«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕШКІМДІ ЖАТСЫНҒАН ЖОҚ

Кеңес одағын мекендеген халықтардың қай-қайсысы болсын сталиндік зорлық-зомбылықтан, геноцид пен этноцидтен аман қалған жоқ. Тіпті тұтас бір халық сенімсіз ұлт қатарына жатқызылып, тарихи атамекенінен күштеп жер аударылды. 1 наурызда  еліміз бойынша  кеңінен атап өтілетін Алғыс айту күні жалпыхалықтық мереке  ретінде орнығып,  бейбітшілік пен келісімнің жарқын көрінісіне айналды. Менің ойымша, Алғыс айту күнінің басты мәні – бүгінгі ұрпаққа  қазақ халқының ұлылығын ұқтыру, бейбіт күннің, татулық пен бірліктің  қадірін түсіндіру, қарашаңырағымыздың  ертеңіне деген  нық сенімді қалыптастыру.

Биыл шешен-ингуш халқының Қазақстанға жер аударылғанына  81 жыл толады. 1944 жылы қақаған қыста, сарышұнақ аязда кіндік қаны тамған жерінен еріксіз депортацияланған  ата-әжелерміз  көрген қиындықтары жайлы көз жасын төге отырып әңгімелейтін. Орта Азия аумағына 180 эшелонға мал құсап   тиеп жөнелткен, талғажау етер тамақтың жоқтығынан талайы жолда бақилық болған. Оларды  арулап көму қайда, мұздай қаруланған күзеттегілер иен далаға лақтырып, ит-құсқа жем болды. Балалар ауыр  дерттерге шалдығып, тамаққа да, ауызсуға да жарымаған.

Бағымызға орай, қиын-қыстау жағдайда өзге этнос өкілдерін жатсынбай, туғанындай қабылдаған, қуаныш-қайғысын бірге бөлісіп,  ауыртпалығын бірге көтерген қазақ халқына ерекше  ризалығымызды білдіреміз. Жылы сөздерімен дем берген, жылы киіммен, баспанамен қамтамасыз еткен. Басқа елге қоныс аударылса, тірі қалулары екіталай болар еді деген ой келеді. Миллиондаған тағдырлардың қазақ жерінде тоғысуы, тонның ішкі бауындай араласып кетуі, ортақ мақсат жолындағы бірегей ұстанымдары еңселі ел болуымызға айқара жол ашып, патриотизм, елді, жерді сүю, үлкенді қадірлеу қасиеттері,  қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің үрдістері  өзгеше арнада өрбіді.  Президент Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне байланысты үндеуінде  өткен ғасырдың алғашқы жартысындағы  саяси қуғын-сүргін Кеңес одағы дәуіріндегі миллиондаған азаматтың тағдырына таңба салып, зұлмат заманда тұтас халықтар қудалауға түскенін, туған жерінен зорлықпен көшірілген бес  миллионға жуық адам қасиетті қазақ жерінен пана тапқанын, Қазақстан олардың құтты мекеніне айналғанын атап көрсеткен болатын.

Жақында М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті жанындағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасында студенттердің, профессор-оқытушылардың қатысуымен  өткен іс-шара депортацияға арналды. 650 мыңға жуық шешен мен ингуштың ата жұртынан еріксіз аластатылғаны, құшақ жая қарсы алған қамқор елдің  бауырмалдығы жайлы көптеген деректер келтірілді, естеліктер айтылды. Ешкімді бөтенсіген жоқ. Төрден орын беріп, бір үзім нанды бөліп жеді.

Менің отбасым болашағын  тек Қазақстанмен байланыстырады. Әркез  мемлекетіміздің өркендеп, ілгері баса беруіне, өркениетті елдер қатарына қосылуына, бірлігі мен татулығының жарасымдылығына  тілектеспіз.

Зарема ГЕРОЕВА,

«Вайнах» шешен-ингуш облыстық мәдени орталығы  төрағасының орынбасары.

КСРО-да  депортацияға ұшырағандардың саны 1920 жылдан  1949 жылға дейін 3,2 миллион адамға жетті.

1936 жылы  Батыс Украинадан Қазақ АКСР-не 15 мың поляк пен неміс шаруаларын көшіріп,  көп бөлігі Солтүстік Қазақстанға  орналастырылды.

Соғыстың алдында Қазақстан аумағына  тағы да поляк ұлты өкілдерінің екінші толқыны көшіріліп әкелінді. 1940-1941 жылдары 200 мың поляк орналастырылды.

Қиыршығыстық кәрістерді 1935-1936 жылдары күштеп қоныс аударту басталды.

1945 жылға қарай Қазақстанға көшірілген шешен мен ингуштардың саны 406,3 мың болды.

Жергілікті қазақ халқының үлесі 38 пайыздан  30 пайызға дейін кеміп кетті.  Кей өңірлерде  екі есеге дейін азайды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp