
Адам еңбегімен ардақты. Елдің құрметіне бөленген осындай жанның бірі – Жанбатыр Сартаев. Табыс пен жетістікке тек ізденістің арқасында қол жеткізген азамат ар мен абыройды бәрінен биік қояды. Елінің ертеңі үшін тер төгіп, ғылымның дамуына өзінің үлесін қосты. Сол еңбегінің жемісін көріп келе жатқан Жанбатыр Нұртайлының сәулелі ғұмыры өзгелерге үлгі.
Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Сафуан Шәймерденов сияқты текті ұлдарды тербеткен Жамбыл ауданындағы Орталық ауылында дүниеге келген ол жастайынан оқуға зерек болып өседі. Әкесі Нұртай Ұлы Отан соғысының ардагері. Есейе келе, ол адам жанының арашашысы болуды алдына мақсат етіп, Қарағанды мемлекеттік медициналық институтында білім алды. Дәрігер атанған соң кейін атаулы оқу орнында аспирант болып, 1978 жылы кандидаттық диссертация қорғады. Бір кездері өзіне қолдау көрсеткен Мерсаид Мерахимов, Санжар Данияров сынды академиктердің қамқорлығын әлі күнге дейін үлкен ризашылықпен еске алып, айтып отырады.
Көзі ашық, көкірегі ояу Жанбатыр Нұртайұлы алға қойған ісін ешқашан аяқсыз қалдырған емес. тапсырманы мұқият, жауапкершілікпен орындайтын маманның жұмысы көптің көзіне түсіп, ол 1980 жылы КСРО ІІМ-нің Бүкілресейлік ғылыми-зерттеу институтына қарасты қылмыспен күрес зертханасына басшылық қызметке тағайындалды.
Қай ортада еңбек етсе де, ұжымның құрметіне бөленген ол әріптестеріне үлгі бола білді. Жастарға ақыл-кеңес айтудан да ешқашан жалыққан емес. Кейінгі жылдары Петропавлдағы медициналық колледждің тізгінін ұстап, облыстық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары сияқты бірқатар лауазымды қызметті абыроймен атқарды. Ал ғылым саласына оның сіңірген еңбегі зор. Еселі еңбек те ескерусіз қалған жоқ. Медицина ғылымдарының докторы, профессор Жанбатыр Сартаев “Ave Vitae” халықаралық орденімен марапатталып, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Жарлығымен “Ерен еңбегі үшін” медаліне ие болды. “Алтын дәрігер” атағын алған оның басқа да жетістіктері аз емес. Бірқатар министрліктердің Алғыс хаттары да шаңырағының төрінде тұр. Оған 2006 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі атынан профессор атағы берілді.
Зейнетке шықса да, жұмыстан қолы қалт еткен жоқ. Өйткені, көргені көп, көкейге түйгені мол азаматтың жастарға айтары аз емес. Білім мен ғылым жолынан алшақтап кете алмаған ол 2015 жылдан бері Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Әскери институтында аға ғылыми қызметкер. Бүгінде ол әскери психология және педагогика кафедрасының профессоры.
Курсанттар әрдайым ұстаздың сабағына ерекше құлшыныспен қатысады. Жаңашылдыққа құштар, өмірге көзқарасы өзгеше, жан дүниесі бай Жанбатыр Нұртайұлы институтта тәрбие жұмысына да атсалысуда. Соңғы жылдары профессордың жетекшілік етуімен курсанттар ғылыми жұмыстар жазуға ден қойғанын айтып өткен жөн.
Ол бірнеше мәрте республикалық және халықаралық ғылыми съездер мен конференцияларға қатысып, баяндама жасады. Оның 750-ден астам ғылыми мақаласы, 100 шақты оқу әдістемелік жұмысы, 12 монографиясы жарыққа шықты.
Бүгінде жетпістің төріне шыққан Жанбатыр Нұртайұлы атақ-абыройына, жеткен жетістігіне тоқмейілсімейді. Әрқашан ізденіс үстінде жүретін ұстаздың Мәскеу қаласында В.П Сербский атындағы сот психиатриясында біліктілік курсынан өткенін айтып өткен жан.
Ұзақ еңбек жолында бір ғылым докторын, бес ғылым кандидатын тәрбиелеген ардақты ұстаз әлі де ғылым саласында жемісті еңбек етуде. Көпке үлгі бола білген азаматты Әскери институт басшылығы да ерекше құрметтейді. Әріптестері де мақтан етеді.
Мөлдір БОПАШЕВА,
Қазақстан Республикасы
Ұлттық ұлан
Әскери институтының
баспасөз хатшысы.