«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕШКІ СҮТІ САН АУРУҒА ЕМ

Ешкі сүтінің сан түрлі дертке дауа екенін әркім біле бермейді. Көптеген дәрумендерге және басқа да микро, макроэлементтерге бай болғандықтан, адам ағзасына өте пайдалы өнімнің созылмалы сырқаттарды емдеуге де көмегі зор. Нақтырақ айтар болсақ, аллергиядан, жүрек, асқазан, буын, тағы да басқа аурулардан ешкі сүті арқылы айығуға болады.

Аллергияға бейім адамдар сиыр сүтін пайдалана алмайды. Өйткені, ол – аллергияның қоздырушысы. Оны тек ешкі сүтімен алмастыруға болады. Күнделікті пайдалану арқылы аллергияны жеңіп шығуға болатындығы бүгінгі медицинада дәлелденген. Ешкі сүтінде май түйіршіктері аз. Сондықтан да адам ағзасына түскенде ол тез қорытылып сіңеді де, әлсіреген ағзаны қалпына келтіреді. Сонымен қоса ешкі сүтінің құрамында калийдің мөлшері өте көп. Сүт құрамындағы бұл элемент әлсіреген ағзадағы жүрек-қан тамыр жүйесі жұмысына өте қажет.

Ешкі сүтінің құрамында сүйек тіндерін қатайтатын кальций және Д тобындағы дәрумендер қоры жеткілікті. Сондықтан балаға бір жастан бастап рахит ауруының алдын алу және оны емдеу үшін ешкі сүтін беруге болады. Сүйегі сынған адамдар күніне 1 стақан ешкі сүтін ішіп тұрса, тез қатарға қосылады. Ішек микрофлорасының баланс бұзылысында да ешкі сүтінен жасалған өнімдер оның жұмысын қайта қалпына келтіруге көмектеседі. Бұл дерттен тезірек айығу үшін міндетті түрде ешкі сүтін ішіп, одан жасалған өнімдерді тамақ рационына енгізген жөн. Асқазан ауруларының кез келген түріне де ешкі сүті шипалы. Оның құрамындағы лизоцин асқазан және ішектегі шырышты қабық жараларын емдейді. Сонымен қатар, асқазан сөліндегі қышқылды бейтараптандыратын ерекше қасиетке де ие. Күн сайын таңертең аш қарынға ешкінің 1 стақан шикі сүтін, содан кейін кешке дейін 2 стақанын тауысса, сырқатты жеңіп шығуға болады. Емдік курс 21 күн жүргізіледі.

Бүгінгі күні балалар арасында диатез және терінің қабынуы сияқты дерттер жиі кездеседі. Бұл дертті де ешкі сүті арқылы жеңуге болады. Сексек ата төлінің ағын жиі ішетін балалар диатез дертіне шалдықпайды екен. Үзбей ешкі сүтін қабылдаған балаға түрлі дерт жұқпайды.

Ешкі сүтінің ұйқы безінің қабынуында (панкреатит) да пайдалы екендігі дәлелденген. Бұл дертке шалдыққан науқас күніне 0,5 стақан шикі сүтті тамақтың алдында 2 ай бойы ішуі қажет.

Ешкі сүті арқылы қатерлі ісік ауруының алдын алуға болады, оның жеңіл түрлерінен айықтыратын қасиетке де ие. Сондай-ақ, иммунды жүйені қатайтады. Артық салмақтан арылғысы келетіндерге де оның пайдасы шаш етектен. Ол ағзаға май жинамайды. Құрамы дәрумендерге өте бай бұл сусын диета ұстап жүрген адам ағзасын қажетті минералдармен қоректендіреді.

Сиыр сүтіне қарағанда ешкі сүтінде В12 дәруменінің құрамына кіретін кобальттың мөлшері 6 есе көп, ал калийдің жоғары мөлшері жүрек-қан тамыр жүйесінің қызметін жақсартады.

Абубәкір ОМАРӘЛИЕВ,

Петропавл қалалық №3 емханасының

жалпы практикалық дәрігері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp