«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕТ БАҒАСЫ АСПАНДАП ТҰР

Отандық өндірушілер ел азаматтарының етке деген сұранысының 87,6 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Ал өнімнің 12,4 пайызы шеттен келеді. Әр он келі еттің тоғызы өз жайлауымызда өскен төрт түліктікі болса да баға ырыққа бағынбай барады. Әсіресе сиыр мен қой етінің құны аспандап кеткен. Осыған байланысты ел Үкіметі етті экспортқа шығаруға уақытша шектеу енгізді.

Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 2025 жылдың алғашқы 7 айында сиыр еті 19, қой еті 18 пайызға қымбаттаған. Атырауда қара мал еті 9,9 пайызға қымбаттаса, Жезқазғанда өсім 30 пайызға бір-ақ көтерілген. Біздің өңірде ет бағасының өсімі 21 пайызды құ­райды. Ал қой етінің бағасы небәрі 5,9 па­йызға өскен. Жылқы етінің құны 6,1 пайыз­ға, құс еті 2 пайызға артқан. Осылайша на­рықтағы ет бағасы инфляцияны басып озып отыр.

Биылғы бірінші жартыжылдықта инфля­цияға, бағаның құнсыздануына серпін бер­ген 4 әлеуметтік маңызды тауар анықталды. Олар – күнбағыс майы, сиыр еті, қой еті және картоп. Қазір соның ішінде сиыр етінен басқасының бағасы қалыпқа келтірілген. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қаты­настары басқармасының дерегінше, сиыр етінің бір келісінің құны орта есеппен 3900 теңгеден саудалануда. Бұл санның анық-қанығын анықтау үшін облыс орталығындағы ет дүкендерінің бірқатарын аралап шықтық. «Океан» базарында сиыр етінің 1 келісі 3800, «Дарияда» 3900 теңдеген сатылуда.

«Ет бағасы шілде айының басынан бастап біртіндеп өсе бастады. Бағаны жеткізушілер күрт көтеріп жіберді. Біз әр килограмм еттің үстінен небары 200-300 теңге ғана пайда көріп отырмыз. Барлық ет түрі арасындағы ең жеңсік ас сиыр еті саналады. Қанша қым­бат болса да сұраныс азайған емес», – дейді сатушылардың бірі Оксана Пушкина.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан еттің қолжетімділігі бойынша рейтингтегі 127 елдің ішінде 67 орынға тұрақтаған. «ТМД елдерінің ішінде Ресей мен Беларусьтен кейінгі үшінші сатыдамыз. Өңірлер арасында қара мал еті ең қолжетімді облыс – Атырау. Мұндағы тұрғындар айлық жалақысына 217 келі ет сатып ала алады. Ал тізімді Солтүстік Қазақстан облысы мен Шымкент түйіндеп тұр. Қызылжарлықтардың бір айлық табысы­на небәрі 92 келі ет сатып алуға болады», – дейді экономист Мақсат Нұрәлиев.

«World Population Review» жариялаған рейтинг бойынша әр қазақстандық жылына орта есеппен 25 келі сиыр етін тұтынады. Бұл рейтингте еліміз 16-шы орында тұр. Егер әр адам жылына 25 келі сиыр етін жесе, жыл­дық қажеттілікті өтеу үшін шамамен 1,5 млн. ірі қара сойылуы қажет. Былтыр елдегі ірі қара басы 20 пайызға көбейіп, соңғы 5 жыл­дағы ең жоғары көрсеткішке жетіп, 8 мил­лиондық межені бағындырған. Өкінішке қа­рай, барлық санаттағы шаруашылықтардағы малдың тек 16,9 пайызы ғана етті бағытта. Отыз пайыздан астамы – етті-сүтті бағытта­ғы ірі қара.

Баға өсімі тұтынушылардың таңдауына да әсер етуде. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша бірінші тоқсанда елде сиыр етін тұтыну 3, қой етін тұтыну көлемі 1 пайызға азайған. Есесіне жылқы етін тұтыну 4, құс етін пайдалану 5,6 пайызға артқан. Жыл басындағы көрсеткіштер бойынша ел­дегі әр отбасы ай сайын 100-200 мың теңгенің арасында ет сатып алады. Ал Қызылжар өңірі тізімнің ең соңына түскен. Мұндағы әр шаңырақ ай сайын отбасылық бюджеттің 92 мың теңгесіне ет алады. Бұл елдегі орташа көрсеткіштен 41 пайызға аз. Десе де былтыр­ғыға қарағанда 8 пайызға көп.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp