«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕГІМЕН ЕЛЕНГЕН ЕЛПАНОВТАР

Жаратылысынан ақылды, сабырлы адам әдемі қартаяды. Себебі, тұла бойына біткен барлық жақсы қасиеттері өмір жолынан жинаған тәжірибесімен толыға түседі. Айналасына ақыл-парасатымен сүйкімі асып, бала-шағасының алғысына бөленіп, немере-шөберелерін “айналайын” сөзімен аялап отырған өнегелі жандардың бірі – Петропавл қаласында тұратын Елпановтар отбасы.

“Алған жарың жақсы болса, жиғаның мен мейманыңның тұрағы”, – деп қаздауысты Қазыбек би айтқандай, расында да, отағасы Амантай Елпанұлының шаңырағы көрсе көз сүйсінетіндей екен. Отағасы Құдай қосқан қосағы – Рәзия Ережепқызымен 50 жыл бірге тату-тәтті ғұмыр кешіп, үлкен мен кішіге үлгі көрсетіп отырған жайлары бар. Амантай Елпанұлы – әкеден қалған жалғыз тұяқ. Алланың берген сыйы болар, бүгінде ол отбасылық өмірдің жарты ғасырын артқа тастаған қазыналы ақсақал. Сонау сағым болып артта қалған балалық шақты ойша бір шолып өткен отағасы ата-анасын, сыныптас достарын есіне алып, бір марқайып қалды.  

– Зайыбым екеуміздің үйленуіміздің өзі қызық та өнегелі оқиға. Ата-анам салт-дәстүр бойынша біздер әлі сәби болған кезде атастырып қойған. Сөйтіп, “Бесік құда” болып, уәделесіп, біздің ержетуімізді тосқан, – дейді ақсақал.

Жалғыз ұлдарының болашағына алаңдаған ата-анасы Амантай ағаны он сегізге толғанда үйлендірген. Осылайша жас жұбайлар өздері сол кезде тұрған Сергеев ауданындағы Бірлік ауылында шаңырақ көтеріп, отбасылық өмірге қол ұстасып аяқ басқан. Содан бері арада елу жыл өткен. Бүгінде бауырларынан тараған бес баладан 9 немере, 2 шөбере көріп отыр.

Ата-анасы жағасындағы құндызындай көрген қыздары Ботагөз бен Жібек жылы ұядан қанат қаққан. Өмір өзенінде өздері таңдаған мамандықтары бойынша еңбектеніп, бірі мұғалім болып, екіншісі медицина саласында жұмыс істеп жүр. Ұлдардың үлкені Болат Петропавл қаласындағы “Өрт сөндіруші” АҚ филиалының өрт сөндіру нұсқаушысы болып қызмет етеді. Азат пен Ақылбек жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Ұл-қыздардың барлығы дерлік бүгінде өз отбасын құрса да, ата-анасының айтқан ақылына құлақ асып, үлкендерді сыйлауды өздерінің балалық парызы деп түсінеді.

– Алланың берген несібесі шығар, ұл-қыздарымыз ержетіп, бөлек-бөлек үй болып отыр. Барлығы да саламатты өмір салтын ұстанады. Жаман әдеттен бойларын аулақ ұстауға тырысады. Өзіміз де мұны үнемі қадағалап отырамыз. Көз қуанышымызға айналған немере-шөберелеріміз аяғымызға оратылып, балдай тәтті тілдерімен жүрекке нұр сеуіп жүргендей. Ата-ана үшін осыдан асқан қандай бақыт керек?! – дейді шаңырағын шаттыққа бөлеген Рәзия Ережепқызы.

Қазақтың салт-дәстүрін бойына жинап өскен Рәзия апамыз шаңыраққа келін болып түскенде небәрі он жеті жаста ғана болған. Үлкенді сыйлап, алдынан кесекөлденең өтпеуге тырысқан келін енесімен 15 жыл бірге тұрған. Жас келін ақ жаулықтыны анасындай сыйлап, ақылын ой-санасына түйіп отырған.

Өмірдің талай қиындығына мойымай, елу жылды бірге еңсерген жарасымды жұп отбасылық бақыттың сыры сыйластықта деп ойлайды. Бұл – олардың өмір тәжірибесінен түйген тұжырымдары.

Еңбекпен етене өскен Амантай Елпанұлы он төрт жасынан бастап қолынан келген жұмыстан тартынбаған. Темір-терсектің тілін үйренуге құштар бала трактор, комбайн сияқты техникаларда жұмыс істеуге ұмтылған. Оның алғырлығы, талаптылығы, ұмтылысы осы арманына жетелеп, болашағына бастаған баспалдағы болады. Ауылда біраз жыл тұрып, еңбекпен шыңдалған отағасы 1985 жылы облыс орталығына көшіп келген. Қаланың күйбең тірлігінде қол қусырып отыра алмаған еңбекқор жан “темір тұлпарды” тізгіндеп, жүргізуші жұмысын одан әрі қарай жалғастырады. Аз уақыт арасында ұжым ортасындағы әріптестерінің жылы ілтипатына бөлене білген Амантай аға үш жылдың ішінде баспанаға қол жеткізіп, бала-шағасының алаңсыз өмір сүруіне барлық жағдайды жасайды.

– Әкеміз – отбасының тірегі. Оның әрбір айтқан сөзі – біз үшін заң. Ал анамыз – біздің ақылшымыз. Осы күнге олар тек қана адал еңбектің арқасында қол жеткізді. Соны мақтан тұтамыз, – дейді үйдің үлкені Болат Амантайұлы.

“Бала дегеніміз ата-ананың еккен талдары сияқты. Дұрыс тәрбиенің арқасында олар күнге ұмтылып, жайқалып, бойына жақсылықты жинап өседі”. Бұл – отағасының өмірлік ұстанымы. Өзі жалғыз өссе де, көңілі көпті қалаған әке кешегі еккен талдарының жайқалып, ну орманға айналғанын қалайды. Оң мен сол қанатына екі баласына баспана салып, ортасынан өз үйлерін тұрғызған ата-ананың мұндай тапқырлығына қалайша сүйсінбеске? Осының барлығы, шынымен де, отбасында орнаған татулықтың, ауызбіршіліктің арқасында қол жеткізген жеңістің жемісі.

Адамды Алласына жақындатып, дұғасы қабыл болатын, жүректі жандандырып, дақтан тазартатын, күнәні шаятын, шүкірліктің үлкені және жәннаттың кілті болатын бір құлшылық бар. Ол – намаз. Құдайға құлшылық етіп, бес уақыт намазын қаза қылмаған асыл жандардың қатары бүгінде көбейіп келеді. Жүрекке жылылық нұрын себетіні де осы жайт. Ұл-қыздарын Ай-Күніне балаған Рәзия Ережепқызы да – Алланың ақ жолына түскен адам. Асыл ана балаларын, немерелерін осы жолда тәрбиелеп, намазға ниеттендіреді. Тәңір жолында жасаған құлшылық адамды тұрақты, ұстанымды, шыдамды, сабырлы болуға шақырады. Ал қазір адам бойында осындай асыл қасиеттер азайып бара жатқан сияқты. Олай болса, осындай өнегелі отбасылардан жастарымыз үлгі алса, нұр үстіне нұр болар еді.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: ерлі-зайыпты Елпановтар үлкен ұлдары Болат, немерелері Дарина, Дәулеттің ортасында.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp