«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕКПЕН ЕРТЕ ЕСЕЙДІК

Біздің ауылдан майданға 47 адам аттанып, екеуі ғана оралды. Соғыстың тек майдан даласында ғана емес, тылда жүргені де мәлім. Балалық шағым Ұлы Отан соғысымен тұспа- тұс келіп, 8 жасымнан еңбекке араластым. Біздің елден қаншама буыны қатпаған жасөспірім ауыр еңбекке жегілді. Соғыс жылдары балалар, қарттар, әйелдер ұжымшардың өндірісін дамытумен айналыстық. Ол кезде «колхоз, совхоз, зауыт, фабрикалардың бәрінде жұмыс тоқтамасын, үздіксіз жүріп тұрсын», – деген қаулы болды. Қолымыздан келген шаруаның бәрін істедік. Әуелі егіннің арасындағы арамшөптерді жұлып, кейін шөп шауып, жер қазып, егістікте жер жыртып, күзде астық тасыдық. Ол кезде техника жоқ, барлығы өгіз арбамен істелетін. Өгіз жетпесе сиырларды, жұмыс қолы жетпесе аяғы ауыр келіншектерді жұмысқа жегетін. Жұмыс барысында буаз сиырлар бұзаулап, келіншектер босанып қалған кез де болды. Халық аш-жалаңаш. Оның үстіне Совет үкіметінің қаулысы бойынша әр отбасы салық төлейтін. Сиыры болсын болмасын 10 келі 800 гр. май, 90 келі картоп, жұмыртқа, тері, қой-ешкінің жүнін өткізу керек болатын. Ешқандай еңбекақы, зейнетақы төленбейтін. Демалыс деген мүлдем жоқ. Оның орнына күнбе-күн еңбеккүн жазылатын. Ең күшті жұмыс істеген кісіге 3 еңбеккүн. Жұмысқа шықпаған, жылына 300 еңбеккүн таппаған адам сотталатын. Осындай қиындықтарды бастан өткердік. Жалпы жұмыс өтілім – 58 жыл.

Қазіргі жастар Отан алдындағы борышын өтеп, әскерде қызмет етуден қашқақтайды. Елімізді сүйіп, намысқа тырысып, қорғамасақ оны кім қорғайды? Бүгінгі ұрпақ соғысты көрмей-ақ қойсын. Бірақ Отанымыздың шекарасы нық, халқымыз тыныш өмір сүруі үшін ынтымақ-бірлікті сақтап, әр салада адал еңбек ету керек.

Тілек ӘБДІРАХМАНОВ,

облыстың құрметті азаматы, еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp