«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСІМІН ЕЛБАСЫ ЕЛЕГЕН

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз еліміздің тарихи сахнасына қаншама қайраткер азаматты шығарды, олардың тұлға дәрежесіне көтерілуіне тікелей ықпал етті, мемлекет жұмысын жүргізудің тәсілдерін үйретті, соның арқасында Елбасы ел игілігі үшін ғаламат қажыр-қайратпен еңбек етті, осы күні “Елбасы командасы” деген мәртебелі ұғым өз-өзінен келе салған жоқ, Мемлекет басшысының көрегендігі, қамқорлығы, тәрбиесі, өнегесі түкпір-түкпірде жүрген қаншама адамның үлкен биіктерге көтерілуіне жол ашты. Біз осы айдар арқылы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетшілдік тұлғасын кеңінен насихаттауды мақсат етіп отырмыз.

“Президенттің баспасөз хатшысы” деген лауазымға бұл күнде көзіміз де, өзіміз де үйрендік. Мемлекет басшысының ең алғашқы баспасөз хатшысы кім еді? – деген сұрақ туа қалса, тіліміздің ұшына Ербол Шаймерденұлының есімі орала кететіні анық. Ербол Шаймерденұлы – еліміздің алғашқы баспасөз қызметін құруға еңбек сіңірген танымал журналист. Кеңес Одағы қалжырап, одақтық байланыстар біте түскен тымақтай түте-түте болған тұста Ербол Шаймерденұлы Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті Баспасөз орталығының жетекшісі болды. Бұл қызметті сол кездегі республика басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі ұсынған болатын. Бұған дейін біздің еліміздің тарихында мұндай қызмет болған жоқ. Барлық идеологиялық басшылық Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысы мен тиісті үгіт-насихат бөлімі арқылы жүргізілетін. Ербол Шаймерденұлы 1989-1991 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Баспасөз орталығының жетекшісі қызметін абыроймен атқарды. Нұрсұлтан Назарбаевтың “Ақиқаттың ақ жолы”, “Без правых и левых” атты кітабы жарық көрген сол жылдары Мәскеуде, “Октябрь”, кейіннен “Президенттік” отель атанған қонақүйде алғашқы тұсаукесер рәсімі өтті. КСРО ғана емес, бүкіл шетел журналистерінің қатысуымен өткен осы тұсаукесерге “Егемен Қазақстан” газетінің тілшісі ретінде мен де қатысқан едім. Сол тұста Ербол Шаймерденұлының ерекше ұйымдастыру қабілетін өз көзіммен көрдім. Нұрсұлтан Назарбаевтың одақтық, сосын әлемдік деңгейдегі саясат сахнасына тұңғыш рет ашық шыққан кезі. Дүниежүзінің барлық елінен журналистер келді. Сұрақ қоямын деген тілшілердің бәріне еркін мүмкіндік берілді. Нұрсұлтан Әбішұлы кез келген сұраққа бүкпесіз, ашық, байсалды жауап беріп отырды. Сол тұста Қазақстанда казактар қозғалысы екпіндеп, еркінсіп, тіпті кей жағдайда дандайсып тұрған еді. Ресей журналистерінің бірі казачество хақында бір сұрақты “періп” қалды. Назарбаев еш сасқан жоқ.

– Біз казактардың өздеріне тән салт-дәстүрлерін ұстануына ешқандай да қарсылық білдірмейміз. Әндерін салсын, билерін билесін. Бірақ біздің елімізде олардың қылышын жалаңдатып қоя алмаймыз. Қазақта “Шаңыраққа қара” деген жақсы сөз бар, Қазақстанда тұрғысы келе ме, тұрсын – бірақ қазақ елінің заңдары мен дәстүрін сыйлайтын болсын! – деп бірден кесімді жауап берді.

– Қазақстанның бірнеше облысы Ресейге тиесілі, бұл туралы Солженицынның жазғаны бар, осы мәселеге қалай қарайсыз? – деп тағы бір журналист шетін мәселенің ұшығын шығарды. Назарбаев бұл сұраққа жауап бермес бұрын, өзіне тән жайдары, ашық күлкісімен жақсылап бір күліп алды.

– Мәселені бұлай қоюдың еш жөні жоқ. Біздің мемлекетіміздің территориялық тұтастығына ешкімнің де қол сұғуына, көз алартуына жол бермейміз. Ақыры жер туралы әңгіме қозғалды ғой, мен сіздерге қазір бір заманда осы Мәскеуді қазақтың ханы Тоқтамыстың шауып алғанын айтайын, анау Орынбор, Омбы, Саратов, Астрахань, ар жақтағы Құлынды даласы, Ор қаласы сіздерге кімдерден қалды екен? Егер осылай тереңдей беретін болсақ, даулы тақырыптың таласы таусылмайды. Сондықтан “бас жаққа барыспайық”, Қазақстанның территориялық тұтастығы, қазіргі шекарасы тиісті заңдармен бекітілген, қазақ жерін бөліске оп-оңай сала саламыз дегендер оңбай қателеседі. Біздің еліміздің “Егемендік туралы” декларациясы бар. Біз ешкімнің де территориялық тұтастығымызға сына қағуын болдыртпаймыз. Солженицын жазушы ғой, қиял әлемінде болатын жандар кейде не жазып, не қойғанын білмей де қалатын кездері болады, – деп әзіл-қалжыңмен астарлай отырып, түйткілді сұрақтан сенсация жасағысы келген тілшінің аузын жапты.

Осы бір өте жоғары деңгейде өткен тұсаукесер рәсімін ұйымдастырудың барлық жауапкершілігі мен машақаты Ербол Шаймерденұлының иығына түскен болатын. Қаншама азуын айға білеген шетелдік журналистермен тікелей жұмыс істеп, Нұрсұлтан Назарбаевтың, осы кездің тілімен айтқанда, “оң имиджін” халықаралық дәрежеде оңынан қалыптастыра білген қабілеті мен шеберлігіне, білімі мен білігіне тәнті болғанбыз. Ол уақытта қазіргідей диктофон, интернеттік жедел құрылғылар жоқ, “Егемен Қазақстан” газетіне осы шара туралы көлемді ақпарат жазуыма, оны жедел Қазақстанға жөнелтуге, сапардың мақсаты мен мәнін кеңінен айқындауға Ербол аға көп көмектесті. Қажетті деректер мен сілтемелерді алуыма жәрдемдесті. Өзінің негізгі мамандығы журналист болғасын, Ербол Шаймерденұлы ылғи да тілшілерге оң қабақпен қарайтын, шамасы келгенінше көмек қолын ұсынуға даяр тұратын еді.

Ерекең 1991-1996 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің баспасөз хатшысы, Қазақстан Республикасы Парламентінің баспасөз хатшысы міндеттерін де өте үлкен жауапкершілікпен атқарды. Мемлекеттік қызметте жемісті жұмыс істеді. Еліміздің бас газеті “Егемен Қазақстан” газетінде ұзақ жылдар қажырлы еңбек етті. Журналистік және мемлекеттік қызметте жүріп, қарбаласқан қанша тірліктің арасында “Игілік деп осыны айт”, “Тыңда тоғысқан тағдырлар”, “Көңіл суреті”, “Жүректегі жазулар”, “Даналық дидары”, “Мәңгілік мұрат”, “Ақиқат айнасы”, “Ақыл-ой антологиясы”, “Қазақ елінің рәміздері”, “Елтану әліппесі”, “Әз Астана”, “Қазақстан Республикасының рәміздері”, “Қазақ афоризмдері”, “Елтаным” сияқты туындыларды дүниеге әкелді. Бірқатар әлемдік философиялық ой-пікірлерді қазақ тіліне тәржімалап, маржан сөздің мәйегін жинастырды. А.Камю, Ф.Ницше, Х.Ортега-и-Гассет, К.Ясперс, М.Хайдеггер сияқты философ қаламгерлердің шығармаларын қазақ тіліне аударды. Қазақ жазушыларының туындыларын орыс тіліне аударумен де шұғылданды. Республика Тіл комитетінің басшылығында отырғанда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, қолданыс аясын кеңейтуге аянбай атсалысты. Ербол Шаймерденұлының асқан жауапкершілікпен һәм мұқият құнттылықпен тағы бір жанын сала жұмыс істеген жері мемлекеттік рәміздерді әзірлеу тұсында айрықша көрінді. Мемлекеттiк рәмiздер жөнiндегi республикалық комиссияның және эксперттiк кеңестiң мүшесi ретінде 1992 жылы қабылданған мемлекеттік рәміздерді әзірлеу, ұлттық геральдиканы қалыптастыру ісіне айтулы үлес қосты, еліміздің мемлекеттік рәміздері туралы бірнеше марқалы еңбек жазды. Егер сол кезеңде дәл осы Ербол Шаймерденұлындай мемлекетшіл, ұлтшыл, жұртшыл азамат табылмай қалып, өзге бір ноқалай біреудің қолына тигенде біздің рәміздеріміздің жай-күйі қандай болар еді деген де ой келеді.

Елбасының осындай мемлекеттік мәні мен маңызы үлкен жұмысты Ербол Шаймерденұлындай мемлекеті мен ұлтын шексіз сүйетін азаматқа артуы да тегіннен-тегін емес. Баспасөз хатшысы болған кезде Ерболдың қандай жауапкершілікпен, қандай тындырымдылықпен жұмыс істегенін Мемлекет басшысы жақсы білетін.

Мемлекеттік рәміздерді әзірлеу, ұлттық геральдиканы қалыптастыру деген де қазақ үшін игерілмеген тың дала секілді нәрсе болатын. Ербол Шаймерденұлының білімдарлығы мен байқампаздығы, талапшылдығы мен талғампаздығы осы тұста айқын танылды. Әлемде мемлекеттiк рәмiздердi зерттеумен рәмiзтану саласы айналысатыны белгілі. Қазақ елінде мұндай “рәмiзтану” ғылымы болған емес. Бұл ғылымның басты нысаны – рәмiздердiң қалыптасуын, әр құрамдас бөлiгiнiң мағынасын жан-жақты зерделеу болса, осыншама жауапты саланы тәуелсіз еліміздің мемлекеттік нышандарымен терең үйлестіру Ербол Шаймерденұлының еншісіне тиген шаруа болды. Ерекең, ең алдымен, рәмізтану саласындағы әлемдік тәжiрибемен барынша мұқият танысты. Елдік, мемлекеттік шаруа болғандықтан, қазақтың төл тарихын да осы іске қабыстырып, арғы-бергі тарихымызда тіл мен тұғырға тірек болатұғын деректер мен дәйектемелерді мейлiнше жiтi шолып, індете ізденгенін айту керек. Сонымен қабат әлемдегі геральдика мектебі мойындалған он шақты жетекші елдiң ғалымдарымен кеңінен пiкiр алмасып, сол елдердің рәмізтану, геральдика салаларындағы тәжiрибесін түгелдей зерделедi. Ер-аға республикалық баспасөзге берген бір сұхбатында бұл туралы ақтарыла әңгіме айтқанды. “Елдiк рәмiздер – ұлттың ерекше құндылықтарының бiрi. Себебi, онда азаттық аңсары, жаңа құрылған мемлекетiмiздiң бағыт-бағдары жан-жақты әрi айқын көрiнiс тапты. Осынау көрiнiстен қоғамның саяси құрылысын да, ұлттың сабақтастығын да тану қиындық тудырмайды. Рәмiздердiң аса маңызды екенi сонша, бұлар елдiктiң мөрi делiнуге лайық. Рәмiзтану саласында қалыптасқан талаптарға сай олардың тарихи тамыры тереңнен тартылуы шарт. Қазiргi мемлекеттiк рәмiздерiмiз осы және басқа да көптеген талаптарға толық жауап бередi. Сақ заманынан басталатын сабақты мағына бүгiннiң еркiндiк рухын да сездiредi. Рәмiздердегi әр құрылымдық бөлiктiң өзiндiк мәнi терең. Бiр ғана көк түстiң өзi көп сыр шертедi. Әр халықтың таным-түйсiгiне байланысты өзiнiң ұлттық түсi бар. Қазақтың дүниетанымына шақ келетiнi – мемлекеттiк туымыздағы зерен көк түс. Әйгiлi Ансельм кестесi бойынша осынау түс – адалдықтың, кiршiксiз тазалық пен пәктiктiң нышаны. Көк түс ынтымақ пен бiрлiк идеясын аңғартады, бейбiтшiлiк, тұрақтылық пен береке-байлық белгiсi болып саналатын ашық аспанға меңзейдi. Аспанкөк түс – қазақы ұлттық бояудың реңi. Ұлттың дiлi, танымы, мәдениетi мен бұл түске деген айрықша iлтипаты осы ойға жетелейдi. Кезiнде Түрiк, Хазар, Ұлы селжүк қағанаттары, Ақсақ Темiр Көреген мемлекетi, Қазақ хандығының бiрқатар хандары мен батырлары көк асаба көтерген. Қазақ КСР-iнiң мемлекеттiк жалауында да шағын көк жолақ пайдаланылды. Қазақстан Республикасы мемлекеттiк туының бiр түстi болуы егемен елдiң бiрлiгiн, территориялық тұтастығын паш етедi”.

Қазақстан тарихында алғаш рет Мемлекет басшысының байрағы 1995 жылғы 29 желтоқсанда пайда болды. Бұл – мемлекеттiң ең жоғары лауазымды тұлғасының ресми айырым белгiсi. Оның сипаттамасы арнайы жарлықта айқындалған. Осы байрақтың жобасын жасау кезінде, кейін түпкілікті бекітер тұста да Ербол Шаймерденұлы Нұрсұлтан Әбішұлымен жиі жолықты, пікірлесті. Президенттің тиісті ескертпелері мен ақыл-кеңестерін тыңдады.

Осындай байрақтың пайда болуына, оның жобасы мен эскизінің жасалуына, сүзгі мен талқыдан өтіп, бекітілуіне Ербол Шаймерденұлының тікелей қатысы болды. Тап Ербол ағадай зерек, ұқыпты, сергек, тиянақты, дегдар адам болмаса, мұндай Мемлекет басшысының мәртебесін биіктетер байрақ дүниеге келер ме еді, келмес пе еді? Келсе де көңілден шығар ма еді, көкейдегідей болар ма еді, болмас па еді?!.

Ербол Шаймерденұлының ерекше парасат, айрықша білім иесі болғанын Әбіш аға Кекілбаевтың: “Басқасын білмеймін, ал әдебиеттің мәселесіне келгенде “алдына келгенді тістеп, артына келгенді тебетін” аса кірпияз, аса талғампаз классик жазушы Нұрпейісов “Қан мен терді” кезекті бір сүзгіден тағы да өткізіп, әйгілі романның кейбір эпизодтарын қырнап-сүрнеген соң “Соңғы сөзді” жазу машақатын жанында жүрген мүйіздері қарағайдай-қарағайдай қаламгерлердің бірін де көзге ілмей, тап осы Ербол Шаймерденұлының мойнына жүктегені неліктен?” – дей келіп, оның себебін Ерболдың терең эрудициясы мен білімпаз болмысынан іздегені бар. Әншейінде кез келген жанға ықыласы түсе бермейтін, елпілдеп иліге қоймайтын Әбе – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің Ербол дегенде ішер асын жерге қоятындай ілтипатының ар жағында оның еңбегі мен қабілет-қарымын мойындау жатқанын аңғаруға болады. Алыптар бір-бірін қалыбынан таниды. “Қан мен тердің” екі томдық жаңа басылымы Ербол Шаймерденұлының “Соңғы сөзімен” мазмұны байып, әдеби айшықталып барып жарыққа шықты. Тоқсандағы жасымен, әбді әзиз басымен Әбе Ерболдың қырқына Алматыдан арнайы барып, қатысып, талантты інісіне жоқтау, оның отбасына тоқтау айтуы да тектен-тек емес.

Ақылды адам нақыл жинайды. Ақымақтар жанын қинайды.

Ерекеңнің елге қалдырған үлкен мұрасы арғысы әлем, бергісі қазақ ойшылдарының қазына сөздерін жинастыру ісімен байланысты. Осы ретте 2012 жылы шыққан “Қазақ афоризмдері (Ақыл-ой антологиясы: бағзыдан бүгінге дейін)” деген Ербол Шаймерденұлының кітабына аз-кем тоқтала кету де артық болмас. Қазақ афоризмдерінің көне замандардан бүгінге дейінгі әр алуан үлгілерін жинақтаған антологияны құрастырушы көшпелілер мен олардың ұрпақтары ой мұхитының “құмдағы ізін” қармап, “сайдағы тасын” теру арқылы 25 ғасырлық тарихи кезеңді көктей шолып өткен. Антологияның бірінші бөлімінде (“Ой қазына”) авторларды орналастырудың алты кезеңге бөлінген жүйесі ұсынылған. Сақ-скиф дәуіріне орайлас – “Бағзы мәдениет бұлақтары”, түркілік діңгек кезеңге сәйкестендіріліп – “Ортақ қазына”… Кейінгі тараулар – “Төлбастау”, “Құнарлы көмбе”, “Өнердің алтын ғасыры”, “Жаңа дәуір – жаңа арнаға” жалғасады. Екінші бөлімде (“Ақылнама”) халық ауыз әдебиетінің әртүрлі жанрларында жасалған шығармалардан теріп алынған афоризмдер жинақталған. Бұл кітапта даналық сөздердің жауһар жиынтығын жаңылмай табасыз. Мұны Ер-ағаңның өзі атап айтқанындай, “сұлу сөздің қадірін білетін, шешен сөйлеуді өнерге балайтындар үшін шеберлік шыңдау мектебі десе де болады”. Ербол Шаймерденұлы қазақ афоризмдерін бір жүйеге жинақтап, ғылыми айналымға түсіріп, келешек ұрпақтың еншісіне мол мұра ретінде қалдырып кетті. Бастауын Заратуштра, Конфуций, Анахарсис, өзіміздің Тоныкөк, Білге қағандардан алатын, жалғасы Асан қайғы, Абай мен Шәкәрім, Әлихан, Ахметтерге дейін, баяны Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Бауыржан Момышұлы, одан кейінгі Зейнолла Қабдолов, Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әлі, Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменов секілді маржан сөздің марқасқаларымен қабыса ұласатын қазақ афористикасын сарымайдан торта айырғандай түзудің өзі қандай жанкешті еңбек еді десеңізші?!

Осындай кеуделі тірліктің төбесінен бір-екі қыл суырса, көкірегі аяққаптай болып, адам танымай, аспандап кететіндердің сұрыбынан емес еді Ер-ағаң. Бұл туралы оның әріптес дос ағасы Сабыржан Шүкірұлының былайша жазғаны бар: “Жорналшы Ербол, ақын Ербол, аудармашы Ербол, этнограф Ербол, әдебиетші Ербол, жазушы Ербол, рәмізші Ербол, мемлекеттік қызметкер Ербол, ел өміріндегі саяси жұмыстардың қазанында қайнап өскен Ербол, бәрінен де бұрын таза жанды азамат Ербол.

Ербол Жоғарғы Кеңесте, Президент кеңсесінде, Парламентте қызметте болған кездерінде де, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитетін екі мәрте басқарған кездерінде де, Ақпарат және мұрағат комитетінің бірінші орынбасары болған шағында да өз қабілетін ел мәдениетін дамыту, бұқаралық ақпаратты заман рухына бейімдеу, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мүддесіне арнады. Ерболдың, әсіресе, мемлекеттік рәміздерді әзірлеу, талқылау, комиссиямен, авторлармен жұмыс істеу кезіндегі еңбегі мен ізденісі ерекше болды. Бұған бұқаралық ақпарат құралдарын кеңінен қатыстырып, көпшілік пікірін де ескере отырып, жариялы жүргізді. Ол – мемлекетшіл, қоғамшыл, достыққа адал, ала жіпті аттамаған, кісіге зәбірі тимеген, асын адал ішкен азамат болды”.

Ақын, рәмізтанушы, аудармашы, журналист, “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері”, “Құрмет” орденінің кавалері, М.Дулатов атындағы сыйлықтың иегері Ербол Шаймерденұлының Ф.Ницше, Л.Вовенарг, В.Ключевский, Ф.Ларошфуко, Б.Грасиан, У.Кей-Кабус, А.Камю, К.Поппер, М.Хайдеггер, Э.Берн және басқа толып жатқан ойшылдардың қанатты сөздерін қалың қазағының назарына ұғынықты тілде ұсынған жанқиярлық жұмысын болашақ буын барқадар бағалайтын болар деп білеміз.

Ербол Шаймерденұлы ақберен журналист, сыршыл ақын, шебер суреткер еді. Аяулы жары Күләш пен ұрпақтары Ербол ағаның шығармашылық еңбектерін 6 томдық кітап етіп шығарды. Ол жөнінде жеке сөз етудің реті келер. Еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының журналистика факультетінде дәріс алып жатқан студенттер Ерекеңнің журналистік шеберлігі тақырыбында зерттеу жүргізсе, мемлекет және қоғам қайраткерінің қаламгерлік, публицистік қыр-сырына қанығар еді. Оның қаламынан туған “Арман қала – Астана” әні елордамызға арналған ең алғашқы және өте сәтті шыққан жыр болатын. Сондай-ақ, ақынның “Төгеді жаңбыр”, “Асыл жар”, “Көлсай” тәрізді бірнеше ән мәтіндері қазақ эфирінен әдемі әуенімен ұдайы естіліп тұрады. Таланттың аты – талант. Әттең, не керек: нағыз кемеліне келген шағында, желтоқсанның бір тұманды таңында Ербол Шаймерденұлы өзі сүйген, өзі тұрған, өзі еңбек еткен Астанада келместің кемесіне кезексіз мініп кетті…

Ерболдың есімін Елбасы еледі. Еліміздің тағдыр-талайы күмәнді шағында, егемендіктің бастау бағында жанына шақырды. Бірталай жауапты қызметті сеніп тапсырды. Ербол Шаймерденұлы алғыр да білгір, зерек те зерделі қарым-қабілеті, ерінбес еңбекқорлығы мен табанды тегеурінділігінің арқасында Елбасының да, елдің де сенімін ақтады.

Келер күндерде Астанада – қазақы сөздің қайнарына қанығып, нақыл мен ақылды бойына сіңірген тәуелсіз елдің жас толқыны елордадағы Ербол Шаймерденұлы атындағы көшеге түсіп, кеуде керіп келе жататын шырайлы шақ онша алыс та емес!.. Жаратқан сол күнді көруге жазсын!

Нұртөре ЖҮСІП,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp