«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕГІ ЕЛЕНГЕН АРДАГЕР

Қызылжар өңірінің зиялы қауым өкілдеріне Ескендір Елеусізовтің есімі жақсы таныс. Бүгіндері қатарына бір жүз мыңнан астам аға буын өкілдерін біріктірген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде ол өңірдің қоғамдық жұмыстарына белсене қатысып, әртүрлі алқалы жиындарда сындарлы ойларын ортаға салады, ардагерлердің мұң-мұқтажын жақсы біледі, жастар арасында отансүйгіштік рухтағы жұмыстарды жүргізеді. 1970-2011 жылдар аралығында Есекең Жамбыл ауданында әртүрлі қызметтер атқарып, әлеуметтік-экономикалық дамуына өзінің елеулі үлесін қоса білді. Жуырда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізовке жергілікті мәслихаттың шешімімен “Жамбыл ауданының “құрметті азаматы” атағы берілді.

Есіл (бұрынғы Ленин) ауданындағы Жарғайың ауылының тумасы Ескендір Есмақұлы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын ғалым-агроном мамандығы бойынша бітірген. Ол Ленин ауданының Ильич атындағы кеңшарында еңбек жолын жұмысшы болып бастаған. Тәжірибелі еңбек адамдарының ортасында құрыштай қайнап, болаттай шыңдалған Ескендір Елеусізов 1970 жылдың тамыз айынан Преснов ауданының Архангелка ауылында сорт сынау учаске меңгерушісінің агроном-көмекшісі, кейін меңгерушісі болып бес жыл жұмыс істеді. Ауыл шаруашылығы саласының білікті маманы бола білген ол “адам баласын еңбек – ширатады, өмір – үйретеді” деген өмір заңын ұстанды. Өзіне жүктелген міндетін жауапкершілікпен атқарып, үлкен ұжымның жұмысына серпін берді.
Кейін Жамбыл ауданындағы “Жаңажол” кеңшарының бас агрономы ретінде егіншілік мәдениетін жақсартып, дәнді дақылдардың гектар берекелігін көтерді. Білімі мен біліктілігі ұштасқан маманның білген-түйгені бір төбе. Өз ісінің қыры мен сырын терең меңгеруді мақсат тұтқан Есекең кеңшардың тыныс-тіршілігін жақсартуға, әлеуметтік-экономикалық дамуының жоғары көрсеткішіне жетуіне аянбай тер төкті.
Әкімшіліктің сенімін, халықтың үмітін ақтаған Ескендір Есмақұлы Жамбыл ауданының “Сельхозхимия” аудандық бірлестігінің төрағасы, материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі өндірістік бірлестіктің басқарушысы, “Благовещенка” кеңшарының директоры лауазымдарында жемісті еңбек етті. Ұйымдастырушылық қабілетімен, алдына қойған мақсатына жете білетін қасиетімен басшылардың сеніміне ие болған Есекең 1995 жылдың қазанынан 1997 жылдың мамырына дейін Преснов ауданының әкімі болып жұмыс істеді. Аудан басшысы ретінде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және халықтың әл-ауқатын көтеруге баса назар аударды. Әдістемелік және тәжірибелік көмек беру үшін әртүрлі санаттағы адамдармен ортақ тіл табысты. Кез келген уақытта бағыт-бағдар беріп, жағдайды бағалай алды. Одан кейін аудан орталығы – Пресновка ауылында “Шапағат” ЖШС-нің директоры, “Жамбыл су” МКК-ның директоры қызметтерін атқарды. Жауапкершілікті сезіне білсең, істеген жұмыстың бәрі жақсы. Адал қызмет адамның абыройын көтереді. Талап пен тәртіпті өз бойыңнан таба білсең, айтқан сөзің өтімді болады.
Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, өмірден түйгені мол Ескендір Есмақұлы 2011 жылдан бері облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Кез келген жұмысқа жауапкершілікпен қарайтын ол тәртіп болған жерде береке мен сыйластық салтанат құратынын біледі. Отан алдындағы адал еңбегі үшін Есекең 2015 жылы “Құрмет” орденімен марапатталды. Ал әртүрлі деңгейдегі Құрмет грамоталары, Алғыс хаттары мен басқа да марапаттары бір төбе. Ел ерімен, ер елімен бақытты емес пе?!

 

Игілік РАХМЕТОВ.
Жамбыл ауданы.
СУРЕТТЕ: аудан әкімі М.Әбішев облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Елеусізовке “Жамбыл ауданының “құрметті азаматы” атағының лентасы мен төсбелгісін тапсыруда.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp