Петропавл қалалық ішкі істер басқармасының өкілдері №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінде болып, ондағы тәлімгерлердің ата-аналарымен жүздесті. Жиынға арқау болған тақырып – есірткі бизнесіне қарсы күрес. Кездесуді ашқан қалалық ішкі істер басқармасы есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің аға жедел уәкілі, полиция капитаны Дина Смағұлова құқық қорғау органдары тарапынан нендей жұмыс атқарып жатқандығына тоқталып өтті. Есірткіге тәуелді адамның мінез-құлқы, кескін-келбеті жайындағы мағлұмат беріліп, нашақор жасөспірімдер туралы арнайы әзірленген бейнефильм көрсетілді.
– Ата-аналар үшін мұндай кездесулердің маңызы зор. Бұрындары нашақорлық дегенге аса мән бермейтінмін. Ендігі жерде қызымның жүріс-тұрысы мен тәртібін қатаң бақылауда ұстайтын боламын, – дейді Марина Пургина.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Петропавлдағы наркологиялық диспансерде 649 адам есепке алынған, олардың он бірі – кәмелеттік жасқа толмағандар. Облыстық ішкі істер департаментінің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының мамандары жыл басынан бері облыс көлемінде есірткіге байланысты 92 қылмыстың бетін ашса, 39 факті есірткі саудасына қатысты. Айналымнан алынған есірткі заттарының жалпы салмағы 128 килограмды құраса, оның 2 килограмм 706 грамы – героин.
Тәртіп сақшылары есірткі бизнесінің алдын алуға бағытталған осы іспеттес шараларды мектеп оқушылары мен ата-аналар үшін оқу жылының соңына дейін жүргізе бермек.
Ольга ШИЯН,
облыстық ішкі істер
департаменті баспасөз
қызметінің инспекторы.