«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСІРТКІГЕ ЕЛТІП ЖҮР ТАЛАЙ ҚАЗАҚ БАЛАСЫ…

“Бала кезімде ауылдағы әлдекімдердің бір бұрышта тығылып темекі тартқанын көріп, қатты шошынып: “Әкеме айтамын”

деп айқайлап, үйге қарай жүгіруші едім. Менің жер жарған дауысымнан беттері қызарып, не істерін білмей сасқалақтап, өзінің әбес қылығын түсінгендей лезде шылымын өшіріп, өз жолымен кететін бейтаныс кісі… Ал қазіргілер шылымнан шыққан түтінді көпшілік көріп, қошемет көрсетсін дегендей әрі-бері будақтадады. Бұл ісінен қымсынбайды да”, – дейді менің анам.

Иә, кешегі жастардың ұялып тартқан темекілері бүгінгі жастардың “мені көрдің бе” дегендей мақтанышпен, ерекше ләззатпен шегетін анашаға ауысты.

Жазда жайлауға, қыста қыстауға көшіп-қонып, табиғатпен тыныстап, топырақтан нәр алып, шөп шүйгінін жеті атасындай жатқа біліп, ен даланы еркін жайлаған қазақ атамыз осы аты жаман шөпті білді ме екен? Ар-абырой мен тазалықты, тәртіп пен тәрбиені қатаң сақтаған халық көкнәрді пайдаланып көрмесе де, бағзы заманнан келе жатқан қауіпті дерт екенін білген.

Ең алғаш есірткінің адамзатқа тигізетін залал-зардабы туралы Шығыс ғұламасы Ибн Сина жазған. Египет халқы оны емдік және діни ғұрыптарда пайдаланған. Көкнәр XIX ғасырда кеңінен етек алды. Өткен ғасырдың ортасында дамыған Батыс елдерінде нашақорлық пен есірткі айналымы қауіпті жағдайға жетті. Бұл жағынан АҚШ бірінші орынға шықты. Адамзатқа аждаһадай төнген есірткіге қарсы еліміз де қол қусырмай, қарсы әрекет жасауда. Оған мысал ретінде 2012 жылдың сәуірінде қабылданған Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2012-2016 жылдарға арналған салалық бағдарламасын айтуға болады. Бағдарламаның негізгі мақсаты – Қазақстанда нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы мемлекеттік және қоғамдық іс-қимылдар жүйесін жетілдіру, қауіпті дерттің алдын алу, емдеу жүйесін жетілдіру және есірткіге тәуелді адамдарды оңалту. Бұл бағдарламаны қабылдауға, әрине, әлемдегі және Қазақстандағы есірткі бизнесінің ушыққан жағдайы себеп болып отырғаны анық. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі әзірлеген деректерге көз жүгіртсек, әлемдегі нашақорлар саны 172 миллионнан 250 миллионға жеткен. Ал Азиядағы нашақорлар санының 90 пайызын, ТМД-дағы осы дертке шалдыққандардың 80 пайызын ер адамдар құрайды.

Қазақстанда 500 мың нашақор тіркеуде тұрса, олардың тең жартысы жастар екен. Ал тіркеуде жоқ, арнайы айығу орталықтарына барып, дәрігер-мамандардың көмегіне жүгінбейтін, күннен-күнге есірткімен санасын улап, оған тәуелді болып, кейін ажал тырнағына ілігіп жатқандар қаншама?!

Ондайлар күнделікті өмірде өзіміз секілді киінеді, тамақ ішеді, өзіміз тұтынатын ыдыстарды, тұрмыстық заттарды пайдаланады. Адамдармен амандасады. Сыртынан қарағанда көпшілікпен бірдей, ақыл-есі дұрыс, қол-аяғы балғадай сап-сау адам. Сөйлесіп, әңгімеге тарта отырып, аңдаусызда сіз оның беймәлім қырын байқайсыз. Пойызда маған қарама-қарсы отырған сымбатты, еңсегей бойлы, қасы-көзі қап-қара қазақ жігітінің есірткісіз бір күн өмір сүре алмайтынын кім ойлапты?

Төркініме деген сағынышымды басып, Қызылжарға кейін қайтарда Қызылорда-Көкшетау пойызына отырдым. Алда екі күн бар. Купе-вагонға төрт жолаушы жайғастық. Үшеуіміз жақын танысып, бір-бірімізден жоқ нәрсемізді сұрап, барымызды беріп жатырмыз. Шілденің аптап ыстығына шыдамай, шөлімізді әдеттегідей шаймен басамыз. Қазақы әдетімізбен үйден пісіріп алып шыққан тағамдарымызды аядай ғана үстел бетіне жайғастырып, бір үйдің баласындай бірге тамақтануға кірістік. Тура алдымда отырған жігіт асқа зауқы жоқ екенін айтып, өз орнын жаны жайсаң жандарға берді. Жігіттің түрінен әлденеге алаңдап, мазасызданып тұрғаны көрінеді. Жас қой. Мүмкін, сүйген қызын қимай, пойызға әрең мінген болар деген ой келді маған.

Әңгіменің қызығына батып, кеш қарайғанын сезбеппіз. Бәріміз ұйқыға жаттық. Пойыздың дүрсілдеген даусы мен сырғыған жылдамдығына тербеліп ұйықтап жатыр жанымдағылар. Ал менің ұйқым келмеді. Қапырықтан ба, өкпем тарылып, ыстығымды басайын деп тамбурға шықтым. Мені байқамаған көрші жігіт, біреу көріп қоймасын дегендей, оң жағына бір, сол жағына бір қарады да, жеңіл күртесінің төс қалтасынан кішкентай пакетке оралған ақ ұнтақты суырып алып, иіскелей бастады. Оның есірткіге тәуелді жан екенін сонда ғана түсіндім.

Әр нәрсенің екі ұшы болатындай, әлемді алаңдатып отырған есірткінің де екі жағы бар. Бірінші жағында – сататындар. Сөйтіп пайдаға белшесінен бататындар. Екінші жағында сатушының қитұрқы әрекетіне қызығып, алданып, алғаш дәмін татып, ақыр-соңында дауасыз дерттің құрбанына айналғандар тұрады.

Бүгiнде Қазақстанда жыл сайын есiрткiге қатысты 20 мың қылмыс тiркеледi. Есiрткi бизнесi ерекше пайдалы, табысты болғандықтан, онымен күресу қиынға соғып отыр. Сондықтан бұл салада пайда табатындар қанша жасырын жүрсе де, тұтынушылар қатарын жыл санап молайтуда. Олардың ең әуелгi құрбандары – жастар. Ақпарат көздеріне сүйенсек, нашақорлардың 40 пайызға жуығы – ауқатты отбасылардан шыққандар. Соған қарағанда бұл әлеуметтiк жағдайға да байланысты емес. Кейбiр деректерде жыл сайын әлемде 50 млн. адамның нашақорлық салдарынан жарық дүниемен қоштасатындығы айтылып жүр.

Облыстық ішкі істер департаментінің мәліметіне сүйенсек, біздің облысымызда тіркеуде тұрған есірткіге тәуелді 762 нашақор болса, оның 49-ы – әйелдер, кәмелетке толмағандар саны – 14.

– Жыл басынан бері семинарлар, спорттық шаралар, “дөңгелек үстелдер”, акциялар сияқты 497 іс-шара ұйымдастырылды. Десек те, өңірімізде адамның ми қабатын түгелімен өзіне тәуелді ететін бұл улы затқа құныққандар саны азаймай отыр, – дейді есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі Жанар Байғалина.

Полиция қызметкерлері жүргізген рейд барысында бір апта ішінде түнгі ойын-сауық орындарында қорқор тартып, 1053 жасөспірім ұсталған. Сонда он екіде бір гүлі ашылмаған балаларын түнгі клубтарда еркін тайраңдатып, ата-ана қайда қарап отыр? Олардың ұрпақ алдындағы жауапкершілігі осы ма? Бұл тұста өмірдің байыбына бармай, жеңіл қарайтын өрімдей жандардың бірден-бір қорғанышы әке-шешесі, ұстаздары, қоғамы емес пе?

Еліміз заң жүзінде қорқор тартуға тыйым салса да, күн сайын оны татып, кейін күнделікті әдетіне айналдыратындар көбейіп барады. Уақыт өте келе, санасын улаған шылымның түтініне қанағаттанбай, анашаны байқап көреді. Сөйтіп жанына жазылмайтын дерт жамап, қоғамның сырқат мүшесіне айналады. Оның жазылып, бұрынғы қалпына түсуіне көптеп көмектесер-ау, бірақ сынған шыбықтың қалпына келуі қиын.

Нашақорлық дертке шалдығып, одан құлан-таза айығыпты дегенді естуіңіз бар ма? Осы сауалға жауап іздегенде күмілжіп қалатынымыз рас. Өйткені, ақ ұнтақтың арбауынан шығу оңай емес. Дегенмен, өмірде қуанышты жайлар да кездеседі.

Мен танитын Алмас есірткінің дәмін екі-үш татқаннан кейін онсыз өмір сүре алмайтын күйге түсті. Ата-анасынан ақша сұрап, олар үйде жоқ кезде қарындасы мен інісін қинайды, ақша тауып кел деп екеуін далаға қуып жіберген кездері де болды. Әлгі ұнтақты татпай тыншымайтын ол қолына түскенді лақтырып, сындыруға дайын. Осындай мазасыз күндердің бірінде үйге Алмажан келеді. Көп оқып, есірткі жайлы білімін тереңдеткен Алмажан сүйгенінің мұндай күйге түсуінің себебін тез аңғарып, “Жедел жәрдем” бөлімшесіне хабарласады. Алғашқы көмектен кейін Алмаста өмір сүруге деген ерекше құлшыныс пайда болады. Сөйтіп, ақ халатты абзал жандар мен Алмастың осыны қайтсем де жеңіп, жаңа өмір бастаймын деген жігерінің арқасында үміт сәулесі біліне бастайды. Алыста тұрған бір бақытқа талпынған қос тағдыр тамырға түскен жегі құртпен аурухана палатасында бірге күреседі. Күнде қабылдаған емдер, дәрілік заттар, таза, табиғи өнімдер, оның үстіне, ата-анасының ақ тілегі мен сүйгенінің періште сезімі Алмасты күн сайын қанаттандырып, осы аты жаман дерттен айығуға алып келді.

 

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp