Адам баласы дүние есігін іңгәлап ашқан сәтінен бастап, тағдырына жазылған өмірдің қуанышқа толы кездері мен тар жол, тайғақ кешулері алма-кезек бастан өтіп отырады?! Біреулер ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүруге талпынса, кейбір адамдар маңдай терлерін төгіп, еңбек етіп, қоғам дамуына өз үлестерін қосады.
Тайынша ауданына қарасты Қарағаш ауылында тұратын Махметжан Уәлиев – еңбек майданында шыныққан жан. Барлық саналы ғұмырын еңбекке арнаған ол шаңырақтың ұйытқысы, қадірлі Ақжан әжемен тату-тәтті өмір сүруде. Сексеннің сеңгіріне шыққан қарттардың өнегелі өмір жолдары кімге болса да үлгі. Еңбекпен ерте есейген Махметжан ата өткен күндердің белгісіндей болып есте қалған оқиғаларымен де үнемі бөлісіп отырады.
– Біз еңбек еткен жылдары социалистік жарыс әрбір ұжымда жұмыс көрігін қыздыратын екпінді шара болатын. Ауылда мал бордақылауда алғы шептен көрінген азаматтармен жарыса ерінбей еңбек еттік, – дейді ол. – Еткен еңбек те ескерусіз қалған жоқ.
Атамыздың еңбегінің бағаланғанына әлі күнге дейін сандықта сақтаулы құжаттар дәлел бола алады.
Ақжан апай да ұл-қыздарына ғана емес, баршаға үлгі болуда. Ол атына заты сай сабырлы да сырбаз мінезінен еш айныған жоқ. Үй шаруасына мығым, еңбекқор әжей ортасына сыйлы. Ал адамға бір-ақ рет берілетін өмірді Құдай қосқан қосағымен бір шаңырақ астында тату-тәтті өткізгенге не жетсін?! Алланың қалауымен дүниеге 6 бала әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Бүгінде немере мен шөбере сүйіп, ұрпағымен қызық-қуанышқа кенелуде. Шаңырақта отырған ұлы Балтабек пен келіні Ботагөз ата-анасын күтіп, баптап, қолдарын жылы суға малуда. Ал ұлы мен келініне олардың алғыстан басқа айтары жоқ. Әке-шешенің қадірін түсінген балаларына ақ баталарын берген қос қария ел – аман, жұрт тыныштығын тілеуде.
Немере-шөберелері атасы мен әжесін қуантып, үлкен үйге жиі келіп тұрады. Мәуелі бәйтеректей тамырын тереңге жайған Махметжан ата мен Ақжан әже айналасына нұр-шуақ шашып, балаларын бақытқа бөлеуде.
Гүл НҰРАЛИНА,
журналист.
Тайынша қаласы.