“Әр еңбек төленуі тиіс”. Сот актілерін орындау департаментінің мамандары қыркүйектің 25-нен 15 қазанға дейін осындай акция өткізуде. Мақсат – маңдай терімен тапқан еңбекақыларын ала алмай жүрген бұқараға қол ұшын беру. Осы және өзгеде мәселелер аталмыш орган мамандары өткізген брифинг барысында айтылды.
Өңірімізде жұмысшыларға жалақы қарызы бар ұйымдар мен кәсіпорындардың қатары біршама азайды. Десек те сот актілерін орындау департаменті еңбекақы жөніндегі қарыздың өтелуі бағытындағы жұмысын тоқтатқан емес. Биыл сот орындаушыларының қарауына осындай 47 іс келіп түскен. Борышкерлердің жалпы берешегі 12 млн. теңгеден асып отыр.
Бұқараға уақтылы еңбекақы бермейтіндердің қатарында жеке кәсіпкерлер ғана емес, мемлекеттік мекемелер де бар. Десекте заң тұрғысында 36 борышкердің ісі шағымданушылардың пайдасына шешілген.
– Бүгінде сот орындаушылары үш іс бойынша жұмысты аяқтады. Олардағы жалақы берешегінің жалпы сомасы 2 миллион теңгеден асады. Ал 4 борышкердің бизнесі банкроттыққа ұшырағаны анықталып, істер сотқа кері қайтарылды, – деді заңды тұлғалардан қарызды өндіріп алу бөлімінің сот орындаушысы Бақтияр Биқанов.
Өңір кәсіпорындарының еңбекақы жөніндегі берешегі былтыр екі есе көп болған. Олар бір жыл ішінде біршама жұмысшыларға қарыздарын қайтарыпты. Ал сот орындаушыларына осы жылы түскен арыз-шағымдар саны қысқарғанымен, сома қомақты.
– «Эзарт» және «Бизнес тайм» серіктестігінің басшысы – бір адам. Оның өз қызметкерлеріне деген қарызы шаш-етектен. Бүгінде бұл кәсіпорындардың жұмысы уақытша тоқтатылды. Осыған орай борышкер ұйымға тиесілі жүк көліктерінің облыс аумағынан шығуына шектеу қойылды. Бизнесмен қарызын қайтарған жағдайда қызметін әрі қарай жалғастыра алады, – дейді заңды тұлғалардан қарызды өндіріп алу бөлімінің сот орындаушысы Валентина Зуйкина.
Бүгінде борышкерлерді жауапқа тарту мақсатында қылмыстық істер қозғалып, әкімшілік айыппұлдар салынуда. Бұл, әрине, өз нәтижесін беріп отыр. Сот орындаушылары қазіргі күн мемлекетке қарызы бар азаматтардың берешектерін өтемейінше, ел аумағынан сыртқа шығуларына да тыйым салынғандығын ескертеді.
Самат ЕСМАҒИ,
“Солтүстік Қазақстан”.