Ел Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен БАҚ өкілдеріне арналған Еуразиялық экономикалық одақтың, индустрияландыру саясатының аспектілерін түсіндірудің технологиялық әдістеріне қатысты семинар-тренинг өтті. Бейне-конференц байланысы арқылы өткен жиынға еліміздің барлық өңірлерінің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қосылды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы идеясы 29 мамырда жүзеге аспақ. Бұл күні одақты құру жөніндегі келісімге қол қойылады деп күтілуде. Семинар-тренингте интеграциялық одақтың маңызды аспектілері талқыланып, бұл мәселеге қатысты туындаған бірқатар жаңсақ пікірлер жоққа шығарылды. Мәселен, “Еуразиялық экономикалық одақ құрылғаннан кейін КСРО-ға қайта ораламыз немесе Қазақстан Ресейге бағынышты ел болады” дейтіндер баршылық. Еуразиялық экономикалық одақ саяси бірлестік емес, келісімшарттың басты мақсаты тек экономикалық ынтымақтастық болып табылады. Мамандардың сөзіне сүйенсек, одақты құруда теңдік, теңқұқықтық ұстаным қамтамасыз етіліп, барлық тараптардың ұлттық мүдделері ескерілмек.
Семинар-тренингте Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асуы барысы сөз болды. 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама ұлттық экономиканы әртараптандыру мен жаңғырту, инновация мен шағын және орта бизнесті дамыту ісіне тың серпін берді. Бағдарлама алдағы жылдары жаңа бағытта жалғасын таппақ.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.