Жас достар, газетіміздің “Балалар әлемі” қосымшасынан бұған дейін де әлем халықтарының тәлім-тәрбие берер талай ертегілерін оқып келдіңіздер. Біз сол дәстүрімізді жалғастыра отырып, енді “Әлем халықтарының ертегілері” деген жаңа айдар ашып, соның аясында еліміздегі ынтымағы жарасқан ұлттар мен ұлыстардың ертегілерін, ғибратты әңгімелерін жариялап отыруды жөн көрдік. Егер де, балалар, сондай ертегілердің бірін өздеріңіз де білсеңіздер, газетімізге жолдаңыздар. Бірге оқиық. Бұл жолы сіздерге неміс халқының ертегісін ұсынып отырмыз.
ББағзы заманда кедей етікші ғұмыр кешіпті. Ол жалғыз тиынын жұмсап қойып еді. Енді бір етікке жететін бір түйір теріні де сатып ала алмай отыр. Түннің бір уағына дейін қолда бар терінің қалдықтарын, қайшысын қалдырып, ұйықтауға кетті. Етікші етікті таңертең тікпекші болады. Бірақ таңертең тұрып, үстелге жақындай беріп еді, қалдырған терінің қалдықтарының орнына тап-тұйнақтай тігілген етікті көреді. Етікші өз көзіне өзі сенбейді. Әп-әдемі тігілген етікті көз алдына әкеліп, ұзақ қарайды. Себебі, ол бұрын-соңды мұндай етікті кездестірмеп еді. Сөйткенше болған жоқ, етікшінің шеберханасына келген адам оның қолындағы судай жаңа етікті бірден қолма-қол ақшаға сатып алып кетті.
Етікшінің таңырқағаны соншалық, бақыттан басы айналды. Енді етікшінің қолындағы ақшасына төрт бірдей етікке жететін қаражаты бар еді. “Міне, сәттілік деп осыны айт!” – деп зайыбына бар жағдайды жайып салды.
Сол күні түнде тағы да етік тігуге сатып алынған терілерді пішіп, үстелде таңертең тігу үшін қалдырып, өзі қалың ұйқыға кетті. Таңертең тағы да сол жағдай қайталанды. Тамаша тігілген төрт жұп етікке де ие табылды. Енді етікші он екі жұп етікке тері сатып ала алатын болды. Оның қуанышында шек болмады. Кешке ол тағы да етіктерді таңертең тігу үшін терілерді пішіп, үстел үстінде қалдырып кетті. “Ертең менде ауыр күн болады, – деді ол әйеліне. – Жиырма төрт етік тігуім керек”.
Бірақ таңертең тағы да таңғажайып жағдай қайталанды. Және тағы да бұл етіктер бір мезеттің ішінде сатылып кетті. Мұндай байлыққа қол жеткен етікшінің қуанышында шек болмады.
Күндердің бір күнінде етікші әйеліне: “Біздің осынша байлыққа қол жеткізуімізге кімнің септігі тигенін мен білгім келеді. Түнде шеберханаға тығылып, бақылап көрсек қайтеді?” – деді.
Күн ұясына батып, кеш қарайған шағында үстелдің үстіне майшамды жағулы қалдырып, қабырғада ілулі тұрған ескі киімдерді бүркеніп жасырынып тұрды. Сағат тілдері түнгі он екіге таяғанда шеберхананың терезесінен кішкентай бойлы екі адам секіріп түсті. Олар сәбидей кішкентай еді. Оның әрбіреуі алақанға сыйып кетерліктей. Үстіндегі киімдері де нәрестенікіндей кішкентай еді.
Олар аяқтарын айқастырып алып, етікшінің үстеліне жайғасып, теріден тап-тамаша етіктерді бірінен соң бірін піше бастады. Етіктерін тігіп болған соң майшамды сөндіріп, терезеден секіріп түсіп кете барды.
Етікшінің зайыбы ескі киімдердің ішінен шығып: “Күйеуім, білесің бе, осы ергежейлі адамдар бізді кедейліктен құтқарды. Ал өздерінде мына қақаған суықта киетін киімдері де жоқ екен. Мен оларға күртеше, шалбарлар мен жылы шұлықтар және сыртқы киімдер тігіп берейін”, – дейді.
Әйел содан кейін бірден іске кірісіп, қас қарайғанша әлгі ергежейлілерге киім тігеді. Тіккен киімдерін үстел үстіне жайып салады. Түнгі он екі болғанда ергежейлілер әдеттегідей шеберхананың терезесінен секіріп кіреді. Үстел үстінде етікке арналған теріні емес, оларға арнайы тігілген киімдерді көріп, қуанғандарынан бар дауыстарына салып ән айтып, би билей бастайды. Олар осылай көңілденіп, киімдерін киіп те алады. Жұмыстың жоғына көздері жеткен соң майшамды сөндіріп, көзден ғайып болады.
Олар осы түннен кейін етікшінің шеберханасына келуді қойды. Етікші, шындығын айтқанда, оған еш ренжіген жоқ. Себебі, ол ергежейлілерге қарап, етікті тігудің әдісін меңгеріп те алған еді. Енді ол әлемдегі ең шебер етікшіге айналатынын білді.
Аударған
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.