“Ұлпанның” бүгінгі ас мәзірінде ұлттық тағамдарымыздың бірі – ет пісіреміз. Дәмді асты дайындау тәсілімен оқырманымыз Әйгерім Еркебайқызы бөліседі.
Қазақша ет асқанда ең алдымен жіліктеп бұзылған етті адам санына қарай мөлшерлейді. Тойға немесе қонақасыға көбінесе қой сойылады. Бөліп, пісіруге дайындалған етті жуып, қазанға салады да, ет батып тұратындай етіп суық су құяды. Содан кейін қазанды отқа қойып, қайнатады. Бір қайнаған кезде бетіне шыққан көбігін алып тастап, шамалап тұз, 1 бас пияз салса, ет жұмсақ болып піседі. Ет 1-1,5 сағат дегенде пісуі мүмкін. Дайын болған кезде етті бөлек алып, сорпаға қамырын салады. Бір қайнаған кезде дайын болған қамырды табаққа түсіреді. Ыстық қамыр табаққа жабысып қалмау үшін табаққа аздап сорпа құйған дұрыс. Етті салып, әдемі әзірленген табақты дастарқанға қояр алдында астың үстіне аздап сарымсағы, бұрышы қосылған тұздық құйылады.
Қаласаңыз, табақтың айналасына бітеу пісірілген картоп та қосуға болады.