“Тарих деген – шежіре. Уақыт деген алып бар. Сол алып уақыт әркімді өз орнына қояды. Кімнің-кім екені сонда айқындалады”, – деген Жұмабек Тәшеневтің қазақ халқы үшін сіңірген еңбегі, төккен тері мадақтауға ғана емес, бас июге лайықты. Қылышынан қан тамған кезеңде, адамдардың бәрі қосүрей тартқан заманда ол қазақтың сөзін сөйледі, мүддесін көкседі, жоғын жоқтады. Жүрегімен, жанымен, бүкіл бітім-болмысымен қазақ болып туған ол ел, жер дегенде шығарға жаны басқа тұлға болатын. Қазақ халқына тиесілі ұлан-ғайыр кең даланы өзге мемлекеттің аумағына өткізбей, аман алып қалуға жасаған батыл әрекеттеріне, батыр шешімдеріне қарап-ақ оған берілген “Ұлт жанашыры” деген ұлы аттан өзге құрметтің бағасы артық бола қоймас, сірә.
Мен ол кісімен талай мәрте дәмдес болдым. Оның жамағайын інісі Талғатпен ауыл шаруашылығы техникумында бірге оқыдық. Сұм соғыс саябырсып, ел ішінде тыныштық орнаған ашқұрсақ жыл болатын. Талғат екеуміз Жұмекеңнің үйіне барып, қарнымызды тойдырып, бірге қонамыз. Жұмекең жұмыстан кеш келеді. Жылы жүзді жеңгейіміз (әйелін жеңгей деп қана атаушы едік) түнгі үш-төрт шамасында жұбайының ас-суын дайындап, тағамын алдына тосатын. Ұйықтап жатқан бізді көріп, оятып, дастарқан басына бірге шай ішуге шақыратын.
Ол кісінің адамгершілігі аз сөзбен айтуға келмейді, кең көсіле әңгімелеуді қажет етеді. Ақжарқындығы, шыншылдығы, турашылдығы, әділдігі оның кісілік келбетін сомдап, рухани әлемін паш етіп тұрғандай.
Қазақ мемлекетінің тұтастығы жолында ешқандай шенді-шекпендіге бағынбай, шыңыраудағы шындықты шынайы әрекетімен, жан шырылымен шығаруға тырысқан ардақты тұлғаның есімі Петропавлдағы №20 мектепке берілетіндігін естігенімде қуанғаным рас. Өйткені, іргелі білім ордасынан түлеп ұшатын бүгінгі болашақ шәкірттердің барлығы Жұмабек Тәшеневтің кім, қандай адал болғанын жаттап, жадында сақтап, таудай тұлғасына тағзым жасап өсері сөзсіз. Қазақ халқының баянды болашағы жолында сол бір мылтықсыз майданда ұлтын сүйген ұлы жүрекпен күрескен сайыпқыран сардарға мектептің ғана емес, тұтас көшенің, елді мекеннің атауы берілсе де артықтық етпес еді.
Жасұлан ҚҰДАБАЕВ,
еңбек ардагері.
Петропавл қаласы.