбір келіндер тарапынан өмірге сәби әкелген соң: “Менің балам, есімін өзім қоям”, – дегендей әңгімелер жиі айтылады. Жә, оған да келісейік. Қойса, өздері қойсын. Бұл – әр отбасының өз шаруасы. Бірақ өздері қойғалы тұрған есімнің мағынасына мән берсе екен деймін. Шыны керек, кейбір кезде жас ата-аналар балаларына мәнді емес, сәнді есім беруді жөн санайды. Жақында немеремді емханаға апардым. Тар ғимараттың ішінде адам көп болған соң, таза ауа жұтуға сыртқа шықтық. Сыртта ойнап жүрген кішкентай балалар көп екен. Соларды қызықтап отырғанда, бір келіншек келіп: “Дана, Даниэлла, пошлите домой”, – деді. Шыны керек, мен оның сол кезде орысша сөйлеп тұрғанына мән де бермеппін, сірә, құлағымыз оған да әбден үйреніп кеткен ғой. Менің таңғалғаным – бірінен-бірі аумай қалған егіз қыздарға “Дана, Даниэлла” деген есімдердің берілгені. Дана деген қазақтың әдемі есімінің жөні бөлек, бірақ Даниэлланы кинолардан құлағым шалып қалғаны болмаса, өзіміздің қаракөздеріміздің арасында да бар екен деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті.

…Бірінен-бірі аумай қалған егіздер көз алдымнан ұзағанша соңдарынан қарап тұрдым. Есімдеріне лайық бірі дана, ақылды, сабырлы болар. Ал Даниэлла деген есім жайында не білеміз? Біздің қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын осынау шетелдік есімнің қандай қатысы бар, түсінбеймін.

Өзгенің өміріне араласқым келмейді, бірақ баланың келешегіне немқұрайды қараған ата-аналардың осындай ісіне қалай ғана үндемей отырасың?

Бүгін “Ерік өздеріңде” деп үнсіз отыра берсек, күні ертең Майрамыз – Мелек, Әмірлеріміз – Эмир, Самалдарымыз – Эсмиральдо, Жібектеріміз – Жасмина, Арайлымдарымыз – Аруна болып кетсе, не істейміз?

“Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса” дегендей, әркім баласына қандай есім берсе де, қалауы біледі. Бірақ мұндай мүдделі, маңызды мәселеге келгенде жеті рет ойланған дұрыс.

Сипат ЖӨКЕНОВА,

зейнеткер.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp