«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕГІН ЕЛГЕ АРНАҒАН

Қызылжарлықтар КСРО ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері, полиция полковнигі, өлкетанушы, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері, марқұм Қобылан Хамзинді саналы өмірін елдің гүлденуіне арнаған азамат ретінде жақсы біледі. Жуырда облыстық ардагерлер кеңесі мүшелерінің ұйытқы болуымен ардақты жан 1977-2012 жылдары тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта қойылды. Шараға қатысқан аға буын өкілдері марқұмның өнегелі өмірі туралы әсерлі сөз сабақтады.

– Бұл игі шараның жүзеге асуына Қобылан ағамыздың достары, інілері атсалысты. Ол туған жерін, елін сүйіп өтті. 1980 жылы ұлы Жеңістің 35 жылдығында туған ауылы Көктеректе Ұлы Отан соғысынан оралмаған 67 боздаққа құлпытас қойылды. Оны Қабекең өз ақшасына салды. 2005 жылы оған өз қаржысын салып, жөндеуден өткізді. Жастар туған жердің жанашыр тұлғаларын біліп өсуі тиіс, – дейді Петропавл қалалық ардагер кеңесінің төрағасы Жанкелді Тәжин.

Қобылан Хамзаұлы 1933 жылы Шал ақын ауданына қарасты Көктерек ауылында дүниеге келген. Ленин орта мектебін жақсы бағамен бітірген соң 1953 жылы Ташкент қаласындағы ішкі істер министрлігінің басшы қызметкерлер даярлайтын оқу орнына түседі. 1955-1963 жылдары Аққайың, 1963-1966 жылдары Тимирязев, 1966-1971 жылдары Жамбыл аудандарының ішкі істер бөлімдерінде қызмет атқарды. 1971 жылы облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары болып тағайындалды.

Еске алу шарасында Қайдар Кәшенов, Мұрат Жантілеуов, Абылай Балтабаев сөз сөйлеп, Қобылан Хамзаұлының өңір руханиятының дамуына да орасан үлес қосқанын ерекше тебіреніспен жеткізді. Ескерткіш тақтаны облысымыздың құрметті азаматы Құдайберген Қалиев пен қадірлі ақсақал Зейнолла Олжабаев ашты.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp