Сарқылмас ақыл-парасат пен таусылмас мол өнеге-өсиеттің шырағы ақсақалды аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз ешқашан ел құрметінен тыс қалған емес. Биылғы жылы да Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы аясында айшықты істер атқарылып, қарияларымызға құрмет көрсетілуде.
Бүгінде ауданымызда 6344 зейнеткер мен 1138 мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығына орай қайырымдылық сенбілігі өтіп, оған 12 мыңнан астам адам қатысты. Төрт тонна қоқыс шығарылып, 33 шақырымға жуық жол тазаланған сенбілікте 3 миллион теңге жиналды. Ұйымдастыру комитетінің шешімі бойынша жиналған қаражат зейнеткерлер мен мүгедектерге көмек көрсету мақсатында аудандық ардагерлер кеңесінің есепшотына аударылды.
Халықаралық қарттар күні облыстың еңбек ұжымдарында зейнеткерлердің қатысуымен кездесулер, мерекелік концерттер ұйымдастырылды. Атап айтқанда, барлық ауылдық округтер мен аудан орталығында қарт адамдарға, мүгедектер мен тыл еңбеккерлеріне, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арнайы мерекелік дастарқан жайылып, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Ұжымдар өкілдері денсаулығына байланысты мерекелік шараларға қатыса алмаған адамдардың үйлеріне арнайы барып, құттықтады. Ауданның зейнеткерлері мен мүгедек жандарына қаржылай және әлеуметтік қолдау көрсетілді.
Көп жылдар бойы бір шаңырақ астында өмір сүріп келе жатқан жарасымды жұптар, мүмкіндігі шектеулі балалар, аз қамтылған отбасылар да назардан тыс қалмады. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы отбасылық мерейтойларын атап өткен 30 ерлі-зайыптыға жалпы сомасы 145 мың теңгенің естелік сыйлықтары табыс етілді. Қарттар күніне орай шахматтан және дойбыдан жарыстар өтіп, барлық қатысушылар сыйлықтармен марапатталды. Кәсіпорындармен, мекемелермен байланысын жоғалтқан зейнеткерлер де ұмытылған жоқ.
Әлеуметтік әлжуаз топтағы азаматтарға қайырымдылық көмек көрсету бойынша тұрақты негізде жұмыстар жүргізілетінін атап өту қажет. Мысалы, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен облысымыздың 80 жылдығына орай аға буын өкілдері үшін Тайынша ауданының орталығындағы “Надежда” қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінің көркем өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарлама көрсетілді.
Ал облыстағы медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын ауданымыздың 54 қарты және мүгедектерімен кездесулер өтті, оларға 162 мың теңге сомасында қайырымдылық көмек көрсетілді. Ауданның алақаны ашық азаматтары мүмкіндігі шектеулі 138 балаға ертеңгіліктер ұйымдастырып, дастарқан жайды. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған “Күзгі жапырақ” атты мерекелік шара өткізді.
Одан басқа, айлық аясында ауданның зейнеткерлері үшін Новоишимское, Рузаев және Чистополье ауылдарында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, жемшөп, мал және өсімдік шаруашылығының тауарлары қолжетімді бағамен саудалануда.
Бәтима ӘМРИНА,
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік
бағдарламалар бөлімінің басшысы.