Таң алакеуімде Айыртаудан Қызылжарды бетке алған жеңіл көлік жүйткіп келеді. Тағы да ұзақ жол, қат-қабат шаруа. Сәуле қалың ойға шомылып, мазасыз күй кешіп отырғандай. Бәлкім, бәрінен шаршаған болар. Бірақ, оның ойлы көздерінен ессіз құштарлықты байқайсыз. Өйткені, ол өмірге ғашық.
Әрбір жұмыр басты пенде үшін қызылды-жасылды өмір – сынақ. Шыдас берген адам қайтсе де жеңіп шығады. Өмір күрес қана емес, бақыт екенін жақсы түсінетін Сәуле Адамованың жастық дәурен, жалынды шағында опық жеген сәттері аз болған жоқ.
Қазіргі Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр кентінде 1955 жылы дүниеге келген Сәуле Сабырғалиқызы жастайынан зерек болып өседі. Оқу-білімге құштар бойжеткен 1973 жылы Шымкент қаласындағы кооператив техникумын бітіреді. Бұрынғы Көкшетау облысы Володар ауданының орталығында ауданаралық базада тауартанушы болып жұмыс істейді. Кейін тұрмыс құрып, жар сүйіп, ана бақытына бөленеді. Алайда, отбасылық бақыт көпке созыла қойған жоқ. Ерлі-зайыптылардың өмір жолы екіге айрылып, ұл мен қыздың тәрбиесі Сәуленің мойнында қалды. “Ат айналып қазығын табады…” демекші, туған жеріне оралған ол аудан орталығындағы теміржолшыларды азық-түлік және тұрмыстық заттармен қамтамасыз ететін “ОРС-НОТ-1” кәсіпорнында тауартанушы, кейін директор болады. Бірақ, бұл қуаныш та ұзағынан болмады. Әсіресе, тәуелсіздік алған жылдардан кейін жағдай тым күрделеніп кетті. Экономикасы тұралап қалған елде жан бағып, күн көру әр адамға оңай болған жоқ. Сол қиындықтарды көрген адамның бірі – Сәуле Адамова. Жаңа мыңжылдыққа аяқ басар тұста кәсіпорындар жабылып, жекешелендіруге өтті. Қазақтың көптеген әйелдері сол уақытта ақша табу үшін ала сөмке сүйреп, базар жағалады. Екі баланы асырап, ер-жеткізу мақсатында ол да күні-түні тізе бүкпеді десе болады. Балаларының ертеңіне алаңдаған Сәуле Сабырғалиқызы бір шешімге келіп, аталмыш кәсіпорынды отбасының көптеп көмектесуімен жиналған қаржыға сатып алады. Сол қиын кездерде бірге болып, қолғабыс еткен әке-шешесі мен туған-туыстарына оның айтар алғысы шексіз.
– Жалғызбасты ана болғандықтан, балаларымның ертеңі үшін көп алаңдадым. Оларды қалай ержеткіземін деп уайымдадым. Сол үшін күні-түні жұмыс істедім. Тіпті, кейде нанға ақша таба алмай қиналған кездерімізді ұлым ара-тұра еске салып қояды. Бұл – өмірдің сынағы. Екі балапаным үшін өмір сүретінімді жақсы түсіндім. Сондықтан да қара жұмыс істеп, жанымды сала еңбек еттім. Мен қандай қиыншылық көрсем, балаларым да соншалықты қиналды. Өткенге өкінбеймін, бұл – менің тағдырым. Кездескен қиындықтарды еңсеруіме ата-анам мен туған-туыстарым көп қолғабыс етті, – дейді ол.
Бүгінде Айыртау ауданында Сәуле Сабырғалиқызын білмейтін адам жоқ. Ауданда ғана емес, облыс орталығында да ол ерекше құрмет пен беделге ие. Қазіргі таңда аудан орталығында оның 300 орындық “Аққайың” дәмханасы бар. Онда бильярд, караоке, 3 банкет залы мен азық-түлік, тұрмыстық заттар дүкені де жұмыс істейді. Оның кәсіпкерлікпен айналысқанына 16 жыл. Осы жылдар ішінде бұрынғы кәсіпорын ғимараты қалпына келтіріліп, жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, табиғаты әсем, туристік өлке – Айыртаудың сағасында, Имантау көлінің жағасында жайлы демалыс орнын ұстайды. Бұдан бөлек Көкшетау, Петропавл қалаларында тамақтандыруды ұйымдастыру менеджері ретінде тендер ұтып алып, әскерилерді тамақпен қамтамасыз етуде. Бүгінгі таңда ол жалпы саны 150 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұмыстың ауқымына байланысты төленетін жалақы әртүрлі. Жақсы жұмыс істейтін адамға жақсы жалақы төлеу өзінің міндеті екенін айтып түсіндірген кәсіпкер адамның еңбегі әрқашан бағалануы тиіс дейді.
Оның айтуынша, әрбір адам еңбек ету арқылы табысқа жетеді. Сондықтан кім болса да өзінің табан ақы, маңдай терімен еңбек етуі керек. Отбасында адал еңбек етуге үйретіп, бойына адамгершілік асыл қасиет дарытқаны үшін оның ата-анасына айтар алғысы шексіз. Тәлімді тәрбие берумен қатар, барынша еңбекке баулыған оның ата-анасы жайлы да айтып өтпеу мүмкін емес. Әкесі Сабырғали Құсайынов пен анасы Гүлжиян Мұхамеджанова өмір бойы есепші болып жұмыс істеген. Бір қызығы анасы 80 жасына дейін қызы Сәуленің бизнесіндегі есеп-қисапты, сараптаманы өзі жүргізген.
“Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” демекші, жаны қайырым мен мейірімнен жаралған оның жомарт адам екенін бәрі де жақсы біледі. Бастысы пейілі ақ. Ешқашан болдым, толдым демейді. Керісінше, көмекке мұқтаж адамдарға қолғабыс етіп, қарайласып тұрады. Мәселен, Айыртау балалар үйінің 20 тәрбиеленушісін өзінің қамқорлығына алып, қолдау көрсетеді. Түрлі мерекелерде сыйлық жасап, көңілдерін көтереді. Сонымен қатар, қазыналы қарттарға да қамқорлық бар. Әсіресе, Қарттар күнінде оларға сый-сияпат жасап, құрметтейді. Әрқашан кісіге қарасуға, қол ұшын беріп, жәрдемдесуге дайын тұрады. Жалғызбасты екі қарияны тікелей өзінің қамқорлығына алғанын да баса айтып өткеніміз жөн. Оның бірі Комаровка ауылында тұратын Таисия Каменеваның ассуын әзірлеп, үй шаруасына қарайласып тұру үшін кісі жалдап, оған ай сайын жиырма мың теңге жалақы төлейді. Сондай-ақ, биыл ақпан айынан бастап жиырма шақты зейнеткерге күн сайын тегін нан таратуда.
Жүрегі жұмсақ, дархан даладай көңілі кең кәсіпкер үшін адамның емес, Құдайдың ризығына бөленуден асқан бақыт жоқ. Ал байлық деген не өзі? Байлықты әр адам әрқилы түсінеді. Балаларын бар байлығына теңейтін Сәуле әрбір атқан таңы мен батқан күніне шүкіршілік айтады. Бұл жалғанда асылы, анадан асқан алып жан жоқ-ау, сірә. Иә, Ана – құдірет, Ана – бақыт. Сондықтан қай уақытта, қай қоғамда болсын біз аналарымызбен әрқашан мақтануымыз керек. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен ананың қадірін түсінетін ұл-қызы бар Сәуле Сабырғалиқызы, шынымен, бақытты. Ұлы Ерлан құқық қорғау саласында жұмыс істесе, қызы Ажар анасына қолғабыс етуде.
Сәулелі жүзінен жылылық лебі есетін, ойы – салмақты, өзіндік пікірі де орынды ол ешқашан шаршап-шалдықтым демейді. Кәсіпкерлігінен бөлек, оның адами болмысы, кішіпейілділігі мен кеңпейілділігі, азаматтық асыл қасиеті әрбір адамға үлгі боларлықтай. Бүгінде ол – бақытты ана ғана емес, тәтті қылықтарымен көз қуанышына айналған Адель, Зере есімді немерелерінің сүйікті әжесі. Өмірде осындай азды-көпті табысқа қол жеткізген кәсіпкердің бар арманы – ұрпағының бақытты жүзін көру. Кәсіпкер өзінің еңбекқорлығының арқасында бүгінде облыстық іскер әйелдер кеңесінің мүшесі, аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы ретінде өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзінің үлесін қосуда. Мұндай еңбекқорлық қасиет анадан балаға берілген болса керек. Бір күнде жұмыстан қолы босамайтын ол сенбі-жексенбіде де еш демалмайды. Кәсіпкердің өмірлік ұстанымы – еңбек етіп, әрқашан адамдарға жақсылық жасау. Оның айтуынша, адам жетістікке қол жеткізуі үшін алдына мақсат қоя білуі керек.
Өзінің табандылығының, пысықтығының, іскерлігінің арқасында ол Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталды. Кәсіпкерлер арасында өткен облыстық байқаулардың бірнеше мәрте жеңімпазы. Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлер комитетінің ІІ дәрежелі “Қайсар” төсбелгісіне және грамотасына ие болғанын да ерекше екпін түсіре айтқан жөн. Мұның барлығы – еселі еңбекке, қажыр-қайратпен істелген жұмысқа берілген баға. Ел қамын, ұрпақ болашағын ойлайтын қоғамда осындай ұлт мақтанышына айналған әйел аналардың болғаны қандай жақсы.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Айыртау ауданы.