«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕУРАЗИЯЛЫҚ ОДАҚ ИДЕЯСЫ әңгімеге арқау болды

Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының мүшелері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Еуразиялық одақ идеясынан – еуразиялық интеграцияның кемелденген көкжиегіне” атты дәрісі бойынша “дөңгелек үстел” өткізді.

Осыдан 20 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу мемлекеттік университетінде жаңа интеграциялық бірлестік – Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы идея көтеріп, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы басшыларына өзара ықпалдастықтың жаңа пішімі ұсынылған болатын. Араға 20 жыл салып, Президент Нұрсұлтан Назарбаев еуразиялық интеграция идеясын тереңдете талдап, маңызды стратегиялық даму жолын айқындап берді. Экономикалық серіктестікті нығайтуға бағытталған бірқатар құнды ұсыныстар жасады. Президент Еуропалық одақ идеясы еріктілік, тең құқықтылық және өзара тиімділік қағидаларына негізделген болуы керектігіне баса назар аударды.

Облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимовтың айтуынша, бүгінде Қазақстан жаһандық, саяси және экономикалық өндіріске барынша интеграцияланған. Еліміз әлемдік қауымдастықтың толық құқылы мүшесі. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанып отырған саясатының дұрыстығына Қазақстанның Беларусь және Ресеймен қарым-қатынасы, Кеден одағы, Біртұтас экономикалық кеңістік мысал болады. Ұлттық қауіпсіздігімізді нығайтуға бағытталған “Стратегия – 2050” бағдарламасы белсенді жүзеге асырылуда.  

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің тарих, экономика және құқық факультетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сабыр Ыбыраев: “Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ең алғаш Еуразиялық одақ идеясын көтерген кезде кеңестік кеңістіктегі көптеген елдер бұл ұсынысқа күмәнмен қараған еді. Бірақ көз жеткізіп отырғанымыздай, өткен 20 жыл ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қойған міндеттері жүзеге асырылуда. Нұрсұлтан Назарбаев әр мемлекеттің өзінің егемендігін, ұлттық валютасын, ішкі және сыртқы экономикасын сақтай отырып, жаңа деңгейдегі Еуразиялық интеграциялық одақ құру қажеттігін айтты”, – деді.

“Дөңгелек үстелге” қатысушылар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Еуразиялық одақ идеясынан – еуразиялық интеграцияның кемелденген көкжиегіне” дәрісінде алға қойылған стратегиялық міндеттерге талдау жасады. Соның ішінде 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған Еуразиялық инновациялық-технологиялық өзара іс-қимылдар бағдарламасын әзірлеп, қабылдаудың маңыздылығы, екіжақты, сондай-ақ, көпжақты негізде бірлескен ғылыми-зерттеу кластерлерін құру қажеттілігі, Біртұтас еуразиялық телекоммуникациялар желісін салу, Бірегей ішкі газ тасымалдау желісін құру, автомобиль және темір жолдар желісін жаңғырту, бірлескен “Еуразиялық энергетика” бағдарламасын әзірлеп, қабылдау, Ресеймен бірлесіп АЭС салу, Еуразиялық интеграцияның ақпараттық-сараптамалық және ғылыми-тәжірибелік инфрақұрылымын құру мәселелерінің маңыздылығы талқыланды.

Жиналғандар Еуразиялық экономикалық интеграция халықтар арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың белсенділігін арттыратынына және оларды неғұрлым тереңдете түсетініне сенім білдірді.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp