«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСІРТКІГЕ ЕЛІТКЕН ЖҮРГІЗУШІЛЕР

Есірткіге елітіп, көлік жүргізген петропавлдық 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Полицейлер жолдың шетінде қаңтарулы автокөліктің жанында теңселіп тұрған азаматты байқап, кейін ол көлік тізгініне отырғанын аңғарады. Парк және Маяковский көшелерінің қиылысында тәртіп сақшылары көлікті тоқтатып, 38 жасар жүргізушіні медициналық куәландыруға алып барған. Тілі күрмеліп, анық сөйлей алмаған жүргізуші әңгімелесу кезінде қайта-қайта қалғып кете беріпті. Тексеріс нәтижесінде оның есірткі шеккені анықталып, әкімшілік іс қозғалды.

Ал тіркеу нөмірі дұрыс көрінбегендіктен тоқтатылған “Volkswagen” автокөлігінің жүргізушісі де есірткіге елітіп жүргені анықталды.

Естеріңізге сала кетейік, биыл 11 қаңтардан бастап заңнамаға енгізілген өзгерістер күшіне енді. Енді мас күйде көлік тізгіндегендер 7 жыл бойы көлік басқара алмайды. Мұндай заң бұзушылық үшін 15 күнге не одан да артық мерзімге қамауға алу жазасы қарастырылған. Ал көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, заңсыз әрекеттерін қайталағандар бес жылға дейін сотталуы немесе өмір бойына көлік басқару құқығынан айырылып, 13 миллион теңгеге дейінгі көлемде айыппұл төлеуі мүмкін.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp