«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСІРТКІ САУДАСЫНА ТОСҚАУЫЛ

Солтүстік Қазақстан облысында полиция және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің қызметкерлері бірлескен операция жүргізіп, нәтижесінде аса ірі көлемде есірткі сатуға қатысы бар екі күдіктіні қолға түсірді.

Есірткі саудалаушылар Петропавл қаласының шетіндегі саяжай учаскелері аумағында құрықталды. 1976 және 1985 жылы туған бұрын сотталған екі қала тұрғынын жедел уәкілдер 10 килограмм марихуана мен 2 килограмм гашиш сатып тұрған кезінде ұстады. Тінту барысында саяжай учаскелерінің бірінен және жалдамалы пәтерден тағы 4 килограмм марихуана мен 1 килограмм гашиш тәркіленді.
Аталған факті Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 297-бабының 3-тармағы «Есірткі, психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдіктілердің екеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Аталған тұлғаларды ұстау шарасы – биылғы жылы жүргізілген ең ірі операциялардың бірі, – деді облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция полковнигі Жандос Басыбаев. – Жалпы, жыл басынан бері есірткі заттарының заңсыз айналымы саласында ауыр және аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен 18 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды».
Бұған қоса жыл басынан бері облыстың тәртіп сақшылары есірткіге қатысты 132 құқық бұзушылықты тіркеді. Оның 51-і – қылмыс, соның ішінде 32-сі – сату фактілері. Заңсыз айналымнан 200 килограмға жуық есірткі заттары алынды. Соның ішінде 112 грамға жуық героин, 734 грамнан астам синтетикалық есірткі тәркіленді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp