«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕКАҚЫ ЕКІ ЕСЕГЕ АРТҚАН

Мемлекеттік қызметшілер еңбекақысының факторлық-балдық жүйе бойынша тағайындалуы мемлекеттік қызметті тартымдырақ етіп, жұмыстан кетушілердің санын қысқартуға септігін тигізеді. Бірқатар мемлекеттік органдарда жүзеге асырылған қанатқақты жобалар нәтижесі осындай қорытындыға әкеліп отыр. Бұл жүйенің механизмдері мен алғашқы тәжірибе көрсеткіштері жайында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

– “100 нақты қадам” Ұлт жоспарының 5-ші және 6-шы қадамдарын іске асыру аясында елімізде биылғы жылдан әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы қызметінің нәтижесіне байланысты өсіріле бастады. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Әділет министрлігі, Астана мен Маңғыстау облыстарының әкімдіктерінде қолға алынған қанатқақты жүйенің тиімді тұстары айшықталып отыр. Қызмет ететін мамандар жалақысы екі есеге дейін артқан. Жұмысымен ерекшеленгендерге – сыйақы, ал атқаратын міндеті өзгелермен салыстырғанда қиынырақ қызметшілерге үстемеақылар тағайындалады. Ынталандырудың мұндай тәсілдері аталған мемлекеттік органдардағы бос орындарға үміткерлер санының үш есеге дейін артуына септігін тигізген, – деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Елена Степаненко.

Алдағы уақытта бұл жүйеге Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалаларындағы, ал келер жылдан бастап еліміздің барлық өңірлеріндегі атқарушы органдар көшетін болады.

Төменгі лауазымдағы қызметшілердің жоғары лауазымдарға конкурстық негізде көтерілу мүмкіндігінің кеңеюі де мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттырды. Яғни, білімі мен біліктілігі талапқа сай келетін мемлекеттік қызметшінің мансаптық өсуіне әрдайым жол ашық.

Мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру шараларымен қатар, олардың іс-әрекеттерін бақылау да күшейтілді. Облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Дулат Тайшабайдың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда биыл мемлекеттік қызметшілер тарапынан болатын тәртіп бұзушылықтар саны едәуір азайған. Үстіміздегі жылы әдеп жөніндегі уәкілдерге мемлекеттік қызметшілерге қатысты 28 шағым келіп түскен, оларды қарастыру нәтижесі бойынша бес қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp