«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСІМІ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, ел ардақтайтын абзал мамандықтың ақ жолына қажыр-қайратын, білім-қабілетін аямай, өмірінің салмақты жылдарын, бар асыл уақытын арнаған ұстаз, соғыс және еңбек ардагері Қали Хадесовтің есімін құрметпен атаймыз. Бұл кісінің ғұмырбаянының өзі кіршіксіз ұстаздықтың үлгісіндей. Бүкіл саналы ғұмырын білім беру ісіне жұмсап, 41 жыл мектеп директоры болды. Қали Хадесұлының қажырлы еңбек жолы мен жақсы істері бағаланып, жерлестері мен замандастарының өтініші бойынша 2000 жылы Ақжар ауданындағы Жаңаауыл орта мектебіне есімі берілді. Ал 2024 жылы марқұмның ұрпақтары, жерлестері мен шәкірттері 100 жылдық мерейтойын атап өтті.

Жан-дүниесімен ұрпақ тәрбиесіне беріле, адал еңбек еткен жайсаң жанның үлгілі өмір жолы мен адамгершілік бейнесі бүгінгі ұрпақ үшін өнеге. Ол 1924 жылы Қарағанды облысы, Қызылту ауданындағы Қарасай ауылында дүниеге келген. Омбы облысындағы Тельман орта мектебін бітірген соң, Қызылжардағы педагогикалық техникумға оқуға қабылданды.

Ұлы Отан соғысы қарсаңында «Жданов» мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеді. 1942 жылдың қазан айынан Орта Азиялық әскери округтің 37-ші атқыштар полкі 3-ші бригадасының курсанты болып әскери дайындықтан өтті. 1943 жылы Ұлы Отан соғысына мыңдаған қазақ азаматтарының бірі болып, туған елін, жерін неміс басқыншыларынан қорғауға аттанды. Ол Курск облысы Белград қаласындағы 292-атқыштар гвардиялық дивизиясының сержанты болып тағайындалды. Соғыста ауыр жараланып, әрі қарай соғысуға жарамсыз деп танылып, туған еліне оралуға мәжбүр болды.

1946-1955 жылдар аралығында Қызылту ауданындағы «Коммунизм сегіз жылдық мектебінде» директор болып қызмет атқарады. Ұрпақ тәрбиелеуде мұғалімдік адал мұраттан таймады. 1955-1960 жылдар аралығында Қызылту ауданындағы «Тельман» сегіз жылдық мектебінің директоры болып тағайындалып, білім саласындағы қызметін жалғастырады. 1954 жылы Семейдегі педагогикалық институтты сырттай оқып, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі атанады. Кейін Қызылжардағы педагогикалық институтты сырттай тамамдап, тарихшы мамандығын игерді. Бұл жылдары мектеп директорының басшылығымен мектеп айналасына ағаштар отырғызылып, абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылды.

1960-1974 жылдар аралығында Жаңаауыл орта мектебінде директор болып үлкен педагогикалық ұжымды ойдағыдай басқарып, қызметін абыроймен атқарды. Өз шәкірттерін қайырымды, ізгі ниетті, әділетті болуға, Отанын сүюге, батыл, қайсар болуға үйретті.

Кеңшар шаруашылығына жоғары сынып оқушыларын жұмылдырып, олардың қатарында өзі де диқандар мен малшыларға қолқабыс көрсетті. Қосалқы шаруашылық ұйымдастыру ісін қолға алып, жауапты істің басы-қасында болып, белсенділік танытты. Оқушылар өндірістік бригадасы облыс бойынша еңбек табыстарымен танымал болды.

Еңбек жолында білімділігі, іскерлігімен танылған ол 1974 жылдың ақпан айынан Талшық кентіндегі аудандық білім бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады.

Үлгілі әке ретінде жеті баланы өсіріп, тәрбиелеп, өз бойындағы жақсы қасиеттерді дарыта білді. Алайда Ұлы Отан соғысында алған ауыр жарасы денсаулығына әсер етпей қоймады. Қали Хадесұлы үнемі дәрігерлердің бақылауында болып, жазғы демалыс уақыттарында көптеген сауықтыру орындарында емделді.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Қали Хадесұлы – қандай қызметте, қай жерде, қай мектепте жұмыс істемесін, өзін білікті басшы, шебер ұйымдастырушы, елге сыйлы, парасатты азамат, ұлағатты ұстаз бола білген адам. Бүкіл өмірін білім беру жолына, бала тәрбиесіне арнаған, еліне елеулі, халқына қалаулы ардақты азаматтың есімі ұмытылмасы анық.

Зәмзәгүл АТАБАЙҚЫЗЫ,

Қали Хадесұлы атындағы Жаңаауыл орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі.

Ақжар ауданы

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp