«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҚЫҰ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов Астана қаласындағы республикалық штабында Президент сайлауын бақылау жөніндегі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының басшысы Корнелия Йонкермен кездесті.

Кездесу барысында Әбілғазы Құсайынов ЕҚЫҰ өкілдерін республикалық штабтың жұмысымен таныстырып, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретіндегі болашақ жоспары жайында әңгімелеп берді.

“Бүгінге дейін 5 аймақты аралап, Астана қаласында бірнеше кездесу өткізіп үлгердік. Жалпы алғанда, сайлаушылармен 12 кездесу өткізіп, онда сайлауалды бағдарламаммен таныстырдым, сайлаушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап бердім”, – деді Ә.Құсайынов.

Сонымен қатар, кандидат аймақтық сайлауалды штабтарында 200-ден аса сенімді өкілі жұмыс істеп, олар да сайлаушылармен кездесу өткізетінін, сондай-ақ, өзінің сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарын түсіндірумен айналысатынын атап өтті. Үміткер осы жылдың 20 сәуіріне жоспарланған Астанада өтетін аймақтық сайлауалды штабтарының слеті туралы айтып, ЕҚЫҰ өкілдерін аталмыш іс-шараға қатысуға шақырды. Аймақтық штабтардың слетінде үгіт-насихат жұмыстарының алдын ала қорытындысын шығарып, штаб жетекшілерінің атқарған жұмыстары жайлы есептерін тыңдау жоспарланған.

Ә.Құсайынов ЕҚЫҰ өкілдерінің назарын Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретіндегі жұмысын ешқандай кедергісіз жүргізіп жатқанына аудартып, аймақтардағы барлық кездесулері заңға сәйкес ұйымдастырылғанын атап өтті. Сонымен қатар, барлық қажетті кеңестерді шұғыл ұсынып отырған аумақтық сайлау комиссиясы мүшелерінің ашықтығы мен біліктілігін ескерді.

Ел Президенттігіне үміткер БАҚ-пен тығыз қарым-қатынас орнатып, жемісті жұмыс жасап жатқандарын жеткізді. “Барлық республикалық телеарналар іс-шараларды ақпараттық сүйемелдеу үшін өз алаңдарын ұсынып отыр. Үгіт-насихат роликтері медиажоспарымызға сәйкес эфирге шығып жатыр. Жалпыұлттық газеттерде менің сайлауалды бағдарламам жарияланып, үгіт-насихат модульдеріміз орналастырылды. Жалпы республикалық деңгейде болсын, аймақтық деңгейде болсын, біз жүргізген сайлауалды науқанын ақпараттық сүйемелдеу барысына көңілім толады”, – деді Ә.Құсайынов.

Кездесу барысында кандидаттың республикалық сайлауалды штабының жетекшісі Рүстем Жоламан сайлау науқаны аясында ұйымдастырылатын іс-шаралар жайында әңгімелеп берді. Оның айтуынша, штабтарға консультациялық қолдауды Орталық сайлау комиссиясы, облыстардағы аумақтық сайлау комиссиялары көрсетіп отыр.

Үгіт науқаны қарсаңында қажетті көлемде үгіт-насихат материалдары әзірленді. Мысалға, Астана мен Алматы қалаларында әрқайсысында 4 билбордтан, облыс орталықтарында 2 билбордтан, сонымен қатар Жезқазған мен Семей қалаларында бір-бір билбордтан ілінді.

Плакаттар әзірленіп, кандидаттың сайлауалды бағдарламасы (50 мың плакат пен сайлауалды бағдарламасының 3 мың данасы) басып шығарылды.

(Ресми ақпарат)

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp