Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай өңірімізге жұмыс сапарымен Ресей Федерациясынан делегация келді.
Алдымен 314-ші атқыштар дивизиясының жауынгерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімімен бастау алған шарада майдангерлердің рухына тағзым етілді. «Бауырлас халықтар ерлігі. Еске алу жылнамасы» атты «дөңгелек үстелмен» жалғасын тапқан жиында Кеңес әскерінің ерлік істері баяндалды.
Отырысты жүргізген «Орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ филиалының төрағасы Владимир Витченко ресейлік қонақтармен таныстырып, бұл кездесудің мән-маңызына тоқталып өтті. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Мұратбек Зейнуллин биыл Ленинградтың қоршаудан азат етілгеніне 76 жыл толғанын жеткізіп, жаумен шайқасқан майдангерлердің өлшеусіз еңбегін тілге тиек етті. Ұлы Отан соғысы тарихында Ленинград шайқасы ерекше орын алатынын айтқан баяндамашы аға ұрпақтың ерлік істері ұмытылмайтынын айтты. Сондықтан өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің маңызына тоқталып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт өмірдің қадірін түсініп, өткенге құрметпен қарауға шақырды. Бүгінгі аста-төк молшылық заманға шүкір етіп, ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайтынын жеткізді. Шындықты бұрмалау – тарихымызды қорлау екенін ескере отырып, ол зұлмат жылдардың қасіреті ұрпақ санасынан өшпейтінін атап өтті.
Өңірімізде осындай кездесу өткізуге ұйытқы болған ұйымдастырушылардың бірі ЭК «Урал-Евразия» директорының орынбасары Рустам Ганиев ұйымның жұмысымен таныстырып, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Қазақстан мен Ресей елдері арасында түрлі іс-шараларды өткізу көзделіп отырғанын айтты. Бұл орайда, қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Сара Тасеменова айтулы шара қарсаңында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
– Адам анадан батыр болып тумайды. Батырлық өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады. Сондықтан қалалық ардагерлер кеңесі жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге ерекше басымдық беруде. Қазір қалада 41 Ұлы Отан соғысының ардагері, үш мыңнан астам тыл еңбеккері, Ленинград қоршауында болған бес тұрғын бар, – дей келе Сара Қайроллақызы соғыс ардагерлерінің қатары күн санап сиреп бара жатқанына өкініш білдірді. Сондықтан ол жастар мен аға ұрпақ өкілдерінің кездесуі жиі өткізілетініне тоқталып, өскелең ұрпаққа тыл еңбеккерлері мен майдан даласында ерлік көрсеткен жауынгерлердің ерлігін үлгі ету парыз екенін жеткізді. Отырыста қатысушылардың назарына қалалық ардагерлер кеңесінің қолдауымен соғыс тақырыбында түсірілген деректі фильм ұсынылды.
«Дөңгелек үстел» отырысы соңында Ресейден келген іздеу жасақтарының өкілдері Виктор Нефедов пен Светлана Иванова 1941-1943 жылдардағы 314-атқыштар дивизиясының шайқасы болған Лодейное жазығы мен Ленинград облысы аумағында жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижесіне тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.