
Шәкірттеріне терең білім, тәлімді тәрбие беріп, танымал тұлғалардың өмір жолын, елге сіңірген ерен еңбегін зерттеп, бірнеше кітап шығарған Ғалым Қадірәлиннің есімі Сергеевка қаласындағы бір көшеге берілгенін естіп, төбем көкке жеткендей қуандым. Туған жердің тарихын зерделеп, тұлғаларды жұртшылыққа таныту жолында үлкен еңбек сіңірген азаматтың есімін келер ұрпақтың жадында қалдыру үшін бұл ерекше маңызды іс.
Өткен күндерге оралар болсам, мен Ғалыммен 1972 жылдың басында таныстым. Ол кезде мен облыстық оқу бөлімі меңгерушісінің орынбасары едім. Қызмет бабымен №2 қазақ мектеп-интернатына барып жүріп, Ғалымның білімділігіне, ізденімпаздығына, ақжарқын, жайдары мінезіне тәнті болдым. Кешікпей облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі В.Сакунмен ақылдасып, Ғалым Қадірәліұлын облыстық оқу бөліміне инспектор қызметіне алдық. Ол бұл жерде абыройлы да жемісті қызмет атқарды. 1977 жылы №2 мектеп-интернаттың директоры Ғалым Хамзин кенеттен қайтыс болғаннан кейін облыстық оқу бөлімі сол білім ордасын жақсы білетін Ғалым Қадірәлинді басшы етіп тағайындады. Мектеп ұжымы оны жақсы қабылдағанын да айтып өткен жөн. Ол осы білім мекемесін он жылдай басқарды.
1987-1989 жылдары Ғалым облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында әдіскер болып қызмет атқарды. 1990 жылғы қаңтар айында облыстық оқу бөліміне инспектор болып тағайындалған ол зейнеткерлікке шыққанға дейін отыз жылдан астам өмірін жас ұрпақты оқытуға, тәрбиелеуге жұмсады. Осындай ұзақ еңбек жылдарында ол алдынан дәріс алып, тәрбие мектебінен өткен оқушыларын білімқұмарлыққа, отансүйгіштікке, қазақтың төл дәстүріне баулып, жас ұрпақ санасына ұлттық намыс, азаматтық парыз сияқты биік адами қасиеттерді сіңіруге бар күш-жігерін салды. Ол әріптестерінің арасында өрелі білім, өнегелі ісімен шуақ шашқан ұстаз ретінде абыройға ие болды. Осындай еңбегі бағаланып, Ғалым Қадірәлин “КСРО ағарту ісінің үздігі”, “Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің үздігі” төсбелгілерімен, “Ерен еңбегі үшін” медалімен, бірнеше Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Ғалым зейнеткерлікке шыққаннан кейін де бос отырған жоқ. Бір кезде өзіне тәлім-тәрбие берген атақты жерлесіміз, академик Евней Букетовтің мұражайын ашып, оған белгілі ғалымның кітаптарын, қолжазбаларын, фотосуреттерін, ол туралы жазылған естеліктерді жинап, жұртшылыққа насихаттаумен айналысты. Академик туралы “Есімі ел есінде” атты естелік кітаптың шығуына атсалысты. Евней Букетовке арналған мұражайды ашу ісінде Ғалым екеуіміз бірге жұмыс істедік.
Қаламыздағы бұрынғы Красноармейск көшесіне Евней Букетовтің есімін беруге де Ғалым көп еңбек сіңірді. Бірнеше рет қала әкімдігіне барып, мәселе көтерді. Ақыры мақсатына жетті.
Евней Букетов мұражайын ашқаннан кейін Ғалым екеуіміз облыстың зиялы азаматтарының өмірі мен шығармашылығын зерттеумен айналысатын бір ғылыми-зерттеу орталық ашу ісімен айналыстық. Ол үшін Алматыға барып, сондағы жерлес ғалымдармен, ақын-жазушылармен ақылдастық. Олар біздің бұл жоспарымызды қолдап, облыс әкіміне хат жазды. Ақыры 2001 жылғы бірінші ақпанда сол кездегі облыс әкімі Қажымұрат Нағманов өңір бюджетінен ақша бөліп, біз сұраған орталықты ашуға көмек көрсетті. Соның нәтижесінде облыстық тарихи-өлкетану мұражайының жанынан “Асыл мұра” атты ғылыми-зерттеу орталығы ашылып, онда үш қызметкер жұмыс істейтін болды.
Алғашқыда Ғалым екеуіміз жұмыс істедік. Кейінірек қатарымызға облыс жұртшылығына есімі белгілі педагог Социал Жұмабаев қосылды. Жетекшіміз Ғалым болды. Осы орталықта қызмет істеп жүріп ол бірнеше кітап шығарды. Ең алдымен ол өзінің туған ауылы жайлы қалам тербеді. Сөйтіп “Аңсаған менің ауылым” атты кітабы жарық көрді. Іле-шала “Қасиетті ақ орда” атты жинағы шықты. Бұл кітаптарды жазу барысында Ғалекең көп ізденіп, көп толғанған еді. Ол көптеген адамдармен әңгімелесіп, естеліктер жинады. Ауыл тұрғындарының шежіресін зерделеді. Ауыл тарихына байланысты деректерді іздеп мұрағатта көз майын тауысты. “Қасиетті орда” кітабы ауылындағы өзі оқыған орта мектеп, ондағы оқытушылар мен оқушылар туралы болатын. Бұл білім ордасы бір кездері облыстағы алдыңғы қатарлы мектептердің бірі еді. Осылайша, туған ауылының тарихында оның да қолтаңбасы бар.
Алматыдағы Қазақстан Республикасының Орталық мұрағатында бір папканы ақтарып отырып, өзінің Бадана деген бір атасы туралы мәлімет тауып алғанда балаша қуанғаны әлі есімде. Сол мұрағаттан Ғалым бір кезде Көкшетау дуанының аға сұлтаны болған, патша өкіметінен дворян атағын алған жерлесіміз Жілғара Байтокин туралы мол дерек алып, кейін “Жілғара Байтокин” атты кітап шығарды. Бұдан басқа Ғалекең облысымызға белгілі айтыскер ақындар Уахит Темірбеков пен Молдахмет Тырбиев, Мәркен Ахметбеков атындағы мектептің бұрынғы директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Шияп Садықов, “Союзцелинвод” тресін көп жыл басқарған Қаттай Кеншінбаев, ұлағатты ұстаз Қайреш Қоспанов туралы да ізденіп, кейінгі ұрпаққа мол мұра қалдырды. Сонымен қатар Ғалым орталық қызметкерлерімен бірге Баймағамбет Ізтөлин, Сегіз сері, Қожаберген жырау, Шал ақын туралы кітаптарды құрастырып, шығаруға күш жұмсады.
Ғалымның 2006 жылы “Ұлылар туралы ойлар” атты көлемді кітабы жарық көрді. Сонымен қатар ол өткен ғасырдың 2030-жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, жер аударылып, түрмеге жабылып, атылып кеткен азаматтар туралы да көп ізденді. Нәтижесінде 2007 жылы “Көкарал” атты жинағы оқырмандар қолына тиді. Мұнда облысымыздың бірқатар азаматтарының басынан кешкен қиын-қыстау кезеңдері көрсетілген. Бұл оның соңғы кітабы болды. Оның жоспары көп еді. Бірақ арманына жете алмады, 2007 жылдың 21 қарашасында дүние салды.
Ғалым Қадірәлин өте бауырмал болатын. Жұмыста отырғанда, зайыбы Розамен, балаларымен, келіндерімен, қызы Айманмен, немерелері Жасұлан, Мәдина, Әйгерім, жиендері Руслан, Теміржанмен жиі хабарласып, сөйлесіп отырушы еді. Оның достары мен жолдастары да көп болатын. Ол, әсіресе, өзімен мектепте бірге оқыған белгілі жазушы Герольд Бельгермен жақын араласты. Герольд Бельгер де оны құрметтейтін. Ол Ғалымның 70 жасқа толуына арнап жазған құттықтау хатында былай дейді: “Содан бері 64 жыл өтті. Бауырласып кеттік. Ол – Қызылжарда, мен – Алматыдамын. Бірақ жиі кездесіп тұрамыз. Бәрі сол баяғыдай, сол кездегі жалаңаяқ қазақ досым Ғалым Қадірәліұлы – бүгінде елге танымал ағартушы, ұстаз, өлкетанушы, бірнеше кітаптың авторы. Солтүстік Қазақстан өлкетану мұражайы жанындағы “Асыл мұра” әдеби-мәдени орталығының жетекшісі, шоқтығы биік тұлға – қадірлі Ғалекең атанып, 70-ке толып отыр. Ғажап! Таңғаламын!”
Ғалым дүниеден өткеннен кейін мен 2008 жылы ол туралы “Жомарт жүрек” атты естелік кітап құрастырып, шығардым. Бұл кітапта оның өмірі мен шығармашылығы туралы толық мәлімет бар, оның тұлғасы жастарға үлгі-өнеге болуға әбден лайық. Қызметтес болған әріптестері оны әрқашан сағынышпен еске алып отырады. Есімі облыс жұртшылығына кеңінен танымал азамат көзі тірісінде адалдықтың жібін аттамай, кішіпейілділік, еңбекқорлық секілді асыл қасиеттері арқылы өз жұртының ілтипатына бөленді.
Қайролла МҰҚАНОВ, ардагер ұстаз.