«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСІМІН ӘЛПЕШ ҚОЙҒАН СОҢ әлпештеуге лайық бола білді ол

Ертеректе “Ленин туы” деген атаумен шыққан қазіргі облыстық “Солтүстік Қазақстан” газеті өңір өмірінің айнасы десек, оның мазмұнды да сапалы шығуына журналистермен бірге корректорлар мен беттеушілердің де лайықты үлес қосқаны анық. Байқап отырсақ, кешегі және бүгінгі қызметкерлердің басым бөлігі газет редакциясының табалдырығын жігіт шағында немесе бойжеткен жасында аттап, зейнеткерлік жасқа дейін осы ортада тынымсыз еңбек етіпті. Жастықтың ыстық жалынына оранып жүрген кездерін еске алған аға буын ол күндерді ұжымдық өмірдің қызығымен сабақтастыра баяндайтыны да бар. Осылайша біз олардың әңгімесінен осыдан 20-30 жыл бұрын еңбек етіп кеткен талай адамның аты-жөнін, мінез-құлқын біліп, танып алдық. Солардың қатарында Әлпеш апай да бар.

Әлпеш Смағұлова өткен ғасырдың 70-90-шы жылдары басылым “Ленин туы” аталған кезеңде газет өндірісінің ауыр еңбегін бөлісіп, талай жыл көз майын тауысып корректор қызметін атқарған екен. Әлпеш апайды редакциямызға келгенінде бір-екі рет көргенім және ол туралы әріптестерінің жылы лебізін естігенім болмаса, бетпе-бет жүздесуім бірінші рет еді.  

Әлпеш апай өз жасына қарағанда тың көрінеді. Көңілі де сергек. Жас болсам да, алдымда елбелектеп жүрген апайдың мінезі жайсаң, жаны жомарт екендігін де аңғардым. “Ақыл – сөзде, мерей – көзде” екенін ескеріп, апай өз тағдырын еске алып, өмір белестерін баяндаған кезде, оның тағылымдық сөздерінен енші алып қалуға тырыстым. “Күлсең – кәріге күл” дегендей, бір айтқан сөзін екі қайталап, айтып жатқан әңгімесін үзіп тастап, басқа тақырыпқа көшкен кейуана бұл қылығымен де сүйкімді көрінді. “Мен әр нәрсенің басын бір шалып айта берейін. Сен өзіңе керегін теріп аларсың”, – деп өзінің әрекетіне де баға беріп қояды. Әлбетте 80-ге келген адамға өткенді тәптіштеп айтып бер деудің өзі жөн болмас. Алайда, оның өзімен бірге әр жылдары еңбек еткен адамдардың аты-жөнін жақсы есте сақтағаны таңғалдырды.

– Мен небір талантты қаламгерлермен жұмыс істедім. Редакция алтын бесік қой. Мені алғаш жұмысқа алған Ғалым Мұхаметжанов болатын. Ұмытпасам, бұл – 1957 жыл. Бірақ бір айдан кейін оны Алматыға алып кетті. Оның орнына Балтабек Асанов деген тағы бір жақсы адам келді. Бүгінде Рашид Бәдірленов, Ғазез Нұрмолдин, Мұхаметқали Нұрғожин, Уәра Нұрсейтов, Әмір Қожахметов, Сабыр Сауытбаев, Дүйсенбі Әуелбеков, Тұрсынбай Кәкімов, Тұрысбек Кәдіров, Ербол Шаймерденов, Қайырбек Баймұқанов сияқты қаламгерлердің есімдерін жиі еске аламын. Сонда деймін-ау, жас болғандықтан шығар, жұмыста шаршау дегенді білмейміз. Ол заманда газеттің бір нөмірін шығару үшін қаншама адам тәулік бойы жұмыс істейтін. Сондағы күні-түнгі еңбек режіміне өзіміз де, отбасымыз да қапаланбаймыз. Марқұм жұбайым балаларға бас-көз болып, үйдің шаруасын өзі реттей беретін. Осылайша өміріміздің нағыз қызу шағын жұмыспен арпалысып жүріп өткеріппіз-ау, – деді.

Әлпеш апай жас кезінде түскен суреттерге толы альбомды қолыма ұстатты. Жанарын сығырайта, суреттерге тесіле қарайды. Манадан іздегені атасының суреті болып шықты.

– Бұл – менің әкемнің ағасы. Бірақ маған әке болған адам. Оның балалары жастай шетіней беріпті. Әкем Байділда ағасы Жұмаділданы жақсы көріп, құрмет тұтқаны соншалықты, өз перзентін оның бауырына басады. Атам болса, мені алақанына салып өсірді. Туған әкем Екінші дүниежүзілік соғыстан оралмаған кезде, маған, анам мен сіңліме бас-көз болған сол кісі. Жарықтық жақсы адам еді. Теміржолшы болатын. Далада қаңғырып жүрген қаншама адамды жанашырлықпен үйге алып келетін кездері есімде. Соғыстан келгендерге үстіндегі киімін шешіп беретін. Бізді де айналаңа жақсылық жаса деп үйретіп отыратын, – деп әке орнына әке болған аяулы жанды еске ала отырып, сағыныштан жанарын бір сулап алды.

Әр адамның өмірі – жазылмаған дастан. Әлпеш апай да өз өмірін, маңдайына жазылған тағдырын баяндаған кезде, кішкентай бойлы кейуананың өмірдің ащы-тұщысын қатар көріп, қиындыққа мойымай, қоғамдық ортаның тек жақсылықтарын көңіліне медет еткені, өмірін мәнді етуге тырысқаны байқалады. Балалық шағында соғыс ауыртпалығын көріп өскен ол ерте есейіп, еңбекке ерте араласқан. Тұлымшағы желбіреген бойжеткен, тіпті, тың игерушілердің легіне қосылып, Ақмола облысында екі жыл еңбек етіп келген. География пәні мұғалімінің ұстаздық жолында да қалдырған ізі бар. Десек те, ол еңбек өтілінің біраз жылдарын газет ісіне арнапты.

– Жалпы журналистер ортасында еңбек ету бір ғанибет. Оның үстіне сонау жылдары қаламгерлердің баршасы ер-азаматтар болатын. Олардың ұжымдағы әйелдерге сыйластығы өте жоғары еді. Ағалардың айтқан ақылдарын санаға түйіп, жасы кішілердің еркелігін көтеріп, ұжымда тату-тәтті жұмыс атқаратынбыз. Бүгінде сол сүйікті редакция бізді ұмытпай айтулы мерекелер кезінде қара шаңырақта басымызды қосқан кезде мерейіміз бір көтеріліп қалады. Байқаймын бүгінгі ұжымның құрамы жасарған. Қыздар жағы басым көрінеді. Бұл газеттің абыройын талайлар қиын-қыстауда да асқақ ұстаған. Соны жалғастырып келе жатқан бүгінгі ұжым да осал емес. Мағжандай ағамыз еңбек еткен орта ешқашан өзінің беделін түсірмеуі тиіс. Және соған тілектеспіз! – деп кейуана батасын берді.

Әлпеш апай – газет жұмысының ауыр жылдарында еңбек етумен қатар, бала тәрбиесін де қалт жібермеген аяулы ана. Екі қыз бен бір ұл өсіріп, бүгінде олардан немере мен жиен сүйгеніне разы. Оның бүгінгі бақыты да, қуанышы да солар. Алматыда оқитын немересін, жақында туған шөбересін айтып, көңілі тағы бір жадырап қалды. Сондай-ақ, ол бауырмалдық қасиетін де жиі сездіріп, сіңлісі мен інісі туралы да тебірене әңгіме қозғады.

Сексенге келген қарияның балаша толғана жеткізген әр сөзінде адамдықтың, адалдықтың, бауырмалдықтың лебі есіп тұрды.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp