«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕКАҚЫНЫ КӨТЕРУ — УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Облыстық әкімдікте өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен тұрғындардың табысын арттыру жөніндегі ведомствоаралық топтың кезекті отырысы өтті. Бұл алқалы жиында құрылыс, көлік және автомобиль жолдары қызметкерлерінің  еңбекақыларын көтеру мәселесі қаралды.

Отырыста есеп берген тиісті облыстық басқармалар басшыларының келтірген деректеріне қарағанда, осы салалар қызметкерлерінің айлық жалақылары республикалық деңгейдегі көрсеткіштерден анағұрлым төмен. Өңір аумағында жұмыс істеп жатқан кәсіпорын басшыларымен де қазіргі кезде қалыптасқан жағдайға талдау жасалды. Олардың айтуынша, атқарылған жұмыстардың көлемі мен оның маусымдық сипаты қызметкерлердің еңбекақысын айтарлықтай көтеруге мүмкіндік бермей отыр. Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы Ерік Нұрақаев көлік және құрылыс кәсіпорындарында кәсіподақ ұйымдарының саны көп емес екендігін алға тартты. Алайда, ұжымдық келісімшарттар жасаған, қызметкерлерді әлеуметтік қолдаудың тиімді шаралары қолданылатын ұйымдар баршылық. Мәселен, Оңтүстік Орал темір жолы Петропавл бөлімшесінің кәсіпорындарындағы қызметкерлердің  орташа айлық еңбекақысы 200 мың теңгеге жуықтайды. Ал 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында көлік саласында орташа айлық жалақы – 94960 теңге, автомобиль жолдары кәсіпорындарында – 132557 теңге, құрылыста 125 478 теңге болған. Бүгіндері облыстық кәсіподақ орталығының  қызметкерлері мемлекеттік еңбек инспекциясының мамандарымен бірлесіп қызметкерлердің жалақысын көтеру мәселесі бойынша кәсіпорын басшыларымен кездесулер өткізуде, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, сонымен қатар қолданыстағы ұжымдық келісімшарттарды қайта қарап, оларға өзгерістер енгізу шараларын жүзеге асыруда.

Ведомствоаралық комиссияның отырысын қорытындылаған облыс әкімі Құмар Ақсақалов құрылыс, көлік және автомобиль жолдары кәсіпорындарының басшыларына қызметкерлерінің айлық еңбекақыларын кем дегенде 15 пайызға көтеруді тапсырды. Облыстық кәсіподақтар орталығымен бірлесіп бір ай ішінде ұйымдастыру шаралары жүргізіліп, кәсіподақ ұйымдары құрылатын болады, ұжымдық келісімшарттар жасалып, қолданыстағы заңнамаларға сәйкес олардың орындалуын нақты бақылау қамтамасыз етілмек.

Облыстық кәсіподақтар орталығы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp