
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы қарсаңында ішкі істер департаментінің ғимаратында милиция генерал-майоры Михаил Барановқа қойылған мемориалдық тақтаның ашылу салтанатына қатысты. Шараға Михаил Ивановичтің ұлы Александр Баранов, “Генералдар кеңесі” республикалық қоғамдық бірлестігі төралқасының төрағасы Рүстем Қайдаров және ішкі істер органдарының бір топ ардагерлері жиналды.
Михаил Баранов он жыл бойы облыстық ішкі істер басқармасын басқарған еді. Биыл дәл Жеңіс мерекесі күні өмірден озған ардагердің есімі өңірімізге ғана емес, елімізге жақсы мәлім. Облыс әкімі өз сөзінде: “Тергеушіден басшыға дейінгі қызмет баспалдағымен көтерілген азаматтың ғибратты өмірі бүгінгі жас қызметкерлерге үлгі бола алады”, – деді. Ал ардагердің әріптестері өз сөздерінде ол еңбек жолында жас тәртіп сақшыларын тәрбиелеп, отаншылдық, биік адамгершілік қасиеттердің үлгісін көрсете білгенін айтты. Байырғы милиция қызметкері үшін туған жерінде зор құрмет нышаны ретінде мемориалдық тақтаның ашылуына қуаныш иелері де алғыстарын білдірді.
Салтанатты шара соңында өңір басшысы мен меймандар жас полицейлерге арналған шағын баққа шырша көшеттерін отырғызып, облыстық ішкі істер департаментінің мұражайындағы Михаил Барановтың жеке заттарын тамашалады.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.